Аталған жоспарға сәйкес, биыл қалада көптеген спорттық іс-шара өткізу көзделіп отыр. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 38,9%-ға артық. Қазіргі таңда 40-тан астам жарыс ұйымдастырылып үлгерді. Олардың қатарында баскетболдан әуесқойлар лигасы, футзал жарыстары, сондай-ақ «Наурыз» мерекесіне арналған қазақ күресі, қол күресі, гір көтеру және асық ату турнирлері бар.
- Алдағы уақытта да бірқатар ірі спорттық жобалар жүзеге асырылады. Атап айтқанда, баскетбол және волейболдан көп кезеңді әуесқойлар лигасы, шағын футбол жарыстары, «Семей батыры» күштік экстрим турнирі, сондай-ақ қала күні мен ҚР Спорт күніне арналған бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандар, мемлекеттік қызметшілер, студенттер мен мұғалімдер арасында спартакиадалар ұйымдастырылады, - деді Қуат Исажанов.
Бұдан бөлек, қала тұрғындарын спортқа кеңінен тарту мақсатында «Баршаға арналған спорт» жобасы жалғасады. Жоба аясында мамыр-қыркүйек айлары аралығында қаладағы ашық алаңдарда 10 спорт түрі бойынша 100 тегін жаттығулар өткізіледі.
- Қалада спорт инфрақұрылымын дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Биыл бірқатар жаңа спорт нысандарын пайдалануға беру жоспарланған. Нәтижесінде спорт ғимараттарының саны 81-ге, ал спорт залдарының саны 128-ге дейін артады. Сонымен қатар, 2026 жылға қарай қала тұрғындарының дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысу көрсеткішін 44,3 % -ға жеткізу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 42 %- ды құрайды, - деп қорытындылады спикер.