
Сән көрсетілімі қазақтың дәстүрлі киім үлгілерін қазіргі заман талабына сай жаңғыртуға бағытталған. Жобаға Қазақстанның Қарағанды, Астана, Алматы және Өскемен қалаларынан келген жас дизайнерлер қатысты. Олар маталар мен ою-өрнектер арқылы Абайдың рухани мұрасын жаңа қырынан танытуды мақсат етті.
«Абай - шабыт көзі», «Қазақи стиль заманауи үлгіде», «Мұра - болашаққа жол» атты үш бөлімнен тұратын көрсетілімде ұлттық нақыш пен қазіргі сән үрдістері сәтті үйлестірілді. Қырғызстаннан арнайы келген дизайнерлер де жастарға арналған заманауи топтамаларын ұсынды.
— Қазіргі таңда жастар ұлттық киімге ерекше ықылас танытып келеді. Бұл тек сән үрдісі емес, ұрпақ санасындағы рухани серпіліс. «Абай рухы» жобасы осы бетбұрыстың көрінісі, - деді жобаның ұйымдастырушысы Ботагөз Нұржанқызы.