USD521.57EUR601.01RUB6.65

Семейлік зияткерлердің Қостанайдағы зерттеу сапары сәтті аяқталды

19 маусым 2025, 15:13
9–13 маусым аралығында Қостанай қаласында дәстүрлі «Туған елге тағзым – 2025» республикалық өлкетанулық-зерттеу экспедициясы өтті. Жобаға Семей, Ақтөбе және Шымкент қалаларындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 7 және 9-сынып оқушылары қатысты.
Семейлік зияткерлердің Қостанайдағы зерттеу сапары сәтті аяқталды

Абай елінен бұл сапарға жыл бойы белсенділігімен көзге түскен «Жеті шатыр» шаңырағының 24 оқушысы аттанып, бес күн бойы Қостанай өңірінің тарихы, мәдениеті, өндірісі мен ғылымына терең бойлады.

Экспедиция Тобыл-Торғай өлкесінің киелі орындарын аралаудан басталды. Алғашқы күні оқушылар Ыбырай Алтынсарин атындағы облыстық мемориалдық мұражай мен кесенеге барып, ұлы ағартушының өмірі мен еңбегіне қатысты тың деректермен танысты. Сондай-ақ, Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында болашақ тәртіп сақшыларының оқу процесімен танысты. Күн соңында қатысушылар «Большевик» тігін фабрикасына  экскурсия жасады.

Келесі күні сапар Рудный қаласында жалғасты. Қатысушылар алдымен «ССКӨБ» АҚ-да темір кенін өндіру үдерісімен танысып, кейін «Жас қанат – 2006» құс фабрикасында азық-түлік өндірісінің заманауи тәсілдерін көрді. Рудный индустриялық институтында техникалық білім беру жүйесімен танысқан оқушылар күн соңында қалалық өлкетану музейіне барып, өңір тарихына шолу жасады.

Үшінші күні оқушыларымыз оқушыларымыз «Қостанай диірмен комбинатының» жұмыс барысымен танысып, ТМД-дағы ең ірі макарон өндірушілердің бестігіне кіретін ұн өндіруші кәсіпорынның өндіріс үдерісін көрді. Кейін «СарыарқаАвтопром» автомобиль зауытына ат басын бұрып, дәнекерлеу, бояу және көлік құрастыру сияқты негізгі өндірістік кезеңдермен танысты.

Төртінші күні экспедиция мүшелері Меңдіқара ауданындағы асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын «Қарқын» агрофирмасында болып, ауыл шаруашылығы өндірісінің қыр-сырына қанық болды. Осы күні қатысушылар табиғат аясындағы «Сосновый бор» демалыс орнында серуендеп, мектепішілік флешмоб ұйымдастырды.

Сапардың соңғы күні қатысушылар «Technopark KZ» ауылшаруашылық техникасын өндіру зауытында болып, жаңа үлгідегі технологияларды көрді. Кейін олар облыстық қазақ драма театры мен қуыршақ театрының қойылымдарын тамашалап, рухани әсер алды.

Зерттеу сапары барысында белсенділігімен ерекшеленген Семей қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебі «Үздік зерттеушілер» номинациясын иеленді. Бұл марапат – оқушылардың ізденімпаздығы мен зерттеушілік қабілетінің жемісі.

«Туған елге тағзым» жобасы 2012 жылдан бері «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ бастамасымен жүзеге асып келеді. Экспедиция жас буынды туған өлкенің тарихына, мәдениетіне, табиғи және өндірістік ерекшеліктеріне терең үңілуге баули отырып, отансүйгіштік пен жауапкершілікке тәрбиелеуді көздейді.

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2025
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar