Отбасы – табиғат сыйлаған кереметтердің бірі. Жеке адамның бойындағы ар-ұятын, ақыл-ойын, адамгершілігін, мәдениеттілігін тәрбиелеуде отбасы – алғашқы қадам. Отбасы – өте қажетті, еш нәрсемен өзгертуге болмайтын баспалдақ.
15 мамыр Отбасы күніне орай Семей қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен Жамақаев көшесі бойында орналасқан аллеяда Халықаралық Отбасы күніне орай ұйымдастырылған мәдени іс-шара аталып өтті. Қызыққа толы отбасылық спорттық ойындармен қатар жас отбасылардың заңды некесі қиылып, махаббат пен жылулыққа толы отбасылық «Жұлдызды жұп» байқауы өтті.
Ең алдымен іс-шараны неке қию рәсімімен бастады. Отау тігетін екі жастың одағын бекіту дәстүрі - неке қию. Жаңа отаудың іргетасы қаланып, дүниеге жаңа отбасы келді. Бұл неке қию рәсіміне 2 жұп қатысып, некелерін қиып, екі жасты отбасы екенін білдіретін неке жүзіктерін тағып, махаббаттың символына айналған көгершін құстарын ұшырды.
«Жұлдызды жұп» байқауы да өтті. Бұл байқауда әр отбасы өз өнерлерін паш етіп, түрлі номинацияларға ие болды. Әр отбасыға жүлделі қор 50000 теңгеден берілді. « Әні мен сәні жарасқан жұп» номинациясымен Сейлхановтар жанұясы, «Өнерлі жұп» номинациясымен өздерінің кішкентай ғана ханшайымдарымен келіп Рахимовтар жанұясы, «Қылықты жұп» номинациясымен ағасы Мақсат және қарындасы Динара жұбы, «Жарасымды жұп» номинациясымен Жолжігітевтер отбасылық дуэті, «Лирикалық жұп» номинациясымен Шапатовтар отбасылық дуэті, дәл осындай номинациямен Сләмқұловтар жанұялары марапатталды. Сонымен қатар М. Төлебаев атындағы музыкалық училищенің жалынды жастары да өз өнерлерін көрсетті.
Және де отбасы мерекесіне орай өткізілген іс-шарада салауатты өмір салтын ұстану мақсатында отбасылар арасында спорттық эстафеталық жарыс өтті. Спорт – денсаулық кепілі. Спорттың адам өмірінде алатын орны зор екендігін бәріміз білеміз. Спортпен айналысқан адамның денсаулығы мықты, өзі шыдамды болады. Біздің ата-бабаларымыз “тәні саудың – жаны сау” - деп бекер айтпаған. Спорттың қай түрімен айналысу адамның қабілетіне байланысты болады. Спорт қай жағынан болмасын адамды зеректікке, шапшаңдыққа үйретеді. Отбасылар эстафеталық жарыста өз өнерлерін көрсетіп, спорттық сайыс жоғары деңгейде өтті.
Сонымен қатар ұрпақ сабақтастығын дәріптейтін «Аналар, әжелер мен немерелер» атты көрініс байқауы, тақырыптық суреттер көрмесі де өтті. Сурет көрмесіне қаламыздың өнерлі жастары қатысты. Сурет көрмесінің негізгі мақсаты балалалардың отбасына деген мейірімін, махаббатын, бақытты сәттерін өздерінің салған суреттері арқылы жеткізу болды.
Отбасы - бұл өзара махаббат пен құрметке негізделген қарым-қатынастар жиынтығы. Бұл құндылықтар әрбір отбасы мүшесінің жеке өсуіне және дамуына ықпал етеді. Отбасылық қарым-қатынастар адамның өміріндегі ең маңызды аспектілерінің бірі болып табылады және қоғамның тұрақтылығы мен дамуына үлес қосады. Отбасы - бұл тек қана біздің жеке өміріміздің бір бөлігі ғана емес, сонымен қатар біздің қоғамымыздың және мемлекетіміздің өркендеуінің негізі.