USD474.83EUR515.38RUB5.5

«Музей түні» акциясы өтті

22 мамыр 2024, 15:45
Жыл сайын 18 мамырда Халықаралық музей күніне орай «Музей түні» акциясы өтеді. Бұл күні мәдениет орындарында тақырыптық көрмелер, экскурсиялар, дәрістер және тағы басқа іс-шаралар ұйымдастырылады. «Музей түнінде» музейлердің есігі баршаға ашық, яғни кез келген адам тегін кіре алады. Семей қаласында акция қалай өтті?
«Музей түні» акциясы өтті

Ф.М. Достоевскийдің әдеби-мемориалдық музейі

Ф.М. Достоевскийдің әдеби-мемориалдық музейінде «Музей түні» халықаралық акциясы өтті. Биылғы жылы «Музей түні» акциясы А.С. Пушкиннің туғанына 225 жыл толу аясында өтті. Орловтар студиясының Models модельдік агенттігінің дефиле көрсетілімі ашылды. «Керемет сәт есімде...» көрмесінің ашылуы өтті. Көрме А.С. Пушкиннің шығармаларын қазақ тіліне аударумен таныстырады. Достоевский Пушкиннің есімін көкке көтеріп, сонымен қатар, ақын Қазақстанмен екі мәдениетті ‒ қазақ пен орысты мықтап байланыстырған еді. Ф.М. Достоевскийдің музейі «Магия цвета» студиясымен бірлесіп, аймақ тарихындағы нақты оқиғаларға арналған «Біріншілердің аймағы» балалар суреттерінің тақырыптық көрмесін ұйымдастырды. Семей және Абай облысы – ел тарихындағы көптеген маңызды оқиғалар мен құбылыстардың отаны.Ал «Ерекше шәйнектер» көрмесінде хош иісті сусын дайындауға арналған әртүрлі ыдыстар – ақ шәйнек және су қайнататын шәйнектері, фарфор және керамика, кішіректеу және үлкені қойылды. Көрме әженің үйіндегі жайлы атмосфераны және балалық шаққа деген сағыныш сезімін тудырады. Сондай-ақ, музейде «Біздің әлем – жас раушан аллеясы...» атты әдеби-поэтикалық кеш өтті. №1 ЖОББМ оныншы сынып оқушылары орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ольга Михееваның жетекшілігімен музей қонақтарына барлық уақытта көптеген өнер шеберлері өз шығармаларында жарқын және хош иісті гүлдер әлеміне бет бұрғанын айтты. Поэтикалық композицияның негізі ретінде Новосибирск қаласының құрметті мәдениет қызметкері Наталья Левченконың сценарийі алынды.Қонақтардың назарына Л. Хамиди атындағы №1 Балалар музыка мектебі оқушыларының классикалық музыка концерті ұсынылды.

Тарихи-өлкетану музейі

Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Музей түні» акциясы аясында «Шаңырақ» отбасылық клубының ашылуы өтті.Клуб мақсаты - отбасылық құндылықтарды дамыту, ата-ана мен баланың музей кеңістігін еркін пайдалануына мүмкіндік жасап, балаларға туған өлке тарихы мен мәдениеті туралы білім беру, ересектер мен балаларға демалыс күндерін ұтымды пайдалануға жол ашу. Клуб міндеттері: отбасылық топтардың бос уақытын музей кеңістігімен байланыстыру, тұрғындарға музей мәдениетін насихаттау. Қызмет түрлері:                                                                                                                                 

- тақырыптық және театрландырылған экскурсиялар;

- танымдық дәрістер;

- өлкетану сабақтары;

- шеберлік сабақтар;

Құттықтау сөзімен Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Н.Идрисова, музей директоры Қ.Сабырбаев, музей саласының ардагері әрі музей жанашыры З.Оразалина «Шаңырақ» клубының өскелең ұрпақтың рухани дамуына қосатын үлесін атап өтті. Шара барысында «Тамаша» шығармашылық мектебінің «Астра» тобы «Шаттанамын» биін, жас қобызшы М.Манарбек халық күйін, А.Жеңісқызы мен М.Сергей «Апатайым» әнін орындады. «Шаңырақ» клубы аясында «Ат әбзелдері» тақырыбында танымдық дәріс өтті. Келушілерге жылқыны қолға үйрету тарихы және осы тақырыппен тікелей байланысты ат әбзелдері жайлы егжей-тегжейлі түсіндірілді. Есен-саулығын «Мал-жан аман ба» деп бастайтын қазақ үшін төрт түліктің, оның ішінде жылқының рөлі ерекше. Сол себепті тірлігі малмен біте қайнасқан қазақ үшін жылқының эволюция тарихы мен оны қолға үйрету кезінде пайда болған ат әбзелдерін білу үлкен парыз. «Жер-су» өлкетану клубының мүшелері іздеу жұмыстарын жүргізіп, оның барысында фильмоскоптар мен диапроекторлар – бір кездері мектепте, кәсіптік-техникалық, тіпті жоғары білім беруде кеңінен қолданылған жарық-техникалық аспаптар жиналды. Бұл жиналған материалдың бір бөлігі клуб мүшелері не істейтінінің үлгісі ретінде ұсынылған. Проекция техникасы ХХ ғасырдың екінші жартысында кеңінен қолданылды және әр мектепте болды. Оқушылар материалды экранға проекцияланған диафильмдердің көмегімен көрнекі түрде игере алды. Көрме әрбір келушінің көңілінен шықты. «Музей түні» мерекелік акциясы аясында «Табиғат сыры» викториналық ойыны ұйымдастырылды. Мақсаты – табиғаттың адам өміріндегі ерекше рөлін насихаттай отырып, жас ұрпақты туған өлкенің табиғатын қорғауға, сақтауға баулу. Іс-шараға №25 және №3 мектеп оқушылары қатысып, табиғат тақырыбында әртүрлі сұрақтарға жауап берді. Ойын барысында табиғатты аялаудың мәселелері көтерілді. Табиғат жайлы өнегелі сөздер, мақалдар, жұмбақтар айтылды.                                               

Сонымен қатар, оқушыларға Семей өңіріндегі сулы аймақтар және «Қызыл кітапқа» енген аң-құстар туралы мәліметтер берілді. Болашақ жас ұрпақ – табиғат қорғаны. Атадан балаға мирас болып келе жатқан табиғатымызды көздің қарашығындай сақтап, анамыздай аялап келер ұрпаққа таза күйінде қалдыруымыз керек. Табиғат – адамның бойына қуат, көңіліне шабыт, сезіміне ләззат шапағатын ұялататын сұлулық пен әсемдік әлемі.

«Музей түні» мерекелік бағдарламасының маңызды сәттерінің бірі – суретші А.Г. Гореловтың ежелгі Дубығалы өркениетіне арналған «Шабыт шартарабы» атты жеке көрмесінің ашылуы болды. Александр Григорьевич Горелов 1946 жылы Новосибирскіде дүниеге келген. Суретші он алты жасынан бастап картиналарын көрмелерге қоя бастады. Ресей, Қырғызстан, Алматы театрларында қоюшы-суретші болып жұмыс істеді. 1981 жылы Семейге көшіп келген соң Ф.М. Достоевский атындағы орыс драма театрында қоюшы-суретші болып жұмыс істеді. Суретшінің шығармашылық бүркеншік аты - Григорич. Көрмеде акрилді кескіндеме техникасында орындалған суретшінің қырық картинасы бар. Картиналардың негізгі бөлігі ежелгі Дубығалы өркениетіне арналған. Суреттердің екінші бөлігі - Абай облысының табиғаты. Суреттерде сіз қаланың әр тұрғынына белгілі жерлерді көре аласыз. Картиналардың авторына Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат басқармасының алғыс хаты және естелік сыйлық табыс етілді. «Музей түні» дәстүрлі іс-шарасында «Музейге сый» акциясы өтті. Биыл музей қоры тағы бір ерекше жәдігермен толықтырылды, ол 1905 жылғы Тула самаурыны. Самаурынды музейге Ермек Бейсембаев сыйға тартты, ол тарихшы, өлкетанушы, меценат, коллекционер, кәсіпкер болған әкесі Айтқали Қыстаубаев Бейсембайұлынан қалған екен. Айтқали Бейсембайұлы 1954 жылы 4 маусымда Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Мыңбұлақ ауылында дүниеге келген. Жалпы орта білімді Мыңбұлақ, Семей мектептерінде алған. Крупская атындағы Семей педагогикалық институтын Тарих мамандығы бойынша бітірген. Оның жеке коллекциясында антиквариат тобына жататын 2500-ге жуық әр түрлі экспонат бар. Оның коллекциясындағы бұл самаурын туған өлкенің тарихы тұрғысынан қарағанда ерекше құнды жәдігер болып саналды. Самаурынды Айтқали Бейсембайұлына туған күндерінің бірі құрметіне белгілі нумизмат Василий Хокряков сыйлаған екен, оның атасы Федор Плещеевтің жеке көмекшісі және орыс-қазақ тілмашы болған.                                                                                               

Семей қаласында Плещеевтер отбасы бүкіл Қазақстан мен Орта Азия аумағындағы ірі саудагерлер ретінде танымал болды. Плещеевтер отбасы Семей қаласының сауда, өнеркәсіптік және дамушы қала ретінде қалыптасуына өз үлесін қосты. Өкінішке қарай, Айтқали Бейсембайұлы 2021 жылы қайтыс болды, ал балалары мен немерелері ол кісінің коллекциясын мұқият сақтап отыр. Коллекционердің мұрагерлері оның 70 жылдығына орай Тула самаурынын Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейіне әкеліп, қалаға және оның тұрғындарына сыйлық ретінде тартты. Бұл музей жәдігері жоғары тарихи құндылыққа ие, сондықтан музей экспозициясында лайықты орын алатыны сөзсіз.

Абайдың әдеби-мемориалдық мұражайы

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығында 18 мамыр халықаралық музейлер күніне орай «Музей түні» шарасы аталып өтті. «Музей түні» шарасының салтанатты ашылуы рәсімінде Абай ауданының «Қаламқас» ән-би ансамблінің шығармашылық ұжымы өнер көрсетіп, музей меймандарын өз өнерлерімен тәнті етті. Шара аясында музей директоры Ұлан Сағадиев Абай мұрасын насихаттауға үлес қосып жүрген Абай ауданы әкімдігіне алғысын жеткізіп, әрдайым Абай музейімен шығармашылық байланыста қызмет етіп жүрген мәдениет және өнер мекемелерінің басшылары мен кәсіпкерлерді алғыс хаттармен және «Абай музейі» медалімен марапаттады. Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығындағы «Музей түні» шарасында музей қонақтары мен қаламыздағы өлең сүйер қауым үшін «Ашық микрофон алаңы» ұйымдастырылды. Аталған басқосуға қатысқан Шәкәрім университетінің студенттері мен музей меймандары өлең оқып, әдебиет пен мәдениет хақындағы ойларын ортаға салды. Алдағы уақытта Абай музейіне елімізге белгілі ақындар мен қаламызға танымал өнер иелері арнайы ат басын бұрып, өз өлеңдерін оқып, оқырмандармен қауышатын болады. «Музей түні» шарасында қала тұрғындары мен Абай музейінің қонақтары үшін Абай мен Шәкәрім шығармашылығы жайында викторина өткізілді. Белсенділік танытып, білімімен көзге түскен көрермендер Абай музейі ұсынған бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, осыған дейін өткізілген «Менің Абайым» конкурсының жеңімпаздарына да бағалы сыйлықтар табысталды.                                                                                                 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығында 18-мамыр халықаралық музейлер күніне орай қазақ тарихында елеулі із қалдырған көрнекті тарихи тұлға, аға сұлтан, би, қоғам қайраткері Құнанбай Өскенбайұлының 220 жылдығына арналған «Алашқа даңқы шыққан Ер Құнанбай» көрмесінің таныстырылымы өтті. Көрменің ашылуында Абай ауданының «Қаламқас» ән-би ансамблінің дәстүрлі әншісі, Мәдениет саласының үздігі Қ.Байдашев ақын Т.Жанғалиевтің сөзіне жазылған, К.Назарбектің «Құнанбай» әнін орындады. Көрмеге Семей қаласының зиялы қауым өкілдері және мәдениет мекемелерінің қызметкерлері, оқу орындарының студенттері мен оқытушылары, қатысып, архив деректерімен танысты. Абай музейіндегі «Музей түні» шарасында музейдің ең кішкентай қонақтары да назардан тыс қалған жоқ. Абай шаңырағындағы балалар бөлмесінде қылығы тәтті көрермендер сурет салып, ән айтып, өз өнерлерін көрсетті. Оларға тәттілер ұсынылып, сый-сияпат көрсетілді. Абайды тануға, көпті білуге құштар балаларға арналған шараның өз мақсатына жеткені көңіл қуантады. Осылайша, музей түні өзіміздің кім екенімізді тағы бір рет еске салды.

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

19 шілде 2024, 23:40
ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar