
Жиын қалалық полиция басқармасының басшысы Қайрат Әбдіғалиев интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл бойынша атқарылған жұмыстар бойынша баяндама берді.
«Өкінішке орай, киберқылмыс, оның ішінде интернет-пайдаланушыларға қатысты алаяқтық жағдайлары жиілеп кетті. Біздің облыста 2023 жылы іске қосылған «киберпол» пилоттық жобасы өз жұмысын атқаруда. Үш өңірде қылмыстық істерді сапалы тергеу үшін арнайы жедел-тергеу топтары құрылды. Олардың көмегімен инстаграм әлеуметтік желісіндегі аккаунттарға мониторинг жүргізіліп, 21 сайт пен мобильді қосымшалардағы 23 жалған хабарландырулар бұғатталды. ІІМ-нің киберқылмысқа, оның ішінде 2023-2025 жылдарға арналған телефон және интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі бағдарламасының тармақтарын орындау шеңберінде осы санаттағы қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша іс-шаралары жүргізілуде»,- деді Қайрат Әбдіғалиев.
Айта кетейік, 2023 жылы Семей қаласының 800-ге жуық тұрғыны интернет-алаяқтардың құрбаны болып, оларға 127 миллион теңгеден астам қаражат аударған. Жиын қорытындысы бойынша Нұрбол Нұрсағатов қалалық әкімдіктің бөлім басшыларына хаттама негізінде тапсырмалар берді.
Семей қаласында 1-12 ақпан күндері полиция басқармасының ұйымдастыруымен жедел-профилактикалық іс-шара бастау алады. Барлық қала тұрғындарына алаяқтың арбауына түсіп қалмауларын сұраймыз.