USD514.65EUR544.6RUB5.17

Әскери қызметші тұрғындарды өрттен құтқарды

17 қараша 2023, 14:24
Семейде әскери қызметші тұрғындарды өрттен құтқарып қалды. Оқиға 11 қарашада сағат 00:30 шамасында орын алған болатын. Өрт Герцен көшесі 67 мекенжайында орналасқан екі қабатты ағаш үйдің екінші қабатынан шыққан. Осы мезетте әскери қызметші Самат Макенов жұбайымен аталмыш ауданда орналасқан кинотеатрлардың бірінен шығып келе жатқан. Олар жалын шарпыған үйді байқап, бірден үйдегі адамдарға көмек беруге кіріседі.
Әскери қызметші тұрғындарды өрттен құтқарды

Самат әйелін жедел жәрдем мен өрт сөндірушілерді шақыруға қалдырып, өзі түтінге тұншыққан тұрғындарға көмекке жүгіреді. Дереу көк түтін мен жалын шарпыған дәлізде жүгіріп жүріп тұрғындардың есігін қағып, шырт ұйқыда жатқандарды оятады. Уақыт өткізбей, дереу қимылдаған ол өрт сөндірушілерді күтпестен, тұрғындарды далаға шығартып үлгереді.

Шарпыған жалын мен көз аштырмайтын түтін, оның үстіне жарқылдап жанған электр тоғы Саматқа ғимаратта еркін жүруге мүмкіндік бермеді. Ол дереу далаға шығып, пәтері жалынның ортасында қалған қарт әжені терезе арқылы шығарып алады. Осы кезде оқиға орнына біраз адам жиналып қалған еді. Кейін әскери азамат тағы бір пәтердің терезесінен жылаған баланың дауысын естіп, екінші қабатқа шықпақ болғанда қолын жарақаттап алады. Сонда да оған қарамаған әскери азамат өрт шарпыған пәтерден жас бала мен ата-анасын жиналғандармен жабылып жүріп шығарып алады. Абырой болғанда, өрт сөндірушілер келісімен өрттің алды алынды.

Самат қарапайымдылық танытып, өз ісін ерлікке баламайды. Оның дер кезіндегі көмегі арқасында тұрғындар өрттен аман қалды. 

Айта кетейік, Абай облысы, Көкпекті ауданы, Луговой ауылында туып-өскен Самат Макенов мектеп бітірген соң Семей мемлекеттік педагогика университетінің дене-шынықтыру және спорт мамандығын алып шығады. Оқу орнын тәмамдағаннан кейін біраз жаттақтырушы болып жұмыс жасайды, кейін отан алдындағы борышын өтеп келеді. Самат Таэквон-до спорты бойынша Әлем және Казақстан Республикасы Кубогының бірнеше дүркін чемпионы. Қазір аға лейтенант шеніндегі Самат Макенов Өскемен гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде қызмет атқарады. Жұбайы екеуі Али атты ұл, Айлин атты қызын тәрбиелеп отыр.     

 

Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar