Айгүл Сембайқызы ауылда көп балалы отбасында дүниеге келген. Он баланың кенжесі. Әкесі Сембай көп жылдар ферма меңгерушісі қызметін атқарып, ауыл шаруашылығының дамуына бір кісідей еңбек сіңірген ардагер еді. Ал шешесі Нәзигүл үй шаруасында балалар тәрбиесімен айналысқан адам болатын.
Айгүл 1987 жылы Биғаш ауылындағы орта мектепті жақсы бітіреді. Осы кезде оның мамандық таңдауына туған апайы Әсияның да ықпалы болған еді. Кезінде педагогикалық институтты бітіріп, Семейдегі қаржы-экономикалық техникумында қазақ тілінен сабақ беретін Әсия Сембайқызы сіңілісіне өзі секілді педагогикалық жолды таңдап, алдымен қаладағы педучилищеге түсуге ақыл береді. Ол осы оқу орнының материалдық–техникалық базасының талапқа сай, оқушыларға жақсы білім, әрі дұрыс тәрбие беретін ұстаздар ұжымы қалыптасқанын, типтік үлгідегі жатақханасы барын айтады. Сонымен қатар педучилищеге аудандық білім беру мекемесінің көп балалы отбасыдан шыққан балаларға жолдамасы бары белгілі болады. Осы жағдайларды ескерген Айгүл педучилишенің "Мектепке дейінгі тәрбие" мамандығына оқуға түседі. 1989 жылы оны бітіріп, «Балалар бақшасының тәрбиешісі» біліктілігі бойынша диплом алып шығады. Жас маман Биғаш ауылындағы жаңа типте салынған балалар бақшасына тәрбиеші болып орналасады. Кейін Комсомол ауылындағы балалар бақшасына ауысып, 2002 жылға дейін еңбек еткен соң, осы жердегі Ленин атындағы сегізжылдық мектепке мектеп алды даярлық сыныбының мұғалімі болып орналасады. Тікелей бала тәрбиесінен ұстаздық жолға бет бұрған жас білімін әрі қарай жетілдіру қажеттілігін түсініп Семейдегі М.Әуезов атындағы университетке түсіп, 2007 жылы «тарих және география» пәнінің мұғалімі дипломын алады.
2013 жылы Семейге қоныс аударып, алдымен № 40 мектептің мектеп алды даярлық сыныбының мұғалімі, 2017 жылдан бүгінге дейін № 44 мектептің мектеп алды даярлық сыныбының мұғалімі әрі оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқаруда.
Айгүл Сембайқызы – кәсіби шыңдалған, сыни ойлау өресі жоғары маман, шығармашыл, жаңашыл ұстаз. Оқытушы білім алушылардың кәсіби құзырлығы мен жалпы дамуын заманауи технология стратегияларын қолдана отырып оқытады. Ы.Алтынсарин: «Ұстаз – мектептің жүрегі» дегендей, Айгүл ұстаз талмай ізденіп, бойындағы бар білімін, шуағы мен шапағатын шәкірттеріне бере отырып, әр күнін шығармашылық ізденіспен толтырады деуге болады. Өзінің еңбек жолында ұжым мүшелерімен де, білім алушылармен де етене араласып, сапалы білім мен саналы тәрбие беруде. Пән бірлестігі отырысында оқылған баяндамалары, өткізген ашық сабақтары, ашық тәрбие сағаттары, іс-тәжірибедегі ашық көрсетпе сабақтары әріптестері тарапынан жоғары бағаланады.
- Менің мектептегі негізгі жүктемем - мектеп алды даярлық сыныбының мұғалімі. Қазір бізде 5 топ бар. Соның 4 тобы қазақ тілінде білім алуда. Мен орыс тобында: сауат ашу, математика, қазақ тілі, тіл дамыту, қоршаған орта, сурет, дене шынықтыру сабақтарын жүргіземін. 5-6 жастағы балалардың көпшілігі «әліпті таяқ» деп танитындар, сондықтан біздің жүгіміз ауырлау, оларға алғаш әріп таныту, қолына қалам ұстату, одан қалды қалай партаға отырып-тұру, келіп-кетуге үйрету машақаты бар. Біздің басты міндет – бірінші сыныпқа баратын баланы жақсылап даярлықтын өткізіп беру. Жалпы, бастауыш білім бұлағының негізі болса, біздің сыныптар білім әлемінің алғашқы баспалдағы іспеттес. Сондықтан, біз, бұл жауапкершілікті жақсы сезініп, қызметімізді адал атқаруға тырысамыз, - дейді Айгүл Сембайқызы.
Жас ұрпаққа саналы тәрбие мен сапалы білім беруде жан аямай еңбек етіп, өз үлесін қосып жүрген ұстаздың жетістіктерін ұсынсақ : Еліміздің білімді азаматтарын оқыту мен тәрбиелеу жолындағы сіңірген еңбегі үшін "Абай облысының білім басқармасы" мемлекеттік мекемесінің құрмет грамотасымен марапатталған. "Мерейлі ұстаз" бейнесі - "Толық адам" ілімі негізінде" тақырыбындағы I форумында іс-тәжірибесін таратқаны үшін сертификат алған. Сондай-ақ, "Пони" (Пайымда! Ойла! Нәтижеде! Игер!) Халықаралық байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін сапалы дайындағаны үшін диплом иеленген. "ХХI ғасырдағы ақпарат кеңістігінде дарынды және талантты тұлғалардың өз орнын табуы" және "ХХI ғасырдағы мамандыққа бейімделу және олардың қызметтік өсуі" атты халықаралық ғылыми конференцияға ғылыми-әдістемелік еңбек жариялағаны үшін 2 дәрежелі дипломмен марапатталған. Сонымен бірге, сайлау аясында "Аманат" партиясының жүргізген үгіт-насихат жұмыстарына белсенді қатысқаны үшін "Аманат" партиясының Абай облыстық филиалының Төрағасы Қ.Сүлейменовтың алғыс хатын алған.
Айгүл Сембайқызы – іс-тәжірбие алмасу мақсатында түрлі деңгейде өткізілетін семинар, конференцияларға қатысып отырады. Іс-тәжірбие тарату мақсатында сабақ үлгілері облыстық, республикалық баспасөз беттерінде, әдістемелік жинақтарда, түрлі сайттарда жарияланған. Еңбекте өте талапшыл, жұмысына адал, ұжым алдында абыройлы. Оқушылары қалалық, облыстық, республикалық сайыстарда жүлделі орындарға ие болып келеді. Сондай-ақ, жас жеткіншектерді білімге баулумен қатар рухани өрлеуге, адамгершілікке де жетелеп, сын тұрғысынан ойлай алатын, кез келген тығырықтан шығудың адал жолын таба білетін оқушыларды тәрбиелеуде. Шәкірт жүрегіне жол таба білген ұстаз оқушы мен ұстаз арасының, ұстаз бен ата-ана арасының тығыз байланысын дамытуға, оқу ісінің меңгерушісі ретінде жоғары сынып оқушыларының өз икеміне қарай мамандық таңдап, өмірден орын табуына зор үлес қосып келеді.
Ұстаз - болашақтың алтын көпірі. Ұрпақтың ұлы болуы, заман талабымен білім арнасына қосылып, өмір белесін бағындыру - тікелей ұлағатты ұстазбен ұштасып сабақтасатыны хақ. Осындай ұлы қызмет атқарып жүрген ұстаздардың бірі - Айгүл Сембайқызының еңбегі бұл мақала парағына сыя қоймасы анық.
Осы тұста Абайдың: “Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға”,- деген өлең жолдары еріксіз ойға оралады. Егер әр шәкірт өмірде бір кірпіш болып қаланып, ұстаздан шәкірт озып жатса, төккен тер мен адал еңбектің ақталғаны емес пе ?! Ендеше, жаңашыл ұстаз болудан жалықпай, әр уақытта шәкірттерімізге білім беруден шаршамай, еңбек ете беріңіз демекпін.
P.S. Айгүл Сұлтанованың жұбайы Сәкеннің мамандығы да мұғалім. Қос ұстаз екі қыз тәрбиелеп, қазір немере қызығын көруде. Үлкені Дина «Тұран» университетін бітіріп, Алматыда «Отбасы» банкінің қызметкері, ал Әйгерімі Қазақ жол қатынастары университетінің түлегі.
Сымбат ҚАЙРАТҚЫЗЫ