USD491.7EUR531.28RUB5.07

Өрт сөндіру – өмірмен күрес

21 қыркүйек 2023, 10:05
Қай салада болмасын қызмет атқару барысында жұмыстың қызығы да шыжығы да болатыны белгілі. Десе де әр адам мамандық таңдау барысында өзінің неге бейім екенін біледі ғой. Сол үшін де біреу дәрігер болуды мақсат етсе, енді бірі мұғалімдік жолды таңдап, кейбірі тіпті өзінің жеке ісімен шұғылданғанды жөн санайды. Ал, енді біреулері қауіпті сала болса да өмірін сонымен байланыстырып, сол қызметте жүргенде ғана өзін жайлы сезінеді. Мысалы, бүкіл әлемді жаулаған пандемия кезеңінде біз дәрігер мамандардың еңбегінің оңай емес екендігін біршама түсініп қалдық десек те болады. Дегенмен, бұл түсінік уақытша ғана болмауы тиіс еді.
Өрт сөндіру – өмірмен күрес

Дәл сол тәрізді арада 15 адамның ажалына себеп болған алапат өрт туралы да айта кетпеске болмас. Себебі, дәл осы кезеңде осы уақытқа дейін көзге ілініп, еңбегі елене қоймаған өрт сөндірушілер жайлы да біршама біліп қалдық. Тіпті, олардың қызметінің әр минутының өзі қауіпке толы екенін түсіне бастадық. Ол жасырын дүние емес. Әр күні қалған қарапайым халықтың амандығын тілеп, жұмыла көтерген жүк жеңіл деп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білдік. Бұл да бір уақытша сынақ болды делік. Десе  де осы уақытта оқиға орнында болып, қызыл жалынның ыстық отымен күрескен өрт сөндірушілердің еңбегін ұмытып, елеусіз қалдыруға болмас. Үйде отырған ағайын-туыс, ата-ана, бала-шағасына қарамастан халық үшін отпен алысқан азаматтардың еңбегі қашанда зор. Осы орайда өрт сөндіру қызметін өзінің азаматтық әрі қызметтік борышы деп білетін батыр да қайсар Елдос Нұрдәулетұлы есімді азаматпен сұқбаттасудың реті келген еді. Соны сіздердің назарларыңызға ұсынамыз.   
Сәлеметсіз бе Елдос сізге қояр алғашқы сауалымыз, өрт сөндірушының негізгі міндеттері мен қағидалары қандай? 
-    Сәлеметсіздер. Біздің қызмет барысындағы ең алғашқы міндет десе де болады, ол қандай жағдай болмасын адам өмірін арашалап қалу деуге болады. Қызмет барысында түрлі оқиғаларға кезігіп жатамыз, тіпті өз өмірімізді де қауіпке тігуге тура келетін жайттар да орын алып жатады. Міне, сол кездердің өзінде де біздің ең бңрінші жұмысымыз ол адам өмірін аман алып қалу. Ал, қағидаларға келетін болсақ әр қызметкер кезекке түскен кезде техникалық жабдықтарды дұрыстап қабылдап алу керек. Ең маңыздысы да осы. Сондай-ақ, әр минут әр секунтта кез келген жағдайға дайын болу. Бір сөзбен айтқанда қызметтік жауапкершілікті жоғары қою. Әркез жан-жақты ізденісте болып, күн сайын даму.
Сіз үшін және басқа да қызметкерлер үшін өрт сөндіру барысындағы қауіпті аймақтарды атап өтсеңіз?
-    Біздің қызмет саласында қауіпсіздік бірінші орында. Дегенмен әр сәтте әр оқиға орнына барған кезде қандай жағдайға тап болатынымыз, жалынның қаншалықты қауіпті екенін көрмей оқиға орнына аттанудың өзі біз үшін үлкен қауіп, әрі қорқыныш десек те болады. Мысалы, жағдайды көзбен көрмей бару деген. Бізге қоңырау шалып үй жанып жатыр деуі мүмкін ия. Ал, онда яғни оқиға орнына барғанымызда ол өрт үдеп кеткен болса, біз күткендей жай ғана жалын болмаса міне соның өзі біз үшін қауіпті. Біз тек оқиға орнына барып, көзбен көрген жағдайда ғана шешім шығара аламыз. Алайда, бұл кездің өзінде жоғарыда айтып өткенімдей ең бірінші адам шығынын болдырмауға тырысу керек. Ол әрине, сөзбен айтқанға ғана жеңіл. Іс жүзінде әр минутымыз қауіпке толы. 
Адам өмірін аман алып қалу үшін қанша өрт сөндіруші өз өмірін қаіпке тікті. Тіпті, аман қалмағандары қаншама. Олардың да жақындары бр екенін ескерсек сіз үшін бұл қаншалықты дұрыс?
-    Қызмет барысында менің ойымша жапа шегуші болсын, қызметкер болсын ешқандай адам шығыны болмау керек. Жұмыс болғаннан кейін бізге берілген тапсырманы орындау міндетіміз. Десе де, өгіз өлмейтіндей, арба сынбайтындай болу керек деп білемін. Әрине, барлығының жақындары бар. Барлығы амандығын тілеп отырады. Сондықтан мен айтар едім барлығы тек бір Алланың қолында деп. Аллах қаламаса бір түп жусанда артық өспейді деп ойлаймын. Сол сияқты әр жұмыс күнімізді де жақсы дұғалармен бастаймыз.
Осы салаға қалай келдіңіз және қанша жыл қызметтесіз?
-    Бұл салаға келуімнің өзі жүрек қалауым десе болады. Мен жалпы қандай жағдай болмасын бір адамға болса да пайдам тисін деп жүретін пенделердің бірімін. Бала күнімнен арманым да осы. Ал, қызметке 2016 жылдың 5 қыркүйегінде келдім. Ең алғаш Бородулиха ауданынан қызмет жолын бастаған едім. Одан бері де біраз уақыт өтіпті. Талай оқиғаларға да куә болдым десем болады осы уақыт аралығында. Ең бастысы қызметтегі қырағылық болу керек. Мен осы саланы таңдағаныма еш өкінбеймін. Керісінше өзім армандағандай елге көмегім тиіп жатқанына қатты қуанамын. 
Туған өлкеңіз бен отбасыңыз жайлы айта кетсеңіз?
-    Мен Абай облысы Абай ауданында Медеу ауылында дүниеге келгенмін. Бұрын Молдағалиев деп аталған еді. Менің 4 жасқа дейінгі балалығым сол ауылда өткен. Әкем сол жердің тумасы. Біз кейінірек ол жерден көшіп кеттік. Жарма ауданына қарасты Суықбұлақ ауылына бардық. Қазіргі таңда ата-анам сол ауылда тұрады. Сол ауылда қызмет атқарады. Мен осы Семей қаласында қызметтемін. Алла қаласа 6 тамыз күні шаңырақ көтергелі жатырмын. Өмірлік жарыммен жаңа өмірге қадам басқалы жатырмын. Оқуды Алматы қаласынан бітіргенмін. 2010-14 жылдар аралығында Алматы қаласындағы Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық Университетінде білім алғанмын. 
Егер сізге мамандық таңдауға қайта мүмкіндік берсе, өзіңізді тағы қай бағытта көрсете алар едіңіз?
-    Бұл жайлы айта кетсем, осы жолы міне, тағы бір мамандықты игеріп шықтым. Екінші оқуды аяқтадым десем де болады. Қаламыздағы Әлихан Бөкейхан атындағы университетті Дене шынықтыру пәнінінң мұғалімі бойынша тәмамдадым. Сіз айтқандай сол екінш мүмкіндік берілсе осы мұғалімдік жолды қолға алар едім. Өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа дұрыс тәлім-тәрбие беруде өз үлесімді қоссам деймін. Сол саланы қолға алар едім.
Жақында ғана 15 адамның ажалына себеп болған Семей орманындағы өрт жайлы не айтар едіңіз. Есіңізде қалғаны не?
-    Бұл оқиға барша қазақ елінің де көршілес елдердің де есінде қалды деп ойлаймын. Кез келген адамның жанына қатты батқаны белгілі. Ұмыту оңай да емес. Ұмытылмақ емес. Қызметімнің тікелей қатысы болғандықтан бірінші болып өзім де осы ортада болдым. Көзбен көріп, қандай ауыр екенін сезіндім. 15 адамның өмірі деген ол қиын дүние. Барлығының соңында жақындары, отбасы, бала-шағасы қалды. Қанша адамның өмірі күрт өзгерді. Біреу асыраушысынан, біреу баласынан, біреу жарынан, біреу ата-анасынан айырылды. Бұл үлкен қайғылы оқиға. Біз барғанымызда оттың жалына 10-15 км жерден сезіліп тұрды. Ал, сол жалынның ортасында қалған адамдардың жағдайын тіпті де елестету мүмкін емес. Басқа қалалардан да қанша көмек келді. Солардың арқасында, бірлігіміздің арқасында жалынның алдын алдық деп ойлаймын. Енді бұл оқиға қайталанбасын деп тілеймін. 
Жұмыс тәртібі жайлы не айтар едіңіз, және қала бойынша қанша ӨСБ бар?
-    Бірінші айта кетер болсам біздің қаламызда барлығы 6 ӨСБ бар. Олар: Шығыс кентінде, Орталықта, Шугаев көшесінде, Цементшілер кентінде және 14 ықшамаудан мен Ет комбинаты ауданында орналасқан. Сондай-ақ, әр өрт сөндіру бөлімінің өзіндік шығу аймақтары бар. Мысалы әр қызмет уақытында 4 караул болады. Солар әрқайсысы өз аймақтарына жауап береді. Мысалы, Цементшілер кентінде өрт жағдайы орын алса, сол аймаққа жауап беретін қызметкерлер бірінші көмекке барады. Ал, үлкен сауда орындарында, үлкен ғимараттарда өрт қаупі орын алса, онда барлық бөлімшеден барып көмек көрсетуге тура келеді. Себебі, адам көп шоғырланатын орын болғандықтан адам шығынынының алдын-алу қажет. Ал, қызмет барысына келер болсақ біз бір тәулікке жұмыс ауысымын жасаймыз. Яғни, 24 сағат қызмет атқарамыз.  
Қызмет барысында есіңізде қалған ең ауыр сәт?
-    Әр өрт сөндіру ошағына барғанда жоғарыда айтып өткенімдей адам шығынын болдырмауға тырысамыз. Десе де, кей жағдайлардың алдын алу тым кеш  те  болып жатады. Міне, сол сәтте адам шығынын көзбен көру өте ауыр деп ойлаймын. Есімде қалған ең ауыр сәттердің бірі осыдан бір-екі жыл бұрын біздегі Физкультурный көшесіндегі пәтерлердің бірінің 6 қабатында орын алған өрт еді. Біз барған сәтте екі бала ас бөлмесінің терезесінен секіргелі тұр екен. Өйткені іштегі жалын қатты. Жан керек. Бірақ тез әрі жедел қимылдың арқасында арнайы автосатыны қойып аман қалған болатын. Егер санаулы минуттардай кешігетін болсақ бәлкім аман қалмас па еді. Сол балалар әлі күнге дейін алғыстарын айта
-    Ды. Сіздер болмағанда 6 қабаттан секіре салатын едік дейді. Біз әрі қарай іштегі басқа пәтерлердегі адамдарды құтқаруға жедел кірісіп кетттік. Сол сәтте менің алдымнан үсті-басы қанға малынған әйел адам кезікті. Сөйтсем ол кісі жаңағы екі баланың анасы екен. Күйік шалып қалған. Бір өкініштісі арада 14 күн өткеннен кейін ол кісі жан тапсырды. Содан кейін Дальный ауданына қарасты жеке меншік үйлердің бірінде де өрт оқиғасы орын алып, апа мен баланы алып шыққан едік. Бірақ апа толықтай жанып кеткен еді. Баласын да  күйік шалған. Олардың да өміріне араша бола алмай қалдық. Біз шақырған жерге тез жетуге тырысамыз. Бізге әр секунд маңызды. Алайда, кей жағдайларда бізге жол бермей қоятын жүргізушілер де бар. Сол сәл көңілге келеді екен. Міне, менің есімде қалған ең ауыр сәттер осы. Алдағы уақытта қайталанбас деп ойлаймын. 
Жақында ғана болған қызыл жалынның ешкімді бей-жай қалдырмағаны белгілі. Барлығымызды үлкен үрей билеп, әр күні алаңдаумен отырдық десек те болады. Ал, сол сәтте дәл сол жалынның жананда жүріп қанша күн далада қонып, қолына тиген асты алып, өз қызметтерін адал атқарып шыққан әр өрт сөндірушіге алғысымыз шексіз. Солардың бірі Нұртазаев Елдос Нұрдәулетұлы еді. Өрттің әр сәтінен әлеуметтік желі арқылы хабар таратып, қолынан келгенше халыққа шынайы ақпарат жеткізуге тырысты. Бұл да оның сегіз қырлы, бір сырлы азамат екенінің дәлелі. Алдағы уақытта жұмысыңызға тек табыс тілейміз. Көтергелі отырған шаңырағыңыз тек шаттық пен қуанышқа толы болсын демекпіз. Сіздей ұлды өсіріп, жеткізген, тәлім-тәрбие берген ата-анаңызға айтар алғысымыз шексіз. Әрдайым жолыңыз ашық болсын. 
Гүлім ЗАМАНБЕКҚЫЗЫ

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar