М.Измайловтың жары Қарлығаш Жұматайқызы 1963 жылы Стеклянка ауылында дүниеге келген. Педагог мамандығын меңгергенімен, қайын апасы мен жарының жұмысына деген сүйіспеншілігінің арқасында Қарлығаш Измайлова да қайта білім алып, осы салаға бет бұрды. 30 жыл бойы метеорология саласында, бір орталықта табан аудармай жұмыс істеген Қарлығаш Жұматайқызы 25 жылдан бері Жетіжар метеостансасының басшысы. Білікті маман, білгір басшы қазақ метреологиясының 100 жылдығына орай медальмен, құрмет грамотасымен марапатталды, осылайша мерейі өсе түсті. Дегенмен, халықтың алғысынан артық марапат жоқ екендігін жақсы түсінетін Қ.Измаилова үшін қызметінің өзгелер үшін пайдалы болуынан асқан қуаныш жоқ.
-Әрбір саланың қызығы мен қиыншылығы қатар жүреді. Біздің қызметіміз үлкен жауапкершілікті, шапшаңдықты талап етеді. Тәулігіне 8 рет ауа температурасын, ылғалдылығын, қыс кезінде қардың қалыңдығы мен түсу ерекшелігін бақылаймыз. Бұл ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы саласы үшін аса маңызды,- деп атап өтті кейіпкеріміз.
Қайрат пен Қарлығаш Измаиловтар ауылдағы үлгілі отбасылардың бірі. Қос метеоролог үш перзентке әлемнің жарығын сыйлады. Бүгінде балаларынан бес немере сүйіп отырған бақытты ата-әже.
1988 жылы өмірге келген қыздары Надия Измаилова да ата-анасының жолын жалғап, метеорология саласын таңдаған. Мәскеу қаласындағы гидрометеорологиялық колледжде білім алып, 15 жылдан бері мамандығы бойынша Жетіжар ауылында еңбек еткен ол қазіргі таңда Семей қаласындағы метеостанцияда жұмыс істейді.
Осылайша, ауылдың, ауданның қоғамдық өміріне белсене араласатын бұл отбасы ауылдастары алдында үлкен беделге ие. Мұның барлығы адал еңбектің өлшемі болса керек.
Әйгерім ЖАҚЫП