
«Осыдан біраз күн бұрын Абай облысында орын алған алапат өрт кезінде орманшыларда көлік болмады, бар болса да өте ескі дегенді естігеннен кейін Doscar компаниясының басшылығы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватына осы екі көлікті арнайы сыйлап отыр. JAK бренді – Қостанайдағы «Сарыарқа АвтоПром» автозауытында құрастырылған отандық өнім. Кез келген жерде жүруге мүмкіндігі бар жол таңдамайтын автокөлік. Көліктерді ұсынар алдында арнайы жабдықтадық. Қосымша күшейтілген домкраттары, күрегі бар. Алдын-ала «Семей орманы» мекемесімен байланысып, рациялардың жұмыс жиілігін, диапазондарын біліп, рациямен де қамтамасыз еттік»- дейді Doscar компаниясының Өскемен қаласы бойынша автосалондар директоры Мақсат Имбаев.
Өз кезегінде резерват басшысы Мұрат Қарымов қиын сәтте қолдау көрсетіп, үлкен көмек жасап жатқан компания басшылығына алғысын білдірді.