
Тарихи-танымдық іс-шараны "АМАNAT" партиясынан Абай облыстық мәслихат депутаты Шағангүл Жанаева ашып, сөз сөйледі.
- "АМАNAT" партиясында ел игілігі жолындағы бірқатар партиялық жобалар бар. Бұл жобалардың барлығы халыққа қызмет жасайтын, жастардың тәрбиесіне ықпал ететін бірден-бір тиімді жобалар. Сол жобалардың бірінде біз бас қосып отырмыз. Биылғы жыл еліміз үшін өткен жылдағылардай атаулы даталарға толы. Сол мерейтойларға арналған халқымыздың мерейін үстем ететін игілікті шаралар көп болады деген үміттеміз. Бүгінгі шарамыз осындай ірі тұлғаларымыздың бірі Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдығына арналып отыр, – деді Шағангүл Алдамжарқызы.
Партияның Абай облыстық филиалының атқарушы хатшысы Думанғазы Арғынғазин партиялық жобаның мақсаттары мен міндеттеріне тоқталып, мұндай шараларды өткізудің маңыздылығын атап өтті.
- "АМАNAT" партиясының ұлттық құндылықтарды дамыту бағытында өткізілетін партиялық іс-шараларды жүйелеу және біріздендіру мақсатында "Ұлттық мұра" партиялық жобасы 2019 жылдан бері іске асырылып келеді. "Ұлттық мұра" жобасының мақсаты – мәдениетімізді қалыптастыру, ұлттық тәрбиені арттыру. Қоғамдық дәріс түрінде өтіп жатқан іс-шара халқымыздың 1920-1930 жылдардағы қасірет тағдырынан сыр шертеді. Жас буынға осындай дәрістер өте қажет деп есептеймін, сондықтан мұндай шараларда белсенді болуға шақырамын! – деді Думанғазы Семейғазыұлы.
Жоба аясында жүргізілетін жұмыстардың форматтары әр түрлі. Қоғамдық дәрісті филология ғылымдарының кандидаты, "Абай және ұлттық руханият" ғылыми зерттеу орталығының жетекші ғылыми қызметкері Ақмарал Смағұлова жүргізді. Шара барысында Ақмарал Төлеуғазықызы Шәкәрім Құдайбердіұлы туралы тың деректер ұсынып, ақын мұралары жөнінде мазмұнды баяндамалар жасады. Дәрістен соң "AMANAT" партиясының "Ұлттық мұра" жобасы аясында осындай мазмұнды дәрістерді өзге колледж қабырғаларында да ұйымдастыру жоспарланып отырғаны айтылды. Сондай-ақ "Абайдың "Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы" қызметкерлері қатысушыларды "Шәкәрім әлемі" атты көрмемен таныстырды.