
Облыс әкімінің орынбасары Шалқар Байбеков облыс әкімі Нұрлан Ұранхаевтың атынан аймақ тұрғындарын және жиналғандарды мерекемен құттықтады.
– Сіздерді еліміздегі бейбітшілік пен келісімге, өзара сенімге, барша қазақстандықтарға құрмет көрсетуге арналған көктемнің алғашқы мерекесі – Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын! Жылдағы дәстүр бойынша біз 1 наурыз күні Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнін атап өтеміз. Алғыс айту күні – енді ғана қалыптасып келе жатқан жаңа мереке. Онда Қазақстанның біртұтас халқын құрайтын әрбір этностың мәдениеті мен рухани құндылықтары көрініс тапқан,- деді Шалқар Байбеков.

Әкімнің орынбасары әр сала мен кәсіпте адал еңбек етіп, еліміз мен облысымыздың дамуына үлес қосып жүрген барша азаматтарға алғысын білдірді. Түрлі кәсіп өкілдері мен этно-мәдени бірлестіктердің мүшелеріне Абай облысы әкімдігінің және Қазақстан халқы Ассамблеясының грамоталарын салтанатты түрде табыстады.

- Бүгін – келісім күні. Ал келісім мен бірлік – бүкіл қазақ халқының басты жетістігі әрі сыйы. Біздің ата-бабаларымыз болашақ ұрпақтың тату-тәтті өмір сүріп, тәуелсіз елде өсіп-өнуі үшін барлығын жасады. Абай облысы, Семей қаласы бүгінгі күні бір шаңырақ астында бірлікте өмір сүріп жатқан 130 этностың ортақ үйіне айналды. Соңғы онжылдықтарда біздің халқымыз қуғын-сүргін, жер аудару секілді көптеген қиын замандарды бастан өткерді. Бірақ олардың Қазақстандағы спорттың, ғылым мен әдебиеттің дамуына қосқан үлесі ұшан-теңіз. Олардың тарихы қазақ халқының тарихымен тығыз байланысты. Қазіргі күні Семейдегі барлық этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Бұл ретте Қазақстан халқы Ассамблеясының орны ерекше. Біз үшін бірлік пен келісімнің мәні зор,- деді Alikhan Bokeikhan University әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар кафедрасының меңгерушісі Аман Рахметуллин.

Сондай-ақ форумда «Жастар ассамблеясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің белсендісі Кирилл Чернышов, Alikhan Bokeikhan University аға оқытушысы Ернар Сайдуллаев және басқалары сөз сөйледі.
Форумда Семей қаласының музыкалық және би ұжымдары да өнер көрсетті.
