
Семей қаласының әкімдігі су тасқынына қарсы іс-шаралар бойынша жұмыстарды жалғастыруда. Көктемгі су тасқыны кезеңінің жақындауына байланысты қалалық коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне ауыстырылды.
Атап айтқанда, ағымдағы жылдың 21 ақпанынан бастап еріген сулардың ағуы үшін кәріз құдықтарының қақпақтарының бетін аршу жұмыстары жүргізілуде. Семей қаласы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жетекшісі Медет Алтаевтың айтуынша, қаланың 30 көшесінде 500 су қабылдау құдығы орналасқан. Су тасқыны кезінде төтенше жағдайлардың алдын алу үшін іс-шаралар бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіледі.
Семей қаласы бойынша көктемгі су тасу қауіпі бар аймақтар - «Пожарная Согра» және Шығыс кенті. Қазіргі уақытта осы аталған аумақтарда ұзындығы 500 және 700 метр болатын бөгеттер салынуда. Айта кетейік, Семей қаласы бойынша жағдай тұрақты. Ертіс өзенінің деңгейі 211 см, шекті деңгейде 450 см құрайды.