Оң жақ жағалауда, атақты көпір астынан қала тұрғындары мен қонақтары үшін демалыс алаңын жасау көзделіп отыр. Сұр бетон бағаналар мен қабырғаларды түрлі-түске бояу алдағы айдың жоспарына енді. Бұл мәдениет және спорт тақырыбындағы графити болмақ.
Аталған аумақ спорттық және балалар ойын алаңы болып екіге бөлінеді. Біріншісінде стритболмен айналысуға алаң, көше фитнесімен және кроссфитпен айналысуға арналған аумақ ашылмақ. Балалар ойын алаңында әткеншектер, шағын скалодромдар, ойын кешендерін салу жоспарлануда. Сонымен қатар, скейт алаңы және паркур кеңістігі пайда болады. Ертіс өзенінің жағалауына көше тағамдары бар павильондар орналасады.
Көпір асты алаңы толықтай көгалдандырылады. Қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен көтеріңкі жаяу жүргіншілер өткелі орнатылады. Жаңа алаңның жалпы ауданы – 3500 м2. Айта кетейік, жұмыстар демеушілердің қаражатына жүргізіледі.
Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевтың айтуынша, Семей тұрғындары мен қонақтары үшін демалыс орындарын құру жоспарланған.
- Биыл 12 жаңа қоғамдық кеңістік құру жоспарлануда. Қалалық демалыс орны біріншіден, адамның мінез-құлқын, мәдениетін қалыптастырады. Таза, әдемі, абаттандырылған жерді ешкім ластағысы келмейді. Екіншіден, бұрын қараусыз қалған жерлер қала тұрғындарының көңілінен шығатын орынға айналуы мүмкін. Бірі кофе ішеді, екіншісі балаларын ойнатады, ал басқалары таза ауада спортпен шұғылданады.
Көпір асты кеңістігінің артықшылығы - кез-келген ауа-райына қолайлы. Жаңбырдан немесе күн сәулесінен жасырынып, қалаған уақытта спортпен айналысып, демалуға болады.