USD448.89EUR477.93RUB4.76

«Абай-Шәкәрім кешені заман ағымына сай жаңартылды»

14 тамыз 2020, 10:19
Қаймана қазақ халқының кең байтақ дархан даласына шамшырақтай сәуле төккен, дана да дара ақынымыз - Абай Құнанбайұлы.
«Абай-Шәкәрім кешені заман ағымына сай жаңартылды»

Сонау ғасырлар  қойнауына тереңірек үңілсек, Абай халқының жүрегі мен санасынан  бір сәт болсын шыққан емес. Тек халқын ғана емес, бүкіл әлемді мойындатқан  ақынның келешек ұрпаққа қалдырған мол  мұрасы  шамшырақтай сәуле төккен күн іспеттес. Абай ұлылығының сырлары мен қырларына, рухани әлеміне таң қалмаған пенде жоқ шығар, сірә! Соған дәлел, ақынның 175 жылдық мерейтойына орай кіндік қаны тамған қасиетті өлкедегі жасалып жатқан абаттандыру мен реконструкция бойынша инфрақұрылымдық жұмыстар.

Рухани дамусыз ел болашағын елестету мүмкін емес. Елбасы-Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласы да өшкенімізді жандырып, өлгенімізді тірілтуге өлшеусіз үлесін қосты.

   Осы орайда, халқымыздың ойына қасиетті орындар  ұғымын  сіңіру аса маңызды рөлді атқарады. Сондай қасиетті өлкелердің бірі – Шыңғыстауды қоныс еткен Абай ауданы.  Ұлылардың мекені болған қасиетті Абай  өлкесі, Алаштың астанасы саналатын Семей қаласынан 180 шақырым жерде орналасқан. ХІХ ғасырда  яғни, 1895 жылы Абай атамыздың өз жобасымен тұрғызылған үй қазіргі кезде мәдени ошаққа айналған.  Ақынның өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін қасиетті қара шаңырақтың тарихы да терең де жатыр. 1945 жылы ұлы ақынның дүниеге келуіне 100 жыл толуына орай арнаулы мемлекеттік комиссия шешімімен Жидебайдағы Абай қыстауы Абайдың Жидебайдағы  мұражай  үйіне  айналған болатын. Мұражайға 1970 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мұражай үйдің би бөлмесі мен үш залына орналастырған заттар ұлы ақынның жақын туыстары, достары мен замандастарынан алынған құрылымы, сыртқы пішіні Абай заманындағы көрініс келбетін әлі күнге дейін сақтаған. Музейде  ақынның қолданған  50 құнды жәдігерлері сақтаулы.

Осы орайда, ақынның  175 жылдық мерейтойы қарсанында атқарылып жатқан жөндеу жұмыстары туралы Абай ауданының әкімі Жарқынбек Байсабыровтың пікіріне тоқтала кетсек:

  • Қарауыл ауылында абаттандыру жұмыстары толық жүргізіліп бітті деп айтуға болады. Заманауи талаптарға сәйкес  жасалып жатқан жұмыстардың қатарында  мәдени ошақ саналатын «Абай-Шәкәрім»  қос мұнаралы мемориялдық кешеніндегі  аббатандыру жұмыстары. Келген адамдардың барлығы дерлік тамсанып кетеді деген ойдамын,- дейді аудан әкімі Ж. Байсабыров.

Сәулетті «Абай-Шәкәрім» мемориалды кешені 1995 жылы ақынның 150 жылдық мерейтойы қарсаңында салынғаны белгілі. Жерден 5 метрлік биіктікте орналасқан кесене алаңының ені – 65 метр, ұзындығы – 200 метр екені де талай жазылса да, келушілер үшін тың мәлімет іспетті.  Абай мен Шәкәрімнің кесенелерінің аралығы – 140 метр. Кесененің ішкі көрінісі кітап бейнесінде жасалған. Алланың 99 көркем есімі жазылған үйдің ішкі көрінісі қазақи нақышқа сәйкес.

  • Ибраһим (Абай) Құнанбайұлы жерленген кесенесі қазір толықтай жөндеу жұмыстарынан өтіп жатыр. Кесененің сыртына реставрация жұмыстары жүргізілуде. Өзінің жобасымен салынған үйі  қазір музей қызметін атқарады. Соны толықтай  реставрациялау мен жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатыр,-дейді «Жидебай-Бөрілі» мемориалды – музейінің меңгерушісі Нұржан Байтөс «Ертіс» телеарнасына берген сұхбатында.

     Мұражайдың аумағында ұлдарымен бірге бейнеленген Абай әулетінің ескерткіші орнатылмақ. Сондай-ақ, ақынның ата-бабаларының қорымы орналасқан Ақшоқыда Құнанбай әулеті мұражайының құрылысы аяқталуда.

    Сырт Қасқабұлақ ауылының жергілікті тұрғындары мен ақсақалдарының өтініші бойынша қолға алынған, онда 1945 жылы Абай Құнанбайұлы дүниеге келген. Абайдың шығармашылығымен таныс әрбір адам осы жерге  табан тіреуді армандайды. Сырт Қасқабұлақ ауылында бұлақ маңындағы аумақты көркейтіп, кірме жолды жөндеп, «Сырт Қасқабұлақ»  стеласын орнатты. Бұдан әрі абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын жалғастыру, Сырт Қасқабұлақ сыртының көркін жақсарту көзделген.
 

    Сондай-ақ, аймақ басшысы Даниал Ахметовтың басшылығымен ауданда 19 жобаны іске асыру жоспарланған болатын.  Оның  14-і қазіргі кезде толық аяқталды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында аудандағы білім ошақтарына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа оқу жылына дайындық жүргізілуде. Қарауыл ауылында жаңадан мектептер бой көтеріп, ауыз сумен қамтамасыз ететін су құбырлары тартылып жатыр. Мемлекеттік бағдарлама аясында Абай атындағы мектеп-лицейі ағымдағы жөндеуден өтуде. Сондай-ақ,  М.Әуезов,  С.Бекбосынов атындағы жалпы білім беретін мектеп пен Ш.Әбенов атындағы негізгі орта мектебімен қатар Көкбай орта мектебінің  шатырына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мұндағы жұмыстардың барлығы карантиндік режимге қарамастан, аса тиянақты, зор жауапкершілікпен жүзеге асырылуда.  Жобалардың басым бөлігі Қарауыл ауылында қолға алынған.   Бағдарлама аясындағы маңызды жобалардың бірі – Қарауыл ауылындағы «Абай аудандық  Мәдениет үйі» насанына жөндеу жүргізу.

- Мұнда біз көрме залынан басқа, оқушыларға арналған сабақтар мен конференциялар өткізуге болатын залды қарастырғанымызды ерекше атап өтемін. Келушілер де демалып, тамашалауға мүмкіндік алады. Сырт Қасқабұлақта жұмыс толығымен аяқталды. Қасиетті бұлақ маңы абаттандырылды. Абайдың кіндік қаны тамған жердің тарихи маңызын асқақтата түстік, - деді аймақ басшысы Даниал Ахметов.

 

    Аудан орталығы Қарауыл ауылында «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында аудан тұрғындарының спорттық нысандарға қолжетімділігін арттыру, салауатты өмір салтын ұстануға мүмкіндік туғызу мақсатында Қарауыл ауылындағы допты хоккей алаңына және «Спорт мектебіне» жөндеу жүргізілуде.  

Бұдан бөлек Қарауылда биыл 1 қыркүйекте жаңа мектеп ашылады. 300 орындық оқу орны Назарбаев Зияткерлік мектебінің стандарттарына сәйкес заманауи жабдықтармен және жаңа модификациялық сыныптармен жабдықталғанын бұған дейін де баяндаған едік. Ал мұндағы жаңа саябақтың айналасында Қарауыл ауылының жаңа шағын ауданы салынады.

-  Абай-Шәкәрім мемориалдық кешені болса, заман ағымына сай жаңартылды. Бастысы, бастапқы сәулеті сақталынды. Болашақта мұнда жазушылардың мұражайлары ашылады, - дейді аймақ басшысы.

 

Жоспар бойыша Абай музейіндегі жөндеу жұмыстары шілде айында, ал ақын мазарының жөндеу жұмыстары қазан айында аяқталу керек болған. Бірақ мердігер ұйым абаттандыру жұмыстарын  мерзімінен  бұрын аяқтаймыз деп отыр.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен 10 тамызда  «Абай күні» аталып өтілді. Соған орай, онлайн форматта  әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Құндызды ауылдық клубының  Абай  күні мерекесіне орай «Дана Абай-Дара Абай» атты онлайн әдеби-танымдық кеш өткізсе, Көкбай ауылының  Мәдениет үйінде мерейтойға орай  «Құлақтан кіріп бойды алар...» тақырыбында онлайн концерт ұйымдастырылды.

 

Абай Құнанбаевтің әдеби мұрасы тек бір халықтың ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани қазынасы.

Альбина Қизатқызы

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar