USD524.65EUR552.19RUB5.14

Сламхат Сейітхамзаұлы

20 желтоқсан 2019, 16:48
Киелі өлке ұлылардың мекені
Сламхат Сейітхамзаұлы

Асқар, асқар!
Алып таулар, жоталы,
Ой- қыранда аң құстары жосады.
Табиғатпен етене боп өскен ел,
Найзағайға төбелерін тосады.
Жидебайдан жер өте ме оқалы,
Абыралы, Тарбағатай, Марқакөл,
Мұзтау, Сауыр әсем бояу қосады.
Киелі аймақ,
                      Ұлы мекен,
                                          Ұлы тау,
Абай туған өлең жырдың Отаны!!!

Ұлы Шығыс,
Ұлылардың мекені,
Шәкәрімді туған дала осы еді.
Кеңгірбайлар ат жалына ту тігіп,
Құнанбайлар дүрілдеткен кешегі!
Қайсеновтың ерлігінің дауылы,
Замандардан замандарға өтеді.
Әсет, Әміре әуелетіп салған ән,
Сары далаға самал болып еседі.
Шыңғыс тауға шықсаң иығың биіктеп,
Алақайлап қолың көкке жетеді,
Ұлылардың атағына семірген,
Жігіттердің бағы-ай шіркін бес елі!

Шатқалдарды жарып ағып өзені,
Асау толқын сай-саланы кезеді.
Ертіс пенен Үлбі ағып тұрғанда,
Талықпайды Өскеменнің өзегі!

Бұқтырма мен Зайсан жердің жүрегі,
Арқасында алып дала түледі.
Думандатқан тіршіліктің базарын,
Шарайнадай тұнып жатқан нұр еді!
Жігіттері жаны жайсаң адуын,
Болат топшы, қыран тұлға ірі еді.
Дүлдүл ақын Жақыпұлы Бауыржан,
Осында өскен жүйріктердің біреуі.
Шарқ ұра бер,
Шаттана бер, Өскемен,
Қабыл болып қалың елдің тілеуі!

ОРАЛХАН БӨКЕЙГЕ

Бір Алтайдың сілемінде туыппыз,
Тумасынан талай сырды ұғыппыз.
Айнымайды мөлдіреген қалпынан,
Лайланбас бетін жуса қырық қыз!

Ұлы таудың шың құзында несібең,
Көшкен бұлт пен жағаласып өсіп ең.
Толқын болып күркіредің, өзен де,
Жағасында самал болып есіп ең.

Қарлы таулар, ну қарағай орманың,
Мүмкін емес сенің ойшыл болмауың.
Алтайыңа тартып туған екенсің,
Неге тентек, тарпаң десем ойларың.

Өлді деуге қалай ғана сенесің,
Арамызда әндетіп жүр «елесің»,
Тік көтеріп тәуелсіздік жалауын,
Әдебиет көшін бастап келесің.

Тіріге де, өліге де өмір – сын,
Осы күнде өзің – дария, өзің – шың.
Бәрі көкжал жігіттері Алтайдың,
Тек, Оралхан, арыстаны – өзіңсің!

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar