USD444.22EUR476.38RUB4.82

Ахмет Жұбанов: Абайдың музыкалық мұрасы

11 маусым 2020, 09:39
Ұлы ақын, ағартушы Абай музыка саласында да айта қалғандай мұра қалдырды. Жазба әдебиетіміздің негізін салған Абай өзінің асыл өлеңдерін, қарасөздерін қағазға түсіріп, кейінгі ұрпаққа қалдырса, музыка жөнінде оның мұндай мүмкіншілігі болмады. Өйткені Абай өмір сүрген кезеңде қазақта музыканың жазба мәдениеті жоқ еді, халықтық музыка ауыздәстүрлік қалыпта еді. Сондықтан Абай әндері де қазақтың басқа халықтық ән-күйлері сияқты ауыздан-ауызға, заманнан-заманға ауыса отырып жетті.
Ахмет Жұбанов: Абайдың музыкалық мұрасы

   Музыка саласында жазба мәдениеттің болмауына қарамастан, Абай әндерінің бізге толық жеткен себебі олардың халықтың жүрегінде сақталуға сапасы сай келетін шығармалар болғандығында, халық санасынан өшпес орын алғандығында. Абай әндерінің өзгешелігі — мелодиялық, ырғақтың жақтарындағы жаңалықтарында, идеялық мазмұнының ашықтығында. Бұл өзгешелік алғашқы кезде тыңдағандардың бәріне бірдей түсінікті бола қоймады, болмақшы да емес еді. Мәдениеттің дамуына кедергі болған феодалдық жағдайда кейбіреулер үшін ол әндердің жаңа тілдері қазақтың халықтық ән дәстүрінен шығып кеткендік болып көрінуі де мүмкін еді. Бірақ жаңа, прогресшіл мәдениет күрескері болған Абай өз бетінен қайтқан жоқ. Сөйтіп, Абай әндері алғашында оның өз айналасына, ауыл-аймағына, кейін жалпы қазақ арасына тарай бастады.

  Абай әндері, халықтық негізден нәр алғандықтан, халық әндерімен тамырласып жатқандықтан нотаның жоқ кезінде-ақ, ауыздан ауызға көше отырып, қалың бұқараның игілігіне айналды. Бұған бұрын-соңды қазақтың халықтық музыка салтында болмаған жаңа музыкалық өткір тіл мен жаңашыл өлең текстіне кұрылуы да себеп болды. Абай  әндері  бізге,  автордың өз нұсқасындай өзгеріссіз, қосымшасыз жетті деп айта алмаймыз. Ауыз дәстүрі әрқашанда да бұл жағына өз әсерін тигізіп отырады. Орындаушылардың неше алуан ерекшеліктеріне қарай Абай әндерінің өзгеріп отырғандығы да даусыз. Бір ауылдан бір ауылға, бір елден бір елге жеткен сайын түрленіп, құбылып, алғашқы түбірінен алыстай беретін лақаптар сияқты ауыз дәстүрлік қалыптағы әндер де бастағы кейпін өзгерте береді. Абай әндері де, осы айтқандай, бізге көптеген варианттармен жетті. Әрбір сөйлемі мен әрпі сөз мәдениетінен анағұрлым нәзік келетін ән мен күй, сол ауыздан ауызға көшіп жүргенінде, қаншама үн жаттағыштық зердесі күшті өнерпаз болса да, үйренген жерінен үйрететін жеріне жеткенше сөзсіз өзгерістерге ұшырайды. Қазақстандағы музыкатану өнері майданында, бүл мәселе әлі осы айтылып отырған тұрғыдан қаралып, зерттелген жоқ, ғылыми жолға қойылған жоқ. Абайдың музыкалық мұрасы әлі күнге әдейілеп жиылған да жоқ. Біздің Абай әндерін білуіміз — әр композитордың өзінше нотаға түсіріп, әр орындаушының өзінше айтып, әр «өңдеушінің» өз білгенінше сүйемел жасап жүргендерін естуімізден әрі аспайды. Әрине, Абайдың композиторлық творчествосы, Абай әндерінің өзіне ғана тән ерекшеліктері, оның үлгісінде ән шығарудың негіздері, Абайдың ән-күйге деген көзқарастары — осылардың бәрі терең тексеруді, үңіле зерттеуді тілейтін нәрселер.  

   Баршаға белгілі, Абай ұлы орыс мәдениетінен нәр алып, орыс халқының демократ ақын-жазушыларының шығармаларын оқи, зерттей отырып, қазақ әдебиетінде өзіне дейін болмаған жаңалықтар тудырды. Ол Пушкин, Лермонтов, Крылов шығармаларын қазақшаға аударып, соларды қазақ арасына жаюшы, насихаттаушы болды. Осылай оқи, зерттей, аудара отырып, Абай өз өлеңдеріне жаңа ырғақ, жаңа өлшем енгізді. Өткір ойлы қалам қайраткері ұлы орыс мәдениетінің прогресшілдік ықпалы мен заманының жаңа ырғақ-ритмін сезді. Мұның өзі оның музыкалық творчествосына да әсер етті.

   Жаңа ырғақ — өлшеу, жаңа кейіпті мелодия жолы, жаңа үнсөздіктері -осы үшеуі Абай музыкасының жаңалығы болды. Бұрынғы он бір және жеті-сегіз буынды өлеңдермен айтылатын әндерге Абай әндері ұқсамады. Абай тудырған жаңа поэзия лебі оның әндеріне де жаңа лебіз берді. Орыстың ұлы ақындарын үлгі тұтқан Абай музыка дүниесінде де мұсылмандық  шығыстың құран оқу әуезінен үн сөздіктерін іздемегені былай тұрсын, өзіне дейінгі болып келген қазақтың халықтық әндерінің бір қалыптас тілдерін де місе тұтпады. Ол орыстың әдет-ғұрып музыкасы, қалароманстарын ести, тыңдай отырып, солардан творчестволық үлгі алды. Оның үстіне Абайдың «Евгений Онегинді» аударып, «Татьяна хатына» өзінің ән шығаруы, Дельвиг пен Глинканың «Сұрғылт тұманын», Рубинштейннің «Мен көрдімін», Лермонтовтың «Қараңғы түнде тау қалғыбын» аударып, оларға ән шығарғаны Абайдың музыка сөздігін байытуға әсер етті. Тағы бір айта кететін нәрсе — Абай әндері, сөзі, музыкасы біте қайнасып жатқандықтан, өзіне дейінгі қазақтың халық әндерінше, орындаушының көрінген өлеңге жегіп алып, жүре беруіне келмеді. Мысалы, «Қараторғай», «Екі жирен»,«Жиырма бес», «Аққұм» сияқты әндерді бірінің сөзімен бірін айта бересің де, Абайдың «Сегіз аяқ», «Қор болды жаным», «Көзімнің қарасы», «Бойы бұлғаң» сияқты әндерін бірінің сөзімен бірін айта алмайсың. Қазақтың халықтық ән дәстүрінде бұл да бұрын-соңды кездеспеген жағдай деп айта аламыз.

   Абайдың композиторлыққа басқалардан өзгеше жолмен келуі, оның творчествосында заманының алдын ораған жаңалықтарының болуы. Абай әндерінің ырғақтық, үндік, мелодиялык, жақтарының өзіне дейінгі қазақтың халық әндерінде болмаған қасиеттерге ие болуының тағы бір себебі — Абай ерекше бір музыкалық ортада болды, бір жағынан, өзінің асқан музыкалық қабілетінің, музыканы жан-тәнімен сүюінің арқасында қазақтың халық музыкасын жақсы біліп, Семей қаласына гастрольге келген артистердің концерттерін тыңдап көру арқылы орыс музыкасымен тікелей танысып отырса, екінші жағынан, айналасына топталған өнерпаздардың кейбіреулері орыс халқының музыкалық үлгілерімен таныс адамдар болды (өз баласы Әбдірахман, скрипкашы Мұқа). Олар Абай шығарған әндерді тыңдаушы ғана емес, бабына келтіріп орындаушы, дос бейілді кеңесшілер еді.

  Абайда Мұхит, Біржан сияқты күшті дауыс болмаса керек. Ол тек өз даусының жеткенінше ғана әнді айтып шығарды. Ол — ақын, композитор, орындаушы арасында жетілген еңбек бөлісі жоқ кездегі жағдай еді. Шығарманы бірінші рет орындаушы да, кейін оны халық арасына таратушы да шығарушының өзі болады.

  Абай әндері жаңа лебізді болғандықтан да өз тұсында көп түсінбеушілікке кездесті. 7-8, 11 буын ырғағымен ғасырлар бойы тәрбиеленіп келген адамдарға Абайдың жаңалықты ән тілі түсінікті болып кету үшін феодализмнің кертартпа дәстүрі қолайлы жағдай болмады. Абайдың: Адам аз мұны біліп ән саларлық, Тыңдаушы да аз ол әннен бэһра аларлық, - дегені осы бір жағдаймен байланысты болу керек. Әннің мәнін түсіне айтатын орындаушы мен оны бағалай білетін, жаңа үнді жаны түсінетін тыңдаушыны арман еткен, бұрынғы қара дүрсіндікпен күресіп келген Абай, жаңа әндерінің көпке баяу тарағанына қын жылады. Алайда идеялық көзқарасында еңбекші халықтың мұңын жоқтауға көшкен Абай өзінің өлеңдерінде де, қарасөздерінде де, әндерінде де осы идеяны қолдап отырды. Поэзияның тілі жетпеген жерде Абай өлеңге ән қосты.

   «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деген Абай музыканың да адам өміріндегі өзгеше орнын басқадан ерекше сезген. Абай әнді ермек үшін де, қосымша кәсіп болсын деп те шығармаған. Ол жан сырын халыққа тек поэзия тілі арқылы ғана жеткізуді місе тұтпай, сонымен бірге халқымен музыка арқылы да тілдесуді жөн көрген.

    Абай әндері қазір бүкіл елімізге кең тарап кетті, олар көптеген тілдерде айтылады. Абай арман еткендей, айтушы мен тыңдаушы қазір бір-біріне сай. Абай әндерін концерт сахналарынан, радиодан, опера, драма кейіпкерлерінің, көркем өнерпаздар үйірмелерінің орындауынан естиміз. Абай әндері сауық-кештерде, дастархан үстінде шырқалады. Қысқасы, Абай әндері біздің мәдени-өмірімізге тығыз араласты деп айта аламыз.

Ахмет Жұбанов

 

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar