USD483.23EUR534.74RUB5.12

Ән Анасының алдындағы уәде қашан орындалады?..

11 маусым 2020, 09:34
Қазақ өнерінің көгінде өзгеше даусымен дараланып, таланты әлемге ерте танылған өнер жұлдызы Бибігүл Төлегенованы таныстырып жатудың өзі артық. Бүгінде жасы 90-ға толса да тұғырынан таймай, бұлбүл үні сайрай сахна төрінде аңызға айналған сара саңлақтың орны қашанда биікте.
Ән Анасының  алдындағы уәде қашан орындалады?..

1946 жылы Семей ет комбинатында еңбек жолын бастаған қаршадай қыз «Гауһар тас» пен «Жиырма бес» сияқты халық әндерін тамылжыта орындап, айналасын тәнті еткен талант есімінің танылуына сол кезде Семейде тұрған жазушы Г. Серебриякованың себепкер болғандығын атап айтқан жөн. 1936-37 жылдары «Халық жауының» әйелі ретінде қуғындалған Серебрякованың Семей қаласында тұрған кезінде Бибігүл Ахметқызының даусын алғаш танып, бағыт сілтегенін алдағы жылдарда түбегейлі зерттеген артық болмас.

Ал, біздің айтпағымыз – аты аңызға айналған ән бұлбұлына айрықша құрмет көрсетілетінін өткен жылы естігенімізбен, оның жай сөзге айналғаны жұрттың жанына батқандығы.  Яғни, қала әкімі Ермак Сәлімовтің бастамашы болуымен былтыр Семей қалалық Мәдениет сарайына Бибігүл Төлегенованың есімі берілетіндігін естігенде бестегі баладан, белі бүгілген қартқа дейін қуана қабылдаған. Алайда, қала басшылығының жалпақ жұртқа жар салып айтқан уәдесінің орындалуына не кедергі болып отырғаны түсініксіз.  

   Ал, былтыр, 2019 жылдың 29 желтоқсанында  ән анасы Бибігүл  Төлегенова 90 жасқа толғаны белгілі. Тап сол кезде хас таланттың мерейтойынан он күн бұрын, нақты айтқанда, тәуелсіздік күні қарсаңында Семей төрі дүбірлеп жатты. Яғни, Семей қаласының төріндегі «Қарағайлы» ықшамауданынан бой көтерген Мәдени-спорттық кешеннің ашылу салтанатында қала әкімі Мәдениет сарайына есімі ЮНЕСКО тізіміне енген Бибігүл Төлегенованың аты берілетіндігін айтқанда, қуана қол соқпаған жан қалмап еді. Қала басшысының сол кезде елді қандай сөзімен қуантқаны БАҚ бетінде, интернет сайттарында әлі күнге дейін сайрап тұр.

««Бибігүл Ахметқызы Төлегенова ЮНЕСКО-да ХХ ғасырдағы ғасырдың көрнекті 20 әйелінің бірі ретінде ЮНЕСКО тізіміне енген. Бибігүл Ахметқызына құрмет көрсете отырып, біз Семей жерінің шын мәнінде киелі екенін тағы бір рет атап өткіміз келеді. Бізде мақтанатын дүниелер бар!», - деді өзінің құттықтау сөзінде Ермак Сәлімов.

Сонымен қатар, әкім Семейдегі қалалық мәдениет үйіне Бибігүл Төлегенованың есімін беру үшін дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқандығын баса айтты» деп хабарлаған болатын ҚазАқпарат (http://lenta.inform.kz/kz/semeydin-kalalyk-madeniet-uyine-bibigul-tolegenovanyn-esimi-beriledi_a3595263).

Бұл ақжолтай хабар артынша Алматыдағы опера және балет театрында дүбірлеп өткен ән анасының мерейтой қуанышында да айтылғаны елдің әлі күнге дейін есінде. «Халықтың ықыласына мен мың да бір ризамын. Мені көтерген халық. Жасым тоқсанға келсе де «қазақтың бұлбұл әнші қызы» атанып отырмын. Менен бақытты адам жоқ»,-деп тебіренді аты аңызға айналған мерейтой иесі.

   Дәл осы дүбірлеген қуанышты сәтте сахна төріне шығып сөз алған қала басшысы  дүйім жұрттың көз алдында Семейдегі Мәдениет сарайына КСРО Халық әртісі Бибігүл Төлегенованың есімі берілетінін тағы да қайталап, талантқа деген құрметін жерлестері атынан тамаша жеткізіп тамсандырған еді. Туған қаласы Семейден жерлестерінің ыстық сәлемін жеткізіп, алдағы уақытта қаладағы өнер ордасынан Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВАНЫҢ есімі жарқырап тұратына шүбәсіз сендріген қала әкімінің уәдесі көп күттірмей орындалатыны да анық сияқты еді. Бұл хабарға халықпен бірге ән анасы – Бибігүл Ахметқызының өзі де анық естіп, ерекше разы болғаны есімізде.

   Алайда, сол уәденің соңы жылдың соңымен бірге жұтылып кеткендей жым-жырт қалғанын несіне жасырайық?.. Биылғы көктемде қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Назерке Аққожина онлайн баспасөз мәслихатын өткізгенде қаламыздағы бірқатар мектептерге ұлт тұлғаларының есімдері берілгенін айтып бір қуантқан. Атап айтқандай, Ахмет Байтұрсыновтың, Ыбырай Алтынсариннің, Қаныш Сәтбаевтың есімдері берілген білім ошақтарының тізімі жария болғанда қуанбаған қазақ баласы жоқ еді. Бұл, сөзсіз тамшаа жетістік еді. Бірақ та неге екенін кім білсін, өткен жылдың соңында қала басшысы бір емес, екі рет айтып қуантқан тамаша жаңалықтың лебі сезілмеді. Яғни ЮНЕСКО көлеміндегі 20 әйелдің қатарындағы қазақтың дара әншісі Бибігүл Төлегенованың Семей қалалық Мәдениет сарайына аты берілетін күнге жетудің ауылы алыстап кеткендей болды. Басқасы басқа күллі қазақ қуанған ән бұлбұлының 90 жасқа толған мерейтойында айтылған ақжолтай хабардың соңы түсініксіз жағадайда көзден бұл-бұл ұша бастағандай болды. Мәсленің мән-жайына қанығу мақсатынмен Семей қаласы әкімінің идеология және әлеуметтік сала бойынша орынбасары Айдар Садырбаевқа қоңырау шалғанымызбен, тілдесудің ешбір сәті түспей-ақ қойды. Ал, осы бастама мақұлданып, биыл Бибігүл әншінің есімі қала төрінде асқақтайтын болса, сол қуаныштың бел ортасында қала шененуніктері тұратынына күмән жоқ...

Сәтжан Қасымжанұлы

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

6 сағатқа жетпей
27 қыркүйек 2024, 10:07
ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar