USD523.58EUR549.71RUB5.01

«Абай музейі ғылыми-танымдық орталыққа айналмақ»

30 сәуір 2020, 11:26
Биыл – ұлтымыздың ұлы перзенті, адастырмас темірқазығы, сарқылмас қазынасы хакім Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл. Ұлы тұлғаның рухани мұрасы сан қыспақ пен сынақтан өтсе де өміршеңдігімен құнды. Өйткені, Абай шығармашылығы адам болмысына қатысты мәңгілік тақырыптарға арқау болатыны баршамызға мәлім.
«Абай музейі ғылыми-танымдық орталыққа айналмақ»

Сол орайда, Семейдегі Абайдың әдеби-мемориалдық мұражайы ақын тойына дайындық жұмыстарын бастап кетті. Қазақ руханиятының қайнарында осы мақсатта атқарылып жатқан жұмыстар жайында Абай әдеби-мемориалдық музейі директорының міндетін атқарушы Тұрдықұл Шаңбаймен сұхбаттасқан болатынбыз.

–Данагөй Шәкәрімнен бастау тапқан менің зерттеу жұмыстарым қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің шығармашылығымен ортақ арна тауып,  Алаш алыптарымен толығып, сол қалыптасқан тәжірбие арқылы һакім Абай мұрасына бойлауға ұласты. Бұл – мен үшін үлкен жауапкершілік. Қазір елімізде орын алған төтенше жағдайға қарамастан, ел-жұртымыздың үмітін ақтап, ақынның мерейтойын абыроймен атап өтеміз деген ойдамын. Бізге артылып отырған жүк ауыр. Бірақ «жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, ақын музейі көптеген жаңашылдықтармен толығуда. Мемлекет тарапынан бізге үлкен қолдау көрсетілуде. Музей ғимаратында  құрылыс жұмыстары жүргізіліп, шамамен 200-ге жуық адам еңбек етіп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бақылауымен, министрліктер, облыс әкімі, қала әкімінің қолдауы арқылы  әр түрлі  шаралар іске асырылуда. Мысалға алсақ, демонтаж жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Ол дегеніміз - мұражайда сақталған құнды жәдігерлерімізді қаз қалпында сақтау. Абайдың  даналығы соншалықты өз қолымен 22 экспонатты мұражайға тапсырған.Тағы  бір айта кетерлік жәйт, індетке қарсы жарияланған карантин талаптарын қатаң сақтап отырмыз-деп ойымен бөлісті Тұрдықұл Шаңбай.

Тұрдығұл Шаңбайдың айтуынша, Абай Құнанбайұлының 100 жылдық мерейтойы қарсанында мемлекеттік комиссия шешімімен ақынның Жидебайдағы үйі мұражайға айналды. Мұражай бес бөлмеден және үш залдан тұрады.Ондағы құнды жәдігерлер ақынның жақын туыстары, достары мен замандастарынан алынған. Үйдің сыртқы құрлымы Абай заманының көрініс-келбетін сақтап тұр.

-Жалпы Жидебай жерінде орналасқан мұражайда 100-ге жуық қызметкер жұмыс істейді.Сонымен қатар, тек Жидебайда ғана емес, Бөрілі, Мақаншы, Құндызды ауылындағы филиалдарда да жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Абай мен Шәкәрім кесенесі, ақынның әжесі Зере, анасы Ұлжанның мәңгілік мекендеріне абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Осы тұста айта кету керек, жүргізіліп отырған музейлендіру жұмыстары мен оның құжаттарына үкіметтен  мол қаржы бөлініп отыр. Музейлендіруге де, құрлыс жұмыстарына да бөлінген қаржылар қомақты.Осы іске жауапты  Ринат Кутдусов - авторлық құқығы бар өз мамандығының майталманы. Мұражай 3D  форматта жабдықталмақ. Үш тілде ақынның қарасөздері,нақыл сөздері айтылып қана қоймай, келген қонақтар қол жайса бата беретіндей жаңа технологиялармен толықпақ.Кіріп-шығуға қолайлы, балаларға арналған арнайы бөлмелерде ұйымдастырылмақ. Құжат бойынша қадам-қадаммен жұмыс істеп жатырмыз. Қазақтың ұлттық музыкалық аспаптары да мұражай ішіне орнастырылып, Абай дәуіріндегі әуендерді еске салып тұратын болады,-дейді Тұрдықұл Қасенұлы.

Музей басшысының сөзінше, руханият ордасында ғылыми жұмыстар жағына да көңіл бөлінуде. Абайдың өмірі, шығармашылығы, еңбегі туралы түрлі ғылыми жобалар жасалып жатыр. Сол тұрғыда айтар жайт, Абайдың қара сөздері – көркемдік, әлеуметтік, гуманистік, дінге тереңірек түсінік берген  құнды прозалық шығарма. Ұлы ақынның сөз өнеріндегі қайрат-жігерін, қуатын,  философиялық дүниетанымын даралап көрсететін туынды. Негізінен, Абайдың өмірі мен шығармалары туралы жазылған зерттеужұмыстары, монографиялары  түгелдей алғанда Абайтану сан алуан маңызды мәселелерді қамтитын, көп салалы ғылым болып қалыптасқанын ескере кеткен жөн.

Сөз реті келгенде айтып өткен жөн, жақында облыс әкімінің орынбасарлары Әлішер Мархабат пен Бақытжан Байахметов атқарылып жатқан жұмыстар барысымен танысып қайтқаны белгілі. Тағы бір атап өтерлігі Мәдениет және спорт министрі Ақбота Райымқұлова мен министрлікке қарасты Заң қызметі департаментінің директоры  Күміс Қарсақбайқызы онлайн конференция арқылы үнемі байланысқа шығып отырады екен. Сонымен қатар Қала әкімі Ермак Сәлімовтың қолдауымен мұражай ауласындағы тасты ауыстырып, жаңарту туралы шешім қабылданыпты. Көлік тоқтайтын жаңадан тұрақтар жасалатын болды.

-Барлық абаттандыру жұмыстарымен қоса ғылымға да көңіл бөлудеміз.Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз мақаласында айтып кеткендей, мұражай "ғылыми-танымдық" орталыққа айналмақ. Музейіміз биыл өзінің 80 жылдық мерейтойын атап өтпек. Ондағы ақпараттар, қорлар,мұрағаттар ғылыми айналымға түсіруіміз қажет. Мұражайдың ғылыми концепсиясымен айналысудамын. Сол мақсатта біздің ұжым "Абай музейі" атты энциклопедияны қолға алды. Бұл қазақ тарихындағы ірі жаңалықтардың бірі болмақ. Сонымен қатар, сериялық "Абайтану мәселелері" деген 100 томдық  нұсқаулық жасамақпыз. Басты ерекшелігі сала-салаға  бөлінуінде болып тұр. Мен бұған дейін "Шәкәрімтану мәселелері" деген 6 томдық сериялық жинақ шығарғанмын. Оған Қазақстанның түпкір-түпкірінен ғалымдар қатысқан болатын. Бұл өз басым  үлкен жетістік деп білем.

Бір қуантарлығы музей ұжымында ғылымға құштар жастар баршылық. Жас толқын өкілдері қазір «Абай мәселелері» деген жинақтың жарық көруіне атсалысуда. Өйткені, олардың қай-қайсы да ұлы ақынның мұрасын дәріптеу тек мерейтой қарсанында ғана емес, үнемі қаперде болуы тиіс екендігін айқын түсінеді.

 

Альбина Тұмарова

 

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar