USD448.89EUR477.93RUB4.76

Абай – қазақтың бойтұмары

30 наурыз 2020, 10:21
Руханиятпен алаш атырабын сусындатқан тарихы терең өңір Семей жерінде, Шәкәрім университетінде, тұңғыш рет 2017 жылы қыркүйекте осы оқу орнының ректоры Мейір Ғариполлаұлының бастамасымен «Абай институты» ашылды. Бұл – руханияттың биік жолынан таймаудың, Қазақ Елінің дүниежүзілік өркениет көшінен қалмауының нақты көрінісі. Уақыт талабынан ашылған аталған ғылыми орталықтың басты мақсаты – Абай шығармашылығына жаңа көзқарас тұрғысынан тың пайымдау жасау. Шәкәрімтану, әуезовтану, қайымтану мәселелерін зерттеу, тіл, әдебиет мәселелерін қарастыру т.б.
Абай – қазақтың бойтұмары

 Жалпы шығыста Семей жерінде, Абай орталығы болмаған. Бұл институтқа жүктелер міндет ерекше. Абайдың мерейтойы қарсаңында ақын мұраларын зерттеу,  насихаттауда біздің жүгіміз еселене түсті десек те болады. Шәкәрім универитетінде Абайдың мерейтойына дайындықты 2019 жылы, Жидебай жерінде 23 тамызда үлкен поэзия пленерімен ашып, бастап кеткен болатынбыз. Бұл жастардың поэзия пленері болды. Жан-жақтан Абайдың ізбасарлары, өзіне пір тұтқан жастарымыз келіп, Жидебай жерінде дәл Абай жатқан жерге келіп өздерінің шығармаларын арнап жатты. Екінші бір жанағы суретшілеріміз Абай бейнесін, Жидебай кескінін салып, үлкен бір рухани дүние болды. Мінекей осындай бастау алған дүние әлі де жалғасын табады. Ол мерейтой аясында ғана емес, себебі университетте «Абай институты» жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта Абай шығармашылығына арналған үлкен халықаралық конференциямыз тамыз айында өтеді. Бұл конференцияда Абай шығармасын зерттеп жүрген отандық ғалымдар мен қатар шетелдік ғалымдар басқосып, өзекті дүниелерді айтады деп жоспарлап отырмыз. Одан бөлек университет тарапынан еңбектер шығару, зерттеулер жүргізу, Абай тілінің сөздігін жасау, Абайтану оқулықтарын жаңа бағытта ойластырып шығару, тарих туралы таңдалмалы еңбектер шығару, ағылшын тіліне аударылып жатқан Абайдың қара сөздерін шығарып насихаттау сынды жұмыстар алда тұр.

Осыдан 1914 жылы Ахмет Байтұрсынов: «Абай - қазақтың бас ақыны» деген мақаласында мынандай дүниені келтіреді, Абайдың бүгінгі күнде шығармалары оқырмандарға тарады, бірақ халыққа толық жеткен жоқ. Себебі Абайды оқыған адам түсініксіз дейді. Бірақ, бұл жерде кінә Абайда емес, соны оқушыда. Оқушы Абайды түсінерлік жағдайға жеткен жоқ деген Ахмет Байтұрсыновтың тағылымды сөзі әлі күнге дейін өзекті. Біз неге Абайды түсінбей жатырмыз?, Абайдағы айтқан ойды толық меңгере алмай жатырмыз, бұл – біздің мінекей бүгінгі қоғамның ең үлкен мәселесі. Себебі  Абай айтып кеткен, Абай көтермеген, Абай толғанып, ой толғамаған тақырып жоқ, ол бар, барлығының шешімін ұсынады ол өзінің 45 қара сөзін жетеріне жетіп әр-бір адам осыны өзінінің өміріне азығы ретінде қабылдаса,  қоғамда жаңаша қазақ елін көре алар едік. Қазіргі өкініштісі Абайды толық оқымағандықтан, оқушысына жеткізе алмағандықтан, оқушы әлі де толық дәрежеде түсіне алмай жатыр.

Қарапайым мысал келтірсем, мектепте «Абайтану» деген пән оқытылады. Ол –  күрделі пән, себебі Абайды түсіну қиын. Енді біз оқушының жас ерекшелігіне қарай  Абайды қалай оқимыз, нені оқытып жүрміз? Деген сұрақтар туындайды. Көп жағдайда Абайдың өлеңдерін жаттау немесе Абай шығармашылығына қатысты слайд жасаудан оқушылар әлі аса алмай жатыр. Себебі Абайтану оқулығы нақты министірлік тарапынан бекітіліп, жан-жаққа тарап жатқан жоқ. Семейдегі Жандос Әубәкір, Гүлнар Құнафиналардың өте жақсы оқулықтары бар. Бірақ осы оқулықтар қаншалықты деңгейде Қазақстанның түпкір-түпкіріне тарап жатыр? Оны біз біле қоймаймыз. Дәл осы екі оқулықты барлық Абайтанудан беретін ұстаздар пайдаланса, нұр үстіне нұр болар еді. Осы мақсатпен Шәкәрім университетінде «Абай әлемі» деген пән оқытыла бастады. Бұл пәнді Шәкәрім университетінің барлық студенттері оқиды. Бұл пән оларға өздерінің өмірлеріне  азық болу үшін қажет. Абайдың даналығынан бір сөзін алып, өзіне пайдалана алса, ол нағыз кеменделген, ыстық қайратты, нұрлы ақылды бойына жиған адам болып қалыптасар еді.

                Заман жаңарса да, Абайды тану өзектілігі арта бермесе, жоғалмайды. Әуезовтың өзі: «Мен Абайды қалқып қана іштім» деген. Абай ол – терең ғұлама. Әрине Абайға қанша мақтау айтсақ жарасады, бірақ бүгінгі қоғамның талабы – сөзден іске көшу. Ақынның өлеңін сыпыра мақтап емес, шығармасындағы дүниені, әсіресе кейінгі жастарға тіптен балабақшадағы балаларға арнап шағын-шағын мультфильмдер түсірмеске? Мысалға: «Досыңа достық, қарыз іс» дейді, осыны айландырып баланың санасы қабылдай алатын бір үш минуттық мультфильммен біз Абайды насихаттай аламыз. Жастар қазір неге қызығады? Ол – ақпарат. Қазір ақпараттың ағымымен телефонда-ақ Абайды жастардың қызығушылығына сай неге бір жаңа жоба ойлап таппасқа? Қоғам мен заман өзгерген сайын, халықтың сұранысы өзгере береді. Біз сол сұранысқа сай Абай, Шәкәрім, Мұхтар шығармашылығын сұранысқа сай, заманына қарай икемдей білуіміз керек.

Адамзат баласы идеалсыз өмір сүре алмайды. Өмірде арқатірек адастырмас темірқазығың болмаса, кең жолда аз бен көпті өлшер мизан таразың болмаса, ғаламның бар жақсылығын тұшына алмайсыз. 

Қазақ сөз өнерінің асыл үлгісі Абайдан басталды. Қазақ дүниетанмындағы толық адам, кемел адамның идеал ұғымы да Абайдан басталды.

 

                Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық,

                Арам айла, зорлықсыз мал табалық.

                Өшпес өмір, таусылмас мал берерлік

                Бір білімді данышпан жан табалық...

 

                Бұл Абай саудагер ғой ақыл сатқан,

                Әр түрлі асылы көп өтпей жатқан.

                Тегін білсең- аласың, бос береді,

                Тұстасынан ешкім жоқ мұны тапқан.

 

Бұл – ғасырдан астам уақыт бұрын Шәкәрім айтқан даналық ой. Күллі қазақ жастарын ілімге, ғылымға үндейді. Себебі адамзат баласы үшін білім, қашанда, өзінің құндылығын жоғалтпайтын асыл қазына. Қазіргі заман – білім мен ғылым ғасыры. Тіптен бүгінгі жаһандану заманында ғылым бәсекелестікке айналып отыр. Бұл турасында дана Абай: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық», - деп адамның көркі ақылы мен білімде екендігін айғатай түседі.

Қазақта бойтұмар – адамды  сақтаушы күш деген сенім бар. Сол сияқты хәкім Абай – қазақтың бойтұмары деуге тұрарлық жан. Нәсіліне, дініне бөлмей-ақ қояйық, әрбір пенде Абайдың бір сөзін, өзінің бойына бой тұмарына айналдырса, ол нағыз адам болады! Менің бой тұмарым Абай өлеңдерінің ішіндегі:

 Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,

 Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

 Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

 Еңбегің мен ақылың екі жақтап».

Бұл – менің өмірлік ұстанымым. Дәл осылай Абай  шығармасының бір жолын әрбір жас, әрбір адам өзінің бойтұмарына айналдырса, нағыз адам болып қалады деп санаймын.                                                                         

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar