USD514.65EUR544.6RUB5.17

БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІНІҢ ПСИХОЛОГ СЫНШЫСЫ

29 шілде 2024, 13:29
БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІНІҢ ПСИХОЛОГ СЫНШЫСЫ
БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІНІҢ ПСИХОЛОГ СЫНШЫСЫ

Қандай қоғам да балалар тағдырына алаңдай білуі керек. Өйткені, бала – қоғам келешегі. Қ.К.Тоқаевтың өткен екі жылды қатарынан «Балалар әдебиетінің кітаптары жылы» етіп жариялауын өз басым осылай түсінемін.  Ал, баланың  азығы – аузындағы ана сүтінен басталатын табиғи қорегі. Баланың рухани қорегі – «Бесік жырынан» басталатын балалар әдебиеті, өнер туындылары.

          Қазақ сынының сардары, балалар әдебиетінің кәнігі маманы  - Құлбек Ергөбектің «Адамның бір қызығы бала деген...» кітабының Мемлекеттік сыйлыққа көрсетілуін де өз басым осылай түсініп отырмын. Кітап түп-түгелімен – Балалар әдебиеті жайында. Сын мақалалар жинағы.

           Балалар әдебиеті сынын срараптау үшін алдымен балалар әдебиетінің өзі не?-деген сұраққа жауап беру керек шығар. Маман сыншыны тыңдайық:                                            

  «Балалар әдебиеті – белгілі бір ұлт әдебиетінің бастау бұлағы. Олай болатын себебі, бала – адамзаттың  алғашқы саналы жемісі. Олай болатын себебі, кез-келген әулет баладан өседі. Әулет дәулетке (ұлтқа) айналады. Әулет тұтас қоғамды құрайды. Қандай бала – сондай қоғам. «Человечество будет таким, какими мы  выростим своих детей»-дейтін Наталя Сац. (Соғыс жылдарында Қазақстанға ығысып келіп, алғаш жастар театрын құрған Н.Сац.) Олай болса бала – қоғамның басты байлығы. Өсемін деген ұлт ұрпағын өсіреді. Ұрпағын көбейтеді. Өсемін деген қоғам бала деп өбектей білуі керек. Келешекті ойлаған мемлекет -  балаларға жағдай жасауға тиісті. Өйтпеген жағдайда қоғам келешегі күңгірт. Олай болмаған жағдайда – ұлт келешегі үмітсіз. Олай болмаған жағдайда мемлекет келешегі де болмайды. Біздегідей қоғам мемлекетке емес, мемлекет қоғамға, қоғамның бүгінгі баласына қызмет етуі керек. Бұл түптеп келгенде, қоғамның  ертеңгі болашағына қызмет ету деген сөз! Балаға не керек? Алдымен, ана сүті, аздан кейін бала тағамы, әрі қарай қажетті қорек. Ол шүкір біздің қоғамнан табылады. Біз айтып отырған жағдай саналы адамның баласына ғана емес, санасыз хаюанатқа да тән. Ал саналы адам баласына (ұрпағына) рухани уыз керек. Руханият қай жастағы адамға да қажет. Ал, біздің кішкентай келешегімізге тек рухани уыз керек. Өйткені, кішкентай бөбек өзіне қандай руханият игілігі керегін өзі талғай, өзі таңдай алмайды. Оны талғап, таңдап беретін ата-ана,  тіпті тұтас қоғам болуы керек. Оны баршаға бірдей тілмен әдебиет атаймыз. Әдебиет жалпы ұғым. Оның ішінен біздің балғын жасқа талғап ұсынарымыз – балалар әдебиеті аталады. (12 бет ) дейді.

       Сөйтіп сыншының  сын кітабы – балалар әдебиетінің пәнін анықтау, оған сыншыл анықтама беруден басталады екен. Демек, сыншы көркемөнер туындыларын жанр-жанрға жіктеп саралайды, тақырып-тақырыпқа топтап талдайды.

Балаларға жазу, бүлдіршіндерге арнап өнер туындысын тудыру құдайдың бір ақыреті. Балалардың жас мөлшері, жас мөлшеріндегі психикалық, психологиялық ерекшелігі, көркемөнерді қабылдау ерекшеліктерін ескермесең еңбегің еш. Оны  Бейнелеу өнері туындыларын балалардың қабылдауындағы психологиялық ерекшеліктерді зерттеген өз басым бұл қиындықты жақсы түсінемін. Неміс, орыс ғалымдарымен бұл мәселені зерттеу барысында (ортақ кітабымыз шет елдерінде әлденеше рет басылым көрді) балалардың көркемөнерді қабылдау ерекшелігін бақылау жолында бұл қиындықтарға талай тап болдық.  Бұл қиындықтың үстіне баланың қай ұлттың жаратылысы екені де ерекше назарда болуы керек.

Айтып отырған қиындығымыз – балаға арнап көркемөнер туындыларын жаратушылардың алдына тартылатын сұрақтар. Ал, бүлдіршіндергі арналған әдебиетті талдау, таразылау үшін жазушы, суретшінің арғы жағында психолог болуы керек.

Қазақ әдебиетін оқып өстік. Оқып келеміз. Бірде бірінен қолға алып талдағалы отырған  туындысына орайластыра психология ілім-білімін пайдаланғанын көрген емеспін. Өкінішті. Балалар әдебиеті жайында жазылған «Адамның бір қызығы бала деген..»  кітабынан да әдебиеттануды байытатын басқа білім салалары еңбектері, айтылымдарын таппаспын деп ойлағам. Күдігім бекер болып шықты.  ХХ ғасырдың басында  әлеуметтік психология, дефектология, шығармашылық психологиясы ілімінің негізін салушы Л.С.Выготскийдің қымбатты ойлары, қанатты айтылым пікірлері, парасатты толғаныстары Құлбек Ергөбектің кітабының әр тарауынан табылып отырады екен. Бұлай болуы заңды да. Өйткені, балалар жазушыларының образдап бейнелейтіні – БАЛАЛАР. БАЛА – бесіктегі сәби, бүлдіршін, апыл-тапыл баласы, әлпеш жасы, бала, өспірім, жас өспірім... кете береді. Құлбек Ергөбек «Адамның бір қызығы бала деген...»  әдеби сын жинағында БАЛАНЫҢ қазақ тарихи жолындағы неше атасын келтіріпті.   «Балалар әдебиетінің классигі Корней Чуковскийдің «2-ден 5-ке дейін» (От 2-х до 5-ти) кітап жазуының себебі де осында ғой. Осындай жас мөлшерінің әрқайсысының психологиялық көркемдік танымын танымаса жазушы оларға қалай  мақтаулы шығарма жасамақ?! Сыншының да мәселеше келіп килігер жері міне, осы сәт!

БАЛАНЫҢ қалыптасуына қатыспайтын ілім жоқ. Сыйлы еңбекте сыншының  «Сырласу» аталатын кіріспесін «Мәселенің тарихи, этнологиялық, филологиялық негізіне үңілу» -деп тарататын себебі де осыдан.  Демек, балалар әдебиетінің сыншысы фольклорист филолог, тарихшы этнограф, демограф, педагог, психолог болуға, сол мамандықтардан хабары болуға тиісті. Балалар әдебиеті туындыларын сан түрлі ілім саласы басын қосып талдап, түсіндіріп беруі керек.

         Балаға рухани қрек беру жайындағы әңгімені сыншы «Бесік жырынан» бастайды. Жырдың архаикалық арғы замандардан желілеп бүгінгі ақындардың «Бесік жырына» жалғайды. Дәстүр және сабақтастық.

         «Бесік жырының» әр түрлі нұсқаларын буын-буын ақындар өлеңдері арқылы көрсетіп отырмыз. «Бесік жыры» фольклордан жазба ақындарға өткен, дәстүрлі түрде жырланып келеді.

-Әлди, әлди, қарғашым,

Сүт пісіп, шай қайнасын.

Дауысыңды жылаған

Аю естіп қалмасын.

Әлди, әлди, айбарым,

Жел сипаған айдарын,

Сиыр сауып ертемен,

Малды өріске айдадым.

Күнге ұқсап күлгенде,

Күлкің тәтті күйден де.

Есейші ерте, елпегім,

Су құятын гүлдерге.

Тау менен тас таң қалған

Жорғатайым тайпалған,

Осқырынып теппесін,

Қашшы асау  тарпаңнан.

Қуанышты ғұмырым,

Білмей қайғы құрығын (?),

Шіңгір-шіңгір кісінеп,

Құлдырай шабар, құлыным. (Қабылхан Күзембай «Бесік жыры»

// Жыл он екі ай. №6 2008. 64-65 беттер).

    Бүгінгі балалар поэзиясындағы кезекті «Бесік жырының» бірі. Әп-әдемі еміреніп басталған өлеңде әлденеше кәкір бар. Алғашқы шумақ тәп-тәуір. Тек «шайды» жұмсартып «шәйге» айналдыру керек. Сол секілді «аю естіп (?) қалмасын» емес, «аю есітіп қалмасын» болса бала жанына созымдылық болып ұялар еді. Бір өлеңді кейде оңтайымен табылған бір сөз ұстап тұрады. Мына өлеңде «елпегім» оңтайымен табылған  жалғыз сөз. Тек «елпегім» жалғызсырап тұр. Оның маңына өзара үйлесе кететін, бір-біріне көлеңкесін емес, сәулесін түсіретін, сөйтіп өлеңді тұтас үйлесімге  түсіретін өзге зәру сөздер табылмаған. Ақын балаларға арнап жазып отырғанын біледі. Білгендіктен де қарапайым болуға тырысады. Қарапайым сөздерді пайдалануы да дұрыс. Бірақ, қарапайым сөз өзара үндестікке түсіп, сәби көңіліне шуақ түсіре алмаса өлеңді қарабайырлыққа айналдырып жібереді емес пе?!

          Біз осы пікірге ден қоямыз.Фольклорлық «Бесік жыры» жайында ғой дерсіз. Дұрыс-ақ. Мейлі фольклор болсын, мейлі бүгінгі жазба ақындар болсын, «Бесік жырының» жанрлық табиғатына ден қойғанда тұрар тоқтам, түйер түйін осы болмақ. Жүрекке жылы лиризм, бала жанына сіңімді нәзіктік. Ең бастысы бала табиғатынан тууы, бала табиғатында қабылдануы керек. Ол болмаса, еңбек зая.»

Балалар туындысына назар сала қарағаны сонша айырмашылығы бір әріпке тіреліп тұрған «естіп» пен «есітіп» арасына дейін барып, талдап отыр ақын жырын.

                  Сылдырмақ

                  сылдырлап,

                  Бесікте тұрады.

                  Бөпешім

                  Былдырлап,

                  Сылдырмақ

                  Ұрады.

                   Бас алып,

                   Қолға алып,

                   Ауызға салады.

                   Сол кезде сылдырмақ

                   Сөйлемей

                   Қалады.

         Жақан Смақовтың өлеңі. Бір қарағанда жәй өлең. Ал, сыншы өлеңдегі Бесікте жатқан сәбидің әр қозғалысын, қимылын психологиялық жағынан бағып, сылдырмақты ақынның қалай сөйлеткеніне дейін назар аударып, қыртысына дейін жеткізіп талдайды. Өлеңді классика деп таниды.

   Тағы бір өлеңді  сыншы былай талдайды: «Өлеңді сәби үніне, уіліне, тілі шығар шықпас  кезеңіндегі былдырлаған үніне құру да – Жақан әдебиетке әкелген жаңалық. Ішкі ұйқасты берік қалайтын, ішкі ырғақты қатаң бақылайтын ақын

       «Уілде бөпем,  у-у-у»,

     Гуілде бөпем гу-гу-гу»-деп те өлең жазыпты. (168-169 беттер)»

   Өзіміз көзін көрген Өтебай Тұрманжановтың бір өлеңін келтіреді. «Шыбық тимес, шыңқ етер» аталады өлең:

     Шыбын қонса басына,

    «Ойбай мені шақты» деп,

    Бала отырса қасына,

    «Құлағымды тартты» деп

   Бәле салып қыңқ етер, -

секілді болып келеді.  Бұл қай бала? Бұл қазақ баласының мінезі. Қазақы қиқар мінезге құрылған өлеңді  қазақ психологиясы, қазақ баласының мінез-құлқы тұрғысынан талдайды. «Бұл – кәдімгі шыбық тимес, шыңқ етердің өзі. Баланың бар қиқар мінезі тізілген соң тақпақтың  неге «Шыбық тимес, шыңқ етер» аталғанына көз жеткізесіз. Әрі, осы мазақтама шебінде жазылған тақпақ  халық айтқан аталы сөзді негізге алу болып шығады. Өйткені, халық аузында «шыбық тимес, шыңқ етер» деген ұғым бар. Олай болса, бұл бір жағынан халықтық ұғымды тірілту,  бір жағынан қиқар баланы сынау, мінеу болып табылады. Бұл – тақпақтың мазақтама өлеңге  барып ұласар шағы!-дейді сыншы.

          Зер салып қарасаңыз балалар жырлайтын балалардың жас мөлшері де біртін-біртін есейіп келеді. Сыншы талдайтын балалар өлеңі де сол жасқа орай ілгерілеп, сыншы талабы да күшейіп келеді.

         Әрине, Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған «Адамның бір қызығы бала деген...» әдеби сын кітабы балалар әдебиетіне арналған. Онда бір қазақ қана емес, орыс және әлем балалар әдебиеті ақын-жазушылары шығармалары да өзара үйлесімді қатыстырыла әңгімеленеді екен. С.Маршак, К.Чуковский, С.Михалков сияқты ақындар – балалар әдебиетінің бір дәуірі болып өтті ғой өмірден.  Сол секілді Ө.Тұрманжанов, М.Жаманбалинов, Ж.Смақов, Ә.Дүйсембиев секілді ақындардың да қазақ балалар әдебиетіне сіңірген еңбегі орасан үлкен. Бұрын-соңды бұлардың  балалар әдебиетіне сіңірген еңбегі әдеби сында әңгіме болған емес.

         Солардың әрбіріне зер сала көркемдік шарты тұрғысынан саралайтын, түрік халықтары балалар әдебиеті фонында тақырыптық тұрғыдан талдайтын Құлбек Ергөбек шын мәнінде балалар әдебиетінің психолог сыншысы!

            «Адамның бір қызығы бала деген...» балалар әдебиетінің ұңғыл-шұңғылына дейін зер салып, бөлшектей талдайтын әдеби сын еңбегі Мемлекеттік сыйлыққа лайықты бірнеше ғылым шебінде туған сәтті еңбек деп білемін.

Лесхан СМАНОВ,

Педагогика ғылымдарының докторы, профессор

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar