USD483.23EUR534.74RUB5.12

Өнер жанашыры өрелі іс жасады

27 ақпан 2020, 10:24
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында жаһандану дәуіріндегі қазақстандық мәдениеттің бүгіні мен болашағына үлкен мән береді: «Біз ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз. Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы сая¬сат¬тағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек» деген болатын. Шыныменде, бір елді танып, білу үшін сол елдің тілімен мәдениетіне бірден назарымызды аударатынымыз анық. Сол себепті де мәдениетіміз бен ұлттық мұраларымыз елдігіміздің белгісі болып саналады. Жақында Семей қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай мәдениет қайраткері, Моңғолия мемлекетінің «Құрметті азаматы», өнер жанашыры Азаматов Адай Зейноллаұлымен «Өнерді өміріне ту еткен» атты кездесу кеші өтті.
Өнер жанашыры өрелі іс жасады

Талай жылдардан бері киелі өнердің тізгінін ұстап, өнер дейтін ауыр жолдың азабы мен ғажабын бірдей татып келе жатқан өнер адамдарының тілін тауып, тамырын басу екінің бірінің қолынан келе бермейтін ептілік. Халықты рухани құндылықтармен сусындатып, талантты жастардың жолын ашумен қатар, Адай Зейноллаұлы өлкеміздің тарихына қажетті, келер ұрпақ тағылым аларлықтай құнды дүниелерді де жинақтап жүрген екен. Кездесу барысында сол құнды жәдігерлермен өнермайталмандарының өмірінен сыр шерткен естеліктерді табыс етті.  

Қайрат Сабырбаев,

облыстық тарихи-өлкетану

музейінің директоры:

- Бүгін біздің облыстық тарихи-өлкетану музейінде Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай, мәдениет қайраткері, өнер жанашыры Адай Зейноллаұлымен «Өнерді өміріне ту еткен» атты кездесу өтуде

Бұл кісі музей қорына бірқатар заттар табыстады. Олардың ішінде қолөнер шеберлері жасаған «Астана-Бәйтерек» монументінің макеті, Әміре Қашаубаевтың, Тұрсынғазы Рахимовтың мүсіндері, Роза Бағланованың дауысы жазылған аудиотаспа Моңғол халқының мөөрінқор атты ұлттық аспабы бар. Жалпы саны 12 зат.
Осыдан бір ай бұрын мемлекеттік сыйлықтың иегері Тыныштықбек Әбдікәкімов музей  қорына өзінің бірталай дүниесін өткізген болатын.

Өнер саласында жүрген соң басқа мемлекеттермен барыс-келіс болып тұрады. Адай ағамыздың өткізіп отырған мөөрінқор аспабы Моңғолия мемлекетінен келген. Мұның барлығы өлке тарихына деген үлкен құрмет. Ұрпаққа мұра. Елдің ішінде көптеген көне заттарды көзінің қарашығындай сақтап отырған адамдар бар. Жақында қаламыздағы бір зағип жан 150 жыл сақтаған көлігін әкеліп тапсырды. Мұның барлығы музейге деген жанашырлықты көрсетеді. Адай Зейноллаұлының мәдениет саласында талай жылдардан бері келе жатқандығын бүкіл халық біледі. Өзінің өнер жолында халыққа көптеген туындылар ұсынды. Соның бірі Қазақстанның халық жазушысы, көсемсөзші, жерлесіміз Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» атты кітабынан пьесса қойған болатын. 85 жылдығында Абай театрына келіп, сол пьесаны көріп, Әз ағаң көзіне жас алған еді.

Семей өнерінің өркендеуіне, қазақ жастарының жарқырап көрінуіне зор үлесін қосып келеді. Бүгінгі тапсырып отырған дүниелері, осы музей қорында сақталып, халық үшін қызмет жасайды деп білеміз.

Ф.Достоевский атындағы театрдың

директоры,  Я. Горельников:

- Құрметті көрермендер, әріптестер! Өздеріңіз көріп отырғандай, барлық лебіздерін білдірушілер Адайдың азаматтығын айтып жатыр. Мен осындай өнерге таза, шынайы көңілімен қарайтын өнержанашырымен мақтанамын. Бүгінгі кездесудің өткеніне өте қуаныштымын. Адайдың адамдармен тіл табысуын, достығын, сыйластығын ерекше құрметтеймін.

Жұмыс барысында да, өмірде де жан-жақты деп айтар едім. Әркезде өнер адамдарына жақын жүреді. Адай Азаматовпен мені өнер табыстырғанына ризамын! Бүгінгі кеш құтты болсын! Отбасына амандық, мықты денсаулық тілеймін!

Аймұханбет Бейсембеков,

мәдениет қайраткері:

               - Құрметті халайық!  Бүгінгі шараның маңызы зор. Ұрпаққа аманат боларлықтай дүниелер музей қорына табысталып отыр. Музей ашылған кезде бай да, кедей де қолында бар жәдігерлерін осы қорға әкеліп тапсырған болатын.

Соның көбісі Абай Құнанбаевтың мұралары. Бүгінде сол ұлы ақынның ісі жалғасып жатыр. Семей өңірінен шыққан ақын, жазушылар өздерінің құнды дүниелерін өткізіп жатыр. Адай өнердің қазанында қайнап келе жатқан азамат. Жастайынан өнерге араласты. Абай атындағы театрдан жұмысын бастап, сол салада міне әлі келе жатыр.

Қозы Көрпеш - Баян сұлудың 500 жылдығына орай, Аякөз қаласында концерт өтетін болып, оркестр жоқ. Сол кездегі басшылықтың тапсырмасымен аз ғана уақыттың ішінде оркестр құрылды. Соның барлығы осы Адайдың еңбегі. Оркестр Москвадағы Чайковскии атындағы залда концерт берді. Айта берсек, жетістіктері өте көп. Адайдың өнердегі сара жолын кейінгі жастарға берсін!

Адай Азаматов,

Шығыс Қазақстан облыстық мәдениет

басқармасының Семей өңірі бойынша өкілі:

 - "Семей өңiрi - қaзaқ тaрихындaғы киелi өлкенiң бiрi. Сондықтaн, елдiң рухaни дaмуындa ерекше орны бaр Семей қaлaсын тaрихи ортaлық ретiнде белгiлеген жөн. Ұлы Aбaй мен Шәкәрiмнiң, Мұхтaр Әуезовтiң кiндiк қaны тaмғaн өңiр aйрықшa құрметке лaйық", – деп  Президент мaқaлaсындa айтып өткендей, Семейдегі әрбір ғимарат, тарих қойнауынан сыр шертеді.

Бүгін міне өзімнің жеке қорымда сақталып келе жатқан бірқатар құнды дүниелерді музейге тапсырып отырмын. Қазақ елінің мақтанышы Нұр-Сұлтан қаласында тұрған бәйтерек монументінің макеті, Моңғолияның мөөрінқор аспабы және біздің қайталанбайтын өнер иелері, Тұрсынғазы Рахимов, Әміре Қашаубаев сынды саңлақтардың ескерткіш бюсттері өткізіліп отыр. Моңғолия еліндегі өнерпаздармен жұмыс жасадық. Барыс-келіс тығыз байланыста болды. 2011 жылы Баянөлгей өлкесінің «Құрметті азаматы» деген атақ берді. Музейге тағы екі төсбелгі бердім. Тұрсынғазы Рахимов пен Әміре Қашаубаев атындағы төсбелгілер. Мұның барлығы жас өнер адамдарына талпыныс береді. Өнер адамдарымен тіл табысу қиын. Ол кісілер қылт етпе келеді. Әрқайсымен әртүрлі сөйлесу керек. Кейбіреуіне қатты айтасың, кейбіреуіне еркелетіп айтасың. Қазір күліп отырып, ренжіп қалып сахнаға шықпай қалуы мүмкін. Ойларындағысын бүкпесіз айтып тастайды. Қайда жүрсемде «Өнер адамдарын аялап жоғары ұстаңдар. Біз өнер адамдары үшін қызмет етеміз. Ал, өнер адамдары халық үшін қызмет етеді» деп айтып жүремін. Бұл менің өмірлік ұстанымым десем де болады. Ә.Қашаубаев атындағы филармонияда Б.Төлегенова атындағы оркестріміз бар. Жергілікті сазгерлердің де әндері мен шығармалары көп орындалады. Бекен Жамақаев, Теміржан Базарбаевтың көптеген әндерін Дауыл Хайруллин орындап жүретін. Ол кісі сияқты ешкім орындай алмайтын шығар. Мәдениет Ешекеев қандай еді. Болат Сыбановты айтар едім, Болаттың орындау шеберлігі бөлек. Бүгінгі жастардың ішінде Гүлдана Ноғайбаева бар. Әкесінің көзін көрдік. Рахымбек Ноғайбаев атақты дерижер болды, қаншама әндері қалды. Айта берсек, таланттардан кенде емеспіз. Келесі жылы Тұрсынғазы Рахимовтың 70 жылдығы соған орай, халықаралық деңгейдегі шараларды өткізгелі отырмыз. Жоспар өте көп.

Ұлттық мұрасын, көне жәдігерлерімен қымбат естеліктерін көзінің қарашығындай сақтайтын қазақ деген елдің Адай сынды асыл азаматтары барда қай елде, қай жерде болмасын мәдениетіміздің шоқтығы биік болары анық.

Мақпал МАРАТҚЫЗЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

6 сағатқа жетпей
27 қыркүйек 2024, 10:07
ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar