Жолдасова Абат Қызылорда қаласындағы №121 Қабылов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болған. Абат Жолдасқызының «Атадан –тағылым, әруағына-тағзым» атты кітабында Абай еліне келгендегі сапары жайлы кеңінен баяндайды. Кітапта 2005 жылы Абайдың 160 жылдығы, Абайдың Мемлекеттік қорық-мұражайына 65 жыл толуына орай өткізілген республикалық семинарда алған әсерімен тағылымды сапар жайында анық айтып өткен. Сол жолы Абай елінен келген соң, қатты әсерленген талантты ұстаз Жидебай естеліктерінен бастап қағазға түсіре бастаған. Абайды бірінші руханият нәрімен сусындатан Зере әжесі жайында да бар.
Ұлылар еліндегі әрбір естелікті, тарихи оқиғаларды көркем тілмен бейнелеген. М.Әуезовтің «Абай жолы» романы бойынша Құнанбай бейнесін танытуға арналған тақырыпты жан-жақты зерттей келе оқушыларға өмірдегі шын Құнанбай бейнесін санасына жеткізу архив деректерін пайдаланып, киноленталар көрсету арқылы тереңде тиянақты білім бере білді. Құнанбай бойындағы жақсы қасиеттерді саралай келе, халық даналығымен ұштастырады.
«Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» демекші, жылдар белесінде алмас қылыштай ғибратты тәлімімен жарқырай түскен Құнанбай бейнесі арқылы көптеген тәжірибе жинақтады. Абайтанушы, Академик М.Мырзахметовтың жетекшілігімен ғылыми жұмысын қорғаған.
«2000 жылы Жидебайда өткен Республикалық «Абай оқулырында» шәкіртім Ибрашева Сандуғаш жүлделі 3-орынға ие болды. Қармақшыдан, Аралдан барған қыздарды Сандуғашпен бірге Мінәш апайға алып бардым.
Үшеуі де апаймен ұзақ сұқбаттасып, сұрақтар беріп, апайдан Абай, Шәкәрім жайында біраз мағұлматтар естіп, апайдың қасында қонып, ертеңіне қонақ үйге келдік.
Үшеуіне де алдын ала тапсырма бергенмін. Әсіресе, «Абай жолы» романдарын қайталап оқу керектігін, Жидебай, Бөрілідегі ділмәр аталары кездесе қалса сұрақтар беріп қалса, ұят болмасын деп, қайта-қайта талап қойғанмын. Осы үш қыздың біліміне разы болдым. Абыроймен келдік. Келесі жылы Сандуғашты Махамбет оқуларына даярладым.
2001 жылы жетекші ұйымға Семейдегі Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің Қайым Мұқаметханов, Арап Еспенбетов бастаған ғалымдар тобы белгіленді»-деп жазған өз естелігінде.
Осыншама құнды дүниені зердесіне түйіп, саралап, ұрпақ бойына тағылымды тәрбие бере білген ұстаз, абайтанушы Абат Жолдасқызы жақында тағы бір мәрте ұлылар еліне сапар шегіп, тағзым жасап қайтты.
Бүгінде бүкіл Әлем басын иген ұлы ақынның құнды дүниелері барша қазақ баласына ортақ мұра, табылмас жәдігер. Ал, асылдардың аруағына тағзым етер ұрпақ қашанда ұлттың рухын өшірмейтіні анық.