Абайдың 175 жылдығына арналған шарада әлем әдебиеті мен қазақтың көрнекті жазушыларының суреттері қойылған көрме ұйымдастырылды. Шараға қала бойынша мектептер мен барлық оқу орындарының студенттерімен оқытушылары қатысты. Алматы, Астана қалаларынан келген өнер жұлдыздары сахнаны әнмен күйге бөледі. Абай мұрасы, тағылымының өміршеңдігін осындай игі істерден көруге болады.
Әлішер Мархабат,
облыс әкімінің орынбасары.
- Еске сала кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың 30 мамырында арнайы Жарлық шығарып, ел Үкіметіне тапсырма берді. Жарлықта 2020 жылы қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрудан басталатын ауқымды жұмыстарға нұсқау берілді. Ал, 2020 жылдың 9 қаңтарында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан" атты мақаласы жарияланды. Мемлекет басшысы "халқымыздың ұлы перзентінің мерейтойын лайықты атап өту үшін арнайы құрылған комиссия дайындық жұмыстарын бастап кеткенін, мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отырғанын" айтып, тарихи мерзімнің маңыздылығын атап өткен болатын. «Бірақ мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сол кезден бері бұл жұмыс қолға алынып, атқарылуда. Ең алдымен Нұр-Сұлтан қаласында ашылу салтанаты өтті. Бүгін Семей қаласында өтіп жатыр. Бұл бастамасы ғана. Абай тойы әлі де жалғасын табады. Жалпы біз жыл бойына 500 шара өткізуді жоспарлап отырмыз. Оның барлығы ауқымды, терең деңгейде өтеді. Халықаралық, републикалық деңгейдегі шаралар да болады. Құрметті семейліктер, сіздерді тағы бір мәрте Ұлы Абайдың 175 жылдық мерей тойымен құттықтаймын!
Жұмағайша Балтекенова,
қала тұрғыны, зейнеткер:
- Құрметті халайық. Бүгін ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған мерейтойдың салтанатты ашылуы болды. Жақсы көңіл –күйдеміз. Сахнада өнер көрсеткен әншілердің әндері өте керемет. Осындай мейрамдарда қазақтың дәстүрлі әндері шырқалғаны қандай ғажап. Теледидардан көріп, әніне тамсанатын Гүлмира Сарина, Ерлан Рысқалилардың дауысын естіп, өнерлеріне тәнті болдық.
Біздің Семей қаласындағы Ә.Қашаубаев атындағы филармонияның әншілері Мейрамбек Ахметов, Берік Омаровтардың да өнерлерін тамашаладық.
Абайдың кейінгі ұрпаққа қалдырған асыл мұрасын сахнада оқушылар да, үлкен адамдарда оқып, тағзым жасауда. Мен өзім бес бала өсірген анамын. Бес баламызда осы Семейде қасиетті топырақта оқып, білім алды. Семей жері сонысыменде ыстық. Бұл қалада Абайдай дананың, Шәкәрімдей кемеңгердің, Мұхтардай заңғар жазушының басқан ізі қалған. Абайдың 175 жылдық мерейтойы бүкіл қазақ елінің тойы. Бүкіл әлемнің тойы деп білеміз. Абайдың өсиетімен, өлеңдерімен, асыл мұрасымен біз ұрпағымызды тәрбиеледік. Адалдықтан аттамаған адам, түбінде биікке шығады. Мен өзім мамандығым статист. Талай жылдары Тарбағатай ауданында еңбек еттім. Бірақ, Абайдың, Шәкәрімнің өсиет сөздерін тыңдап, зердеме құйып, ұққанымды, көкейге түйгенімді балаларымның санасына құйып өсірдім.
Қазіргі балалар кітап көп оқымайды. Ұялы телефонға тәуелді болып қалды. Солар бір уақыт кітап оқыса қандай керемет. Абай жолын оқып, ұлылар еліне саяхаттап, ұлттық мұрадан сусындап, «Мен қазақпын» деген мықты азаматтар болып өсер еді. Тым болмағанда, қазақ тілін жетік біліп шығар еді. Абай тойы, құтты болсын! Абайдың 180,190 жылдығын аман есен тойлауды Алла нәсіп етсін!
Тәуелсіздігіміз тұғырлы, ана тіліміз ғұмырлы болсын!
Вилена Жакупова,мұғалім:
- Бүгін көптен күткен ұлы Абайдың 175 жылдық мерей тойының ашылу салтанаты болды. Менің ойымша әрбір қазақ Абайды біліп, жаттап, көкейіне түйіп өсуі қажет.
Абайды оқыған адам, ешқашан адамдықтан, адалдықтан аттап кетпейді. Себебі, барлық білім, тазалық, даналық, қазақтың дәстүрі, болмысы осы Абай жолы мен ақынның өлеңдерінде тұнып тұр. Мектепте «Абай жолынан» қысқа ғана үзінді берілген. Жалпы, толықтай «Абай жолын» мектеп бағдарламасында оқытса, өте тиімді деп ойлаймын.
Абай бірінші қара сөзінде былай дейді: «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық - әурешілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал, енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын». дейді. Мен бұл қара сөзді мектептен бастап білемін. Менің санама мәңгілкке жазылып қалған. Абай осындай өсиетке толы ойлы қара сөз өлеңдерімен құнды.
Өмірін жақсы өткізу де, жаман өткізу де әр адамның өз қолында. Абай бұл сөзді осыдан бір ғасыр бұрын айтып кеткен. Ұлылардың өмірі мен тағылымы арқылы ұрпағын тәрбиелеу - әсіресе қазақ халқында ежелден–ақ келе жатқан үрдіс. Бұл жерде сөз өнерінің атқарған орны ерекше болған. Ұлтымыздың осы бір жақсы әдет-салты бүгінгі тәрбие үрдісінде тиімді екені даусыз мәселе. Адамзат ақыл-ойы, ақындығының ірі тұлғасы Абай тағылымы білімнің де, тәрбиенің де қайнар бұлағы екені түсінікті. Ұлы ақынның қай шығармасын алмайық, оның алтын қазығы – Адам. Ал, оны ғалымдар, психологтар енді айтып жүр. Баянды ғұмыр кешіп, ешкімді алдамай, арбамай өмір сүрсең бақытқа жетесің дегенді айтқан да Абай.
Абай десе, қазақ, қазақ десе, Абай еске түсетін ұлы даланың ұрпағы екенімізді әркез мақтан етейік.
Шыныменде қара сөздерінен де, өлеңдерінен де, поэмаларынан да адамдықтың, адалдықтың, махаббаттың мазмұны көрініп тұратын Абай мұрасы мәңгілік мұра.
Абай өзінің аса дарындылығы, ой өрісінің тереңдігі, халқына деген қамқорлығымен әлемге танымал болды. Ұлы ақынның дүниеге деген көзқарасы ерекше. Оны біржақты бағалауға, бір бояумен көрсету мүмкін емес.
Ақын әсіресе, өмір мен өлім, әділдік пен адалдық туралы ойланады. Талай ғалым, ақын, жазушы бүгінде ақынның құнды мұраларын зерттеу үстінде. Абайдың мұрасы қанша ішсеңде сусының қанбай, қанша зерттесеңде түбі жоқ терең тұңғиық мұра.
Биылғы 175 жылдық мерейтойы әлемдік деңгейде, халықаралық тұрғыда тойланып, тағылым аларлықтай есте қалса дейміз. Еңкейген кәріден, еңбектеген балаға дейін Абайды жаттап өскен елдің ұрпағымыз.
Бүгінде бастау алған бұл мерейтой, Абай туған топырақ, Семей қаласының да еңсесін көтеріп, беделін биіктетсе екен. Президенттен қолдау тапқан статус беру мәселесі қолға алынып, ұлы тойдың қарсаңында ұзатылар қыздай болып қаламыз көркейіп, гүлденіп кетсе деген үкілі үмітіміз де жоқ емес.
Ұлы ақынның тойымен қатар, қаламыздың да қадірі артса екен.
Мақпал МАРАТҚЫЗЫ