Ең көп адам ойнаған күй
2010 жылы Қытайдағы Толы ауданы қазақтарының арқасында домбыра Гиннестің рекордтар кітабына кірді. Бұл туралы ақпарат таратқан "Азаттық Радиосының" мәліметінше, 10450 домбырашы Дәулеткерейдің "Кеңес" күйін бірге орындап, рекорд жасаған. Жаппай орындауға дайындық екі жылға созылған. © chinanews.com Алдымен 160 адам ауданның шебер күйшілерінен тәлім алап, өз кезегінде олар басқаларға да үйреткен. Шыдамдылық пен ерен еңбектің арқасында Толы қазақтары діттеген мақсатына жетті. Гиннестің рекордтар кітабының өкілдерін таңғалдырып, рекорд орнатты.
Ең кішкентай домбыра
2012 жылы қытайлық қазақ Болатбек Кәрімханұлы әлемдегі ең кішкентай домбыраны жасап шықты. "Айқын" газетіндегі мәліметке қарағанда, домбыраның ұзындығы - 4,5 сантиметр, ені - 1,4 сантиметр, биіктігі - 1,2 сантиметр ғана болатын қос ішекті аспапты инемен шертіп, ойнауға болады. Дауысы дұрыс шығу үшін қаражиде ағашын алып, әрбір бөлшегін жеке жонып, бір-бірімен қиюластырып отырады. Сырт пішінін қазақы ою-өрнектерімен безендіріп, әспеттей түседі. Тексерудің нәтижесінде домбыра барлық талапқа сай екені дәлелденіп, онымен толыққанды күй ойнауға болатыны айтылды. Нәтижесінде ол Гиннестің рекордтар кітабына енді. Болатбектің ендігі арманы - ең үлкен домбыраны жасап шығару.
Ең үлкен домбыра
Қытайдағы қандастарымыз әлемдегі ең үлкен домбыраны жасаған. ҚХР Құлжа ауданында тұратын ағайынды домбыра жасау шеберлері Бақытнұр мен інісі Бақыткелді Аренғазыұлы ұзындығы 7,5 метр, шанағының кеңдігі 1,8 метр келетін алып домбыраны жасап шыққан. Ағайындылар қазақтың домбырасын жасаудан Қытай еліне танымал азаматтар екен. Оларға "Қазақтың ұлттық мәдениетінің мұрагерлері" деген атақ та берілген. Алыс-жақынға танымал Абай және Жамбыл домбыраларын ойып жасаудың шеберлері "Қос домбыралы шаңырақ", "Қондырғылы домбыра" өнер туындылары Қытай мемлекетінің ең үздік туристік музыка кәдесыйы болып бағаланған. Бұл алып домбыра Қытайдағы қазақтар жиі қоныстанған Іле қазақ автономиялы облысының құрылғанына 60 жыл толуына орай дүниеге келген.