Бүгінде сөзі мағынасыз әндер көбейіп кетті. Сахнаға шығып ән айтып, тіпті бір айда бірнеше бейнебаянның тұсауын кесіп, әнші атанып жүрген «жұлдыздар» да жетерлік. Сондықтан болар саны көп, сапасы аз қазақ әндері көбейіп барады.
Қазіргі заманның әншілері музыка өнерін арзан атақ әперетін бизнес көзіне айналдырып алғандай. Тіпті, екінің бірі бесаспап болып алды ма, өзі жазады, өзі айтады. Мән-мағынасы жоқ әндерді тыңдап, жастар да қалыс қалмауда. Сөздің шыны керек, әннің сөзіне емес, әуеніне ырғалып, еріп бара жатқандаймыз. Ең бастысы әуені ұнаса болғаны, сөзіне назар салып жатқандар қазір жоқтың қасы.
Ескісі қалады, жаңасы келеді. Десе де, сөз құдіретін ұғынатын халықпыз. Қазір қандай ән тыңдап жүрміз? Көбіне мән-мағынасы жоқ, түсініксіз, қайталама, жаргон сөзді әндер. Сонда ақындар қандай әннің мәтіндерін жазып жүр, әлде, тыңдарман шынымен талғамсыз ба?
Қазірдің өзінде сөздері түсініксіз әндердің дәурені жүріп тұр деп айтсақ қателеспейміз. Желі арқылы танылып үлгергендер тамылжытып ән салмаса да, әнші атанып үлгерді. Үндемейтін едік, егер сөзі мінсіз, тіркесі тастай, ұйқасы ұғынықты болса.
«Анда барсам жоқ, жоқ, мында барсам жоқ, жоқ» деп Ерке Есмахан, «Чип-чип-чип» деп Асхат Тарғын, «Опмай-опмай» деп «Бақай» тобы мен «Азия» тобы шырқаса, ал Кәмшат Жолдыбаева «Пия, пия» деп әндетіп жүр.
Сол әндердерді естіп «Зың-зың-зың» деп алақаныңызды аспанға қаратып билей беруге тура келеді. Қысқасы, қазіргі ән мәтіндерінің сиқы– осы. Неге мұндай әндер (егер ән деуге келсе) ел есінде тез жатталып, хитқа айналады? Біздікілер сөзін түсінбесе де, шетелдің әнін тыңдай береді. Ал, қазақ әндерінің музыкасы келісіп, көтеріңкі болса, тыңдауға жарайды. Яғни, жұртшылықта өзгеге еру еселеніп, өзінше ой қорыту азайып барады.
Жастар арасындағы жаргон, диалект сөздердің басын біріктіре отырып, жай ғана жеңіл ұйқасқа, жеңіл әзілге құрылған осындай әндер де тыңдарманның назарын өзіне аудартып, танымал болып жүр.
Құдаларым билеп отыр дейді,
Құдашалар билеп отыр дейді.
Нағашы жұрт билеп отыр дейді,
Құдағиым билемейді дейді.
Ал класстастар қайда?
Менімен биле дейді, бұл «дискотека» дейді,
Денеңді бос ұста дейді, из девяноста дейді.
Ал жетпіс тоғыздар қайда?
Бұл – тойда да басқасында да хит болып жүрген «Бақай» тобы мен «Азия» тобының орындауындағы «Опмай-опмай» әні. Опмай сөзі жалпы қайдан шыққан? Біздің сөздік қорымызда мұндай сөз бар ма еді? «Опмай, опмай, мыналарың қайтед?» дегендей шын өнерді тобықтан қаққан заман. Халықтың рухани әлемінің қорегі – осындай әнсымақтар. Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін осы әнге есі кете билегендерін көріп жүрміз. Заман талабына қарай мұндай бағыттағы арзан дүниелер халықты билету үшін керек те шығар. Алайда, сөзіне мән беру керек-ау. Онымен қалса, дәл осындай атаумен «Опмай-опмай» деген бағдарлама да бар екен.
Мұндай мағынасыз сұраққа толы мысалдарды тізіп тауысу мүмкін емес те шығар… Ән – көптің күш қосып бірігуінен туатын жалпылама өнер емес, жеке тұлғалардың ілуде біреуіне ғана қонатын жалқы өнер. Сондықтан, ән қасиетін ұға білген арғы ата-бабаларымыз әншілерді жеке-жеке бағалап, әр әншінің дарынын жеке-жеке тани білген.
Әнші қауымы қандай ән орындамасын патша көңілді көрерменнің көңілінен шықса болғаны. Танымы кең, талғамы биік бабалар салған өнерді қадірлеп, жандандырып сол жолдан жаңылмасақ екен…
Әлия НҰРБЕКҚЫЗЫ