Сондықтан да қазақ мәдениетінде, қазақ ән елі өнерінде Шахимардан Қайдарұлының орны бір төбе. Өнер әлеміне қадамбасар алдында дипломдық жұмысын «Абай» операсындағы Абай партиясын орындап қорғаған Әбіловтің ұлы кемеңгердің ойына үңіліп, жан әлемін нұрландырған шағы басталған еді. 1981 жылы басталған жол 41 жылдан бері үздіксіз ізденіспен жалғасып келеді. Алты құрлықтың қай түкпіріне барса да, алдымен Абай әлеміне тағзым етуден бастайтын өнер тарланы Абайдай алып мұхиттың тереңіне сүңгіген сайын көкірегі сәруар шуаққа толатынын қуанышпен әңгімелейді.
«Абайсыз өткен күнім жоқ, - дейді әнші. - Егер бір сәт Абайды оқымасам, оның иірімі бөлек әндерін іштей ыңылдап, көкірегіме құймасам, онымен сырласпасам, жандүнием жүдеу тартып, жетімнің күйін кешемін. Менің дертім - Абайдың дерті. Тұтас әлемді шарпыған түрлі жағдайларға көзсалғанда, айналамдағы қоғамдық процестер мен жеке адамдардың басынан өтетін әрқилы тағдырларға назар аударғанда, «Осы іске Абай қалай қарар еді? Қалай жауап берер еді? Қалай күйінер еді? Қалай сүйінер еді?» деген сұрақтар ойымнан кетпейді. Кешегі қаралы қаңтар оқиғасы неден туды? Адамдар санасын неге қараңғылық тұмшалап барады? Биік мінбердегі кейбір мырзалардың тойымсыздығы мен ашкөздігі қайдан шықты? Осының бәрі өзегімді өртейді. Меніңше, қарапайым халықтан жоғары элитаға дейін Абайды шыт жаңа түсінуге, оқуға, жай оқып қоймай, Абайдың жолымен жүруді үйретуіміз керек сияқты.
Абайдың 150 жылдық мерейтойы әншінің атын алыстарға шарлатты. Сол жылы Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, 50-ден астам концерт қойды. Репертуары - Абай әндері. Қазақтың қай қаласына барса да, ұлы ақынның рухани кәусарына шөліркеген жұртшылық әншіні қолдап, тебірене тыңдаумен болды. Ал, шетелдегі сапарлардың жөні бір бөлек. Шетелге алғашқы сапар Лондоннан басталды. Қазақтың біртуар перзенті, жазушы Роллан Сейсенбаев Лондон төрінен «Абай» клубын ашып, мерейтойға орай салтанатты кеш өткізеді. Скрипкашы Марат Бисенғалиев, ән дүлдүлдері Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаевпен бірге Шахимардан Әбілов Абай ариясы мен Чайковский романын орындайды. Қазақтың кіл өнер майталмандарының концертін атақты Лондон камералық оркестрі сүйемелдеді. Бұл концертке Еуропаның әйгілі өнерпаздары қатысып, жоғары деңгейде өткен кешке жоғары баға берді. Би-Би-Си: «Лондон төрінде керемет мәдени оқиға болды. Қазақстан әншілерінің концертіне қатысқан жұртшылық тамаша әсерге бөленді» деп жазған кезі - осы.
Әнші бұдан кейін көптеген концерт берді. ТМД көлемінде қазақ әншісі бармаған ел жоқ. Жапонияның астанасы Токиода, Хиросима, Нагасаки қалаларында Әбілов салған әнге, ол берген кештерге ағылған жұрт қарақұрым болатын. Ал, Италия, Түркия, Финляндия, Польша, Швеция, Португалия, Германия секілді әлемнің әр түкпірінде өткен гастрольдік іс сапардың ғана емес, ол - Абайдан бөлек, Чайковский, Рахманинов, Шуберт, Брамс, Моцарт сияқты композиторлардың әндері мен романстарын тек өзіне тән мәнермен орындаудың шебері.
Сымбат ҚАЙРАТҚЫЗЫ