USD514.65EUR544.6RUB5.17

Әннің де естісі бар, есері бар...

25 шілде 2022, 15:41
Бүгінгі таңда тыңдасаң құлақ құрышын қандырар әндер азайып бара жатқандай. Бұрынғы апаларымыз тәрізді бұлбұл дауысымен, қазақы нақышымен талайды тамсандыратын әншілер бүгінде саусақпен санарлық. Қазақ эстрадасының жарық жұлдыздарына айналған аға-апаларымыздың соңынан еріп келе жатқан жас буын өкілдері әннің мәні мен мәтініне аса назар аудармайтын секілді ме қалай? Адам баласының жүріп-тұрғанына дейін әнге айналдырып жіберетін жас буынның бұл ісіне тоқтау бола ма? Қалай дегенмен «сахна» киелі орын емес пе?
Әннің де естісі бар, есері бар...

Қоңыр дауысымен халықтың жүрегіне жол тартқан, баршамызға қадірлі «МузАРТ» тобындағы ағаларымыздың өнерін қадірлеп, сол кісілердің  ізімен келе жатқан жастар бүгінде сахна төрінен өз орындарын тапқан. Алайда, таяқтың екі ұшы болатына тәрізді сахнаны сәнге айналдырып, аузына түскенді ән қылып жүргендер де жоқ емес. Үйдегі «көк жәшіктің» арғы жағынан мәдениетті тұлға болып көрінген жас әншілеріміз әлеуметтік желіде өздерін белсенді қыламыз деп әрнені сәнге айналдырып әуре.

Естеріңізде болса, осыдан біраз жылдар бұрын сахна төріне жылтыр көйлекпен шығып, көз тартарлық сұлулықтарымен халықтың жүрегіне жол салған жас әншілер, бүгінде жылтыр көйлекті «жыртық» көйлекке алмастырып, мәдениеттің ауылынан сәл алыстап кетті. Қазір қай жерге барсаң да үлкендердің аузынан түспейтін, атақ-даңққа мастанбаған әнші Айгүл Иманбаева, Роза Әлқожа, Айгүл Қосанова және әрдайым халық жүрегінде жүрген әнші апаларымыз Роза Рымбаева мен Мақпал Жүнісованың сахнадағы орны бөлек. Олардың образдарының таза қазақилық көрініс белгі беріп тұрады. Салған әндері мен жүріс-тұрысының да еш әбестігі жоқ. Артық би мен сахнаны әрі-бері сенделу де оларға жат.

Ал, қазіргі жас әншілерді байқап қарасаңыз сахнаның арғы басы мен бергі шетіне дейін билеп шыққанына мәз. Айтып тұрған әнінің мағынасын түсінбегені ме дерсің түріне қарасаң. Кеше ғана тыңдарманға жол тартқан Алина Шакиеваның қоржынындағы «Ұйқым келмейді» әнін бүгінде бүкіл әлеуметтік желіде жарыса жазып, талқылау үстінде. Бірі бұл әннің еш мағынасы жоқ десе, енді бірі ән жақсы жазылған екен десіп жатыр. Әрине, бұлай айтылуы да заңдылық шығар. Себебі, бес саусақ бірдей емес қой. Қош бол деп, артынша бірдеңе деген бұл әннің құлаққа естілген үнін былай қойғанда, мәтіндегі қателіктерге көзіңіз сүрінеді. «Инстаграм» және «Тик-Ток»  әлеуметтік желісіндегі пікірлердің өзі әншіні бір-ақ күнде жұлдызға айналдырып, Ұлттық арнаның төрінен бірақ шығарған жоқ па. Әнші қыздарыңыз бен сол әнге қатысы бар барша жанға керегі де осы болған шығар.

«Қанша жылғы уақытымды Ресей елінде өткіздім, алайда мен өз ана тілімді құрметтеймін»,- деген жас әнші шын мәнінде тілді құрмет қылса бұл әнді бұлай «жартылай сақау» күйінде халық алдына алып шықпағаны дұрыс еді. Сонымен қатар, Ұлттық арнаның тікелей эфиріне келіп, әннің шығу тарихы былай тұрсын, мәтін мен әннің авторын айтпай жасырын ұстауды жөн көрдім демесі бар ма. Бұл жауабы өз өнерінен ұялғаны ма, әлде шынымен әнді ары қарай «хит» әнге айналдырғысы келгені ме?

Ол жағы әрине өзіне ғана аян. Жақсы, ән шықты, халыққа жолданды. Енді талқылап, тексергеннен еш нәтиже бола қоймас. Алайда, осы әнді жарыққа шығаруға көмектескен жандар неге анандай сақаулыққа көз жұма қараған. Әлде, тыңдарман айтса айтқандай «Аузы қисық болса да, байдың қызы сөйлесін» дегеннің кейпі ме бұл? Ол былай тұрсын, «бұл менің орындауымдағы екінші ән» дегенде бірінші әнді қалай айтты екен деген ой келді басыма. Содан интернет желісінен іздеп, ол әнді де таптым. Сөйтсем «бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дейтіндей түгі де жоқ екен. Араға қанша жыл салса да, әнші де ән айту мәтіні де еш өзгермепті. Қош, сонымен бұл әнге «бірдеңе» деудің өзі бекер.

Айта кететін тағы бір жайт, осыдан біраз уақыт бұрын тағы да сахнаның сәнін кетіріп, халықты бір шулатқан тағы бір дүние орын алған еді. Ол, Ирина Кайратовна бастаған жігіттер тобы мен «Shiza» лақап атымен Асхат Жолшиевтің сахнада көрсеткен бейәдеп қылықтары болатын. Баршамыз қадірлеп, қастерлеп төбемізден түсірмей ұстайтын көк туымызды желбіретіп, биіке көтерудің орнына әрі-бері лақтырып, ойларына келгенін жасап, артынша түк болмағандай халықтан кешірім сұрай салған еді. Халық шулады, ашуланды. Алайда, жабулы қазан сол күйінде жабулы қалды.

Алдыңғы буын өкілдері әнші аға-апайларымыз сахнаға шығарда сәл сүрініп кетсе, халықтан кешірім сұрап, артынша әдемі әндерімен жүрекке жол тауып жатады. Ал, бұл аталған әншілер өнер алаңында өздерін-өздері аяққа шалып жатқан жоқ па. Әннің де естісі бар, есері бар тыңдайтын құлақ болса әрине. Заманына қарай адамы деген де осы болар. Біреуге жақпаған ән мәтінін біреулер жар сала айтып, тіпті өзгелерге де тыңдауға ұсыныс білдіріп жүр. Әрине, талғамға талас бар ма. Тек халық жүрегінен жол тапқан әншілеріміз сиреген тұста, сахнаны «сақау» әншілер басып кетпесе жарар еді. 

Гүлім  ЗАМАНБЕКҚЫЗЫ

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar