USD514.65EUR544.6RUB5.17

Басбұзар басшының әкесі Тәртіптік кеңесті қалай басқарып жүр?..

07 сәуір 2021, 14:01
Соңғы кездері Шығыс өңірдің қоғамдық-саяси ахуалындағы тұрақтылықтың көбесі сөгіліп, шенеуніктердің шектен шыққан әрекеті жиілеп кетті. Басшылардың бассыздығы туралы БАҚ өкілдері жарыса жазып жатса да облыстық әкімдік тарапынан жөнге салар ниет байқалмайды. Естуімізше, қазір облыс әкімі Даниал Ахметов еңбек демалысында. Бәлкім, соның әсерімен «Бастық жоқта бір ойнап күлейін» деді ме екен, облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Мирас Жұмағұлов Өскемендегі көңіл көтеру орындарының біріне барып, ақыр соңында қызға қол жұмсап, қызметтік беделіне көлеңке түсіріп тынды.

  Шындығына келгенде М.Жұмағұловтың мұндай басбұзар әрекеті бұған дейін де болған екен.Өткен жылдың соңында Өскемендегі "Serebro" мейрамханасында жаға жыртысқан әлдебір азаматтардың бел ортасында жүрмесе де шет жағасынан табылғаны туралы ақпарат тараған еді. Ал, бұл жолы Өскемендегі караоке-клубтардың біріне барған Мәдениет басқармасының басшысы пандемия кезінде көзге түсуі мүмкін екендігіне көз жұма қараған сыңайлы.

Караокеде болған кезде Мирас Жұмағұлов Анастасия есімді қаладағы мемлекеттік бөлімдердің бірінде істеп жүрген қызды өзінің үйіне тартпақ болған. Алайда подъезге дейін еріп келген ол басқарма басшысының «қонаққа шақыруынан» бас тартқан. Өзінің дегеніне көндіре алмаған шенеуніктің әлімжеттігіне төзе алмаған Анастасия бірден полицияға қоңырау шалмақ болады. Қыздың телефонын тартып алып жатқанда, айғай-шу шығып, көршілері дабыл көтергенде барып, полиция шұғыл жетіпті.  

   Осы бір келеңсіз жайтқа байланысты Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің Instagram әлеуметтік парақшасында берген жауабына сүйенсек,  30 наурызда сағат таңғы бес шамасында 31 жастағы ер адам мен 23 жастағы қыз Қабанбай батыр көшесі, 109 мекенжайындағы қоғамдық орында мас күйінде болған. "Олар өздерінің іс-әрекетімен әкімшілік құқықбұзушылық жасады. Сол үшін жоғарыда аталған адамдарға қатысты Әкімшілік кодекстің 440-бабы, 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды", - дейді орган өкілдері.

  Шенеуніктің шектен шыққан әрекетін облыстық әкімдік те жоққа шығарған жоқ.

"ШҚО Мәдениет басқармасының басшысына қатысты әлеуметтік желілерде жарияланған ақпарат жауапты органдармен бірге тексеріледі. Қорытындысы бойынша заңнама шеңберінде тиісті шаралар қабылданады. Нәтижесін қосымша хабарлаймыз", - деп жауап берді ШҚО әкімдігі.

   Мирас Жұмағұловтың бұдан ары қарай басшылықта қалуға құқы бар ма, жоқ па қазір тексеріс жүріп жатыр. Алайда,  түн жарымынан ауған шаққа дейін ішімдікке масайраған екеудің айналаны шулатқаны облыс шенеуніктерінің қазіргі ахуалын көрсетіп бергендлей болғанына күмән жоқ. Айтпақшы, мәдениет саласын басқарып отырған жас шенеуніктің әкесі де осал емес екенін айта кеткен артық болмас. (Мұны облыстық әкімдік те растап отыр-авт)

   Сонымен, Мирастың әкесі Тоқтамыс Жұмағұловтың кім екендігіне «Алаш айнасы» сайтындағы ақпараттағы мына бір үзінді арқылы жауап берелік:

Тоқтамыс Қадошұлы Жұмағұлов 1965 жылы 8 ақпанда Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданы, Черновая ауылында дүниеге келген. Семей мемлекеттік педагогикалық институтының құрметті профессоры. Үш жоғары білімі бар, «тарих, қоғамтану және кеңестік құқық мұғалімі», «құқық» және «экономика және менеджмент» мамандықтары бойынша білім алған, заң ғылым кандидаты.
2000 – 2007 жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет ісі агенттігі басқармасында (Шығыс Қазақстан облысы бойынша) Тәртіп кеңесінің төрағасы. 2007 жылы сол агенттікте Ақмола облысы бойынша Тәртіп кеңесінің төрағасы. 2011 жылы  Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша басқармасының бастығы, Тәртіптік кеңесінің төрағасы. Қазір ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің орталық аппаратында Мемлекеттік қызмет персоналын басқару бөлімінің меңгерушісі.

  

Өмірбаянда көрсетілгеніндей, мемлекеттік шенеуніктекрдің тәртібіне май шам алып қарайтын төрағаның Шығыс өңірдің Мәдениет саласын басқарып отырған баласы осындай жайға барса, басқасына не жорық?!..

Сәтжан Қасымжанұлы

 

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar