Қала тұрғындары саябақтың жабық қоршауынан сығалап келе жатқанына біршама уақыт болған. Дегенмен, айдың, күннің аманында тосыннан үн-түнсіз ашыла салған бұл саябақ қазіргі қалпы айтар ауызға, естір құлаққа, көрер көзге өте ұятты болып тұр. Жүдеу тартқан қалпына қарағанда бұрынғы қалпы жақсы ма дерсің?!.
2020 жылдың қараша айының басында облыс әкімі Даниал Ахметов Семей тұрғындарының мәселесіне үн қатып, "Еңбек-Семей" компаниясының мердігерлері нысанды тапсыру мерзімін ұзартып, барлығының көңілін қалдырғанын атап өтті.⠀
⠀
"Қараша айының соңына дейін мердігер барлық жұмыстарды аяқтауға уәде берді. Жоба бойынша саябақ демалыс орнына айналуы тиіс. Балалар алаңы, құрғақ субұрқақ, шағын сәулет нысандары – барлығы жобаға сәйкес орындалуы тиіс. Саябаққа, кафеге және мейрамханаға келушілер қала тұрғындарының балаларымен демалуына кедергі жасамауы үшін қоршаулар болуы керек. Саябақты арнайы комиссия қабылдайды, содан кейін ғана нысан қабылданады", – деді сол кезде Ахметов.⠀
Орталық саябақты қайта құру жобасының бастапқы құны 991 млн. теңгені құрағанымен де, ол созыла келе осы уақытқа дейін 1,1 млрд. теңгеден астам қаражат жұмсалған.
"2019 жылдың жазында жобаны түзету туралы шешім қабылданды. Өйткені, көптеген мәселелер ескерілмеді. Мысалы, дәретхана, жарықтандыру сияқты қажеттіліктер ескерілді, бірақ жерге қосу есепке алынбаған", – дейді ТКШ бөлімнің қазіргі басшысы РусланСерғазин.
кетерлігі, Руслан Серғазин 2021 жылдың наурыз айының басында ТКШ және тұрғынүй инспекциясы бөлімінің басшысы лауазымына тағайындалған болатын.
Шағымдардың толассыз жаууынан кейін ТКШ басшысы аудиторлық тексеріс жүргізген екен. Алайда, ол бұл процесті кім бастағанын және оның нәтижелері қандай екенін нақты көрсете алмады. Саябақты қайта құруға миллиард теңгеге жуық қаражат жұмсалды. Жұмысты аяқтау мерзімі бірнеше рет бұзылды. Осы қыста нысан ақыры ашылып, жөндеу аяқталды және көктемде кішкене кемшіліктерді жою керек деп мәлімделді. Алайда, қала тұрғындары көп жылдық жөндеу жұмыстарының нәтижесін көріп, оның сапасына таңқалып, үлкен бюджет қаражатының қаншалықты жауапсыз жұмсалғанына наразы болды. Жалпы айтқанда қаймағын жегендердің жүгі қаспағының да дәмін татпағандардың мойнына түскен іспетті болып тұр.
Айта кетерлігі 5 сәуірден бастап Орталық мәдениет және демалыс саябағы құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтау үшін жабылатынын хабарлады. Алайда, аяқасты жабылған бұл саябаққа келушілердің көбі хабарсыз құлып салынған темір есікті жағалап, «2021 жылдың 5 сәуірінен бастап Орталық мәдениет және демалыс саябағы құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтау үшін жабылғанын хабарлаймыз» деген хабарландыруды көріп бірі ашуға булықса, бірі мырс күліп айналып кетуде.
«Орталық саябақтың құрылысының ұзаққа созылып кетуі құрылыс материалдарының болмауынан. Яғни, жауапты материалды шығаратын фирманың жауапсыздығынан болып тұрған дүние. Дер кезінде берілмеген соң қысқы уақыт келіп біз тағы да қозғала алмай қалдық. Жалпы, 2020 жылдың қыркүйек айында мен осы жерге бригадир болып сайланып, екі жарым айда біз мына жердің 50% брусчаткілерін тартып шықтық. Қазіргі таңда күн жылынып, құрылысты қайта бастадық. ТКШ бөлімі бұл жұмысты өз мойнына алды. Бұйырса мамыр айның ортасында бітіріп қалуымыз мүмкін, егер материалдар уақытымен болып отырса» - деді жауапты бригадир Құрман Биболов.
Тосыннан ашылып, тосынна жабылған бұл саябақ туралы халықтың пікірін де сұрадық.
«Бүгін саябағымызды көргім келді. Ал, бірақ есік құлыпта тұр. Хабарландыруын оқып таңғалдым. Неше жыл күттік. Енді қанша күтуіміз керек?! Түсініксіз бәрі. Сыртынан-ақ көрініп тұр олқылықтар көп екенін. Бірнеше жыл кеткен бұл уақытта бір емес, неше саябақ салып бітіруге болар еді» - деді қала тұрғыны Мария Алексеева.
«Неге бұл саябақты өздері жасаған «зиялылар» тексеруде? Неге антикор ұйымы тексермейді. Өз олқылықтарын өздері тексергені де қызық екен?!» - деді, Семей қаласының тұрғыны Аман Байбатырұлы.
«Қаламыз қашан көркеймек. Тонап, қаламыздың сиқын бір түзетпей-ақ қойды. Тып-тыныш тұрған бұл саябақта нелері бар еді? Тағы жабылды. Енді қанша күтеріміз белгісіз?» - деді қала тұрғыны Алина Радаева.
Бір айтарлығы бұл құрылыс басталғанда қала әкімі Ермак Сәлімов болған. Қазіргі таңда ШҚО әкімінің тұрғынүй-құрылыс мәселелері жөніндегі кеңесшісі қызметін атқаруда.
Айжан ЖҰМАҒАЗЫҚЫЗЫ