USD446.49EUR475.38RUB4.79

ЕЛБАСЫ ЕСІМІН ҰСЫНУ ТАПҚЫРЛЫҚ ПА, ТАЯЗДЫҚ ПА?!

31 наурыз 2021, 16:40
Шығыс Қазақстан облыстық және Семей қалалық мәслихат депутаттарының Тәуелсіздіктің 30 жылдығын желеу етіп, елдің аманатын орындаудан бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін дәріптеуге құлшына кірісіп кеткені қандай қоғамға айналғанымызды көрсетіп бергендей болды. Наурыз мейрамына санаулы күн қалғанда Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Айбек Нұғымаровтың Семейдің мәдени-спорттық кешенін «Елбасы арена» деп атау туралы көтерген бастамасы сәтсіздікке ұшырағаны белгілі. Ресми түрде бекімесе де «Абай-арена» аталып кеткен алып нысанның жаңадан бой көтерген «Қарағайлы» ықшамауданында орналасқаны белгілі.

  Атауына қатысты сәл әріден қозғасақ, кешен құрылысы былтырғы Абайдың 175 жылдығынан бір жыл бұрын аяқталған болатын. 2019 жылдың желтоқсан айының ортасында, Тәуелсіздік күніне орай Семейге келген вице-премьер – Қаржы министрі Әлихан Смайылов «Қарағайлыға» арнайы келіп осы нысанның ашылу салтанатына қатысқанын ешкім ұмыта қойған жоқ. Нақ сол кезде жұрт іштей «Абай арена» атауын асыға күтіп тұрғанда Семей мәдени-спорттық  кешені болып шыға келді.

  Мұны БАҚ өкілдері де түсіне алмай, жыл басынан бері «Абай арена» болып неге аталғанын анықтамақ болған сұрағына жергілікті билік тарапынан жарытымды жауап ала алмады. Тек семейліктер Абайдың 175 жылдық мерейтойында қала шетінде бюджеттен 10 млрд теңге қаражат бөлініп, жөндеуден өткен әуежайға ақын есімі берілгенде ғана түсініксіз жайдың мәнісін ұққандай болды. (Ал, жоғарыда сөз еткен 5 мың адамға арналған «Абай арена» 28,8 млрд теңгеге салынғанының өзі бөлек әңгіме).

Әуежайда Абай сөзіне орын тимепті...

  Алайда, халықаралық әуежайға Абайдың аты берілгенімен, ұшақтан түскен сырт қонақ ішке енгенде Абай Құнанбайұлының не бір қарасөзінің, я болмаса, өлеңінің бір жолын да кездестіре алмайтынын қайда қоярсыз?! Сонда бірнеше жыл жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аймақ басшысының өзі де сан мәрте тексеріп жүрген еді. Сол кезде  «Әуежай ішінде Абай сөзі қазақ, орыс, ағылшын тілінде  көз тартып тұруы керек қой» деп шенеуніктердің ешқайсысының ақыл қоса алмағаны өкінішті-ақ. Бұл олқылықты түзеу сол кездегі қала басшысы Ермак Сәлімовтің де ойына келмегені көрініп тұр. Әлде ұлы ақынның сөзін бедерлеп жазуға қаражат жетпей қалды ма екен?!

 Хош, сонымен, жоғарыда айтқанымыздай әлдебір «бастамашыл топтың» өтпей қалған ұсынысына Елбасы тарапынан қандай жауап берілгені мәлім. Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Тwitter-дегі парақшасында: «Әлеуметтік желілер мен БАҚ-та ШҚО белсенділерінің «Абай арена» стадионының атауын өзгерту туралы ұсынысы талқылануда. Елбасы әрдайым өзіне қатысты мұндай «құрмет-қошеметке» қарсы. Н.Назарбаевтың пікірінше, стадион қазақтың ұлы ақыны әрі философының атында қалуға тиіс», - деп мәлімдеді.

Сонымен, «Елбасы-аренаның» жайы осылай аяқталғанымен, қазір «Қарағайлы» ықшамауданындағы үлкен көшеге Н. Назарбаевтың атын беру мәселесі де Семей қалалық мәслихатының V сессиясында жергілікті мәслихат депутаттарының талқылауынан  өтіп, бірауыздан қолдау тапты. Семей қаласының ақпараттық орталығының мәлімдеуінше, депутаттар қабылдаған көше атауын беру туралы шешім республикалық ономастикалық комиссия қарауына жіберілген. Нақты нүктені сол комиссия қоятын болады.

Шекаралық ауданды қалпына келтіруге де Елбасы есімі қажет

Семейліктер тарапынан қызу талқыланған мәселе басылып болмай жатып, Тарбағатай аудандық мәслихатының депутаты Қайрат Дәкеров те «айды аспанға» шығарып тосын мәлімдеме жасады. «Ақжол» партиясынан сайланған депутат «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі парақшасында былай деп салды. (Депутаттың ұсынысын сөзбе-сөз бергенді жөн көрдік-авт.):

«Құрметті

ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев,

ҚР Премьер-министрі А.Ұ.Мамин,

ҚР Мәжілісінің төрағасы Н.З.Нығматулин,

ШҚО Әкімі Д.К.Ахметов,

және Шығыс Қазақстандық жерлестер!

Сіздерді Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мейрамымен және Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың еңбегін келешек ұрпаққа мәңгілік ету мақсатында 1997 жылға дейін шекарада жатқан бұрынғы Тарбағатай ауданы орталығы болған Ақжар ауылына аудан орталығы статусын қайтарып, қазіргі Тарбағатай ауданы Ақсуат ауылынан Ақжар аймағын бөліп, бұрынғыша екі аудан ретінде қалпына келтіріп, Елбасымыздың атына берсе деген ұсыныс.

ШҚО Тарбағатай ауданының Халқы Елбасымыздың еңбегі зор екенін жоғары бағалайды.

Ауданымыз Қытай Халық Республикасымен шекаралас болғандықтан, Елбасымыздың көреген, сарабдал саясаты арқасында, жеке беделінің нәтижесінде, Көршілес Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан елдерімен шекарамыз нақтыланып деллимитация жасалып, деморкацияланғанын жақсы біледі.

Құрметпен:

ШҚО Тарбағатай аудандық

мәслихатының депутаты Қ.С.Дакеров

21.03.2021 жыл Ақжар ауылы».

Шын мәнінде Ақжар өңірінің халқы Ақсуаттан бөлініп шығып, жеке аудан қалпына қайта оралуды бұрыннан көтеріп келе жатқаны рас. Тіпті, өткен жылы Даниал  Ахметов арнайы барып, жергілікті жұртпен жүздесіп, бұл мәселені шешу өзінің қолында тұрмағанын, дегенмен, «жоғары жаққа» жеткізетінін айтып,  жұбатып қайтқанымен, нәтижесі жұмбақ болып қалды. Бірақ, айтпағымыз бұл емес.

Жалпы, шекаралық аудандар проблемасы бұрыннан айтылып келе жатқан «жыр». Тек Тарбағатайдан басқа, Шығыстың төрт ауданы (Зайсан, Катонқарағай, Үржар, Күршім) Қытаймен шектесетінін ескерсек, жағдайдың тіптен, күрделене түскенін аңғару қиын емес. Әсіресе, оңтайландыру кезінде Күршім ауданының құрамына еніп кеткен Марқакөл өңірінің Балықтыбұлақ, Шанағатты, Ұранхай, Марқакөл сияқты ауылдарынан ел үдере көшіп алаңдатарлық жағдайға жеткені БАҚ беттерінде сан рет қозғалды. Бұл тақырыпқа алдағы уақытта тағы да оралатын боламыз. Ал, аудандық мәслихат депутатының ұсынысына қарап, күні ертең Марқакөл, Мақаншы сияқты шекара түбіндегі бұрынғы аудандар да Елбасы есімін сұрап шықса, не болмақ деген сұрақ еріксіз туады екен. Мұндай саяси мәселені шешу жолына экс-президенттің есімін тықпалай беру қайдан шыққан «тапқырлық» екенін түсіну қиын.   

Тоқетерін айтқанда, жұрттың жүйкесіне тиетін мұндай арзан қолпашпен ұпай жинамақ болған депутаттардың іс-әрекетіне қарап олардың халықпен санасудан қалып бара жатқанын аңғаруға болатындай. Әсіресе, қаланың ішкі әлеуметтік проблемалары шашетектен екенін көре тұра, мәселе көтере алмайтын семейлік «қалаулылардың» жалаулатып ұрандатып, Елбасы есімін тықпалауы өздеріне абырой әпермейтіні анық.

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar