USD474.83EUR515.38RUB5.5

ҚАТЕРЛІ ІСІКТІ ҚАПЕРДЕН ШЫҒАРМАЙЫҚ

10 ақпан 2021, 12:32
Дүниежүзілік обырға қарсы күрес күні (4 ақпан) аясындағы онкүндікке байланысты Семей қаласының Онкологиялық орталығы ауруханасында баспасөз мәслихаты өтті.
ҚАТЕРЛІ ІСІКТІ ҚАПЕРДЕН ШЫҒАРМАЙЫҚ

   Бүгінгі уақытта Дүниежүзілік проблемаға айналып отырған бұл қатерлі ісік ауруы пандемия уақытында тіпті артқаны байқалады. Семей қаласының өзінде жыл сайын дәрігерлер 1500-ге жуық онкологиялық патологияның жаңа жағдайларын анықтайды. Алаңдатып отырғаны – қатерлі ісік дертіне шалдыққандар арасында жастардың жылдан жылға көбеюі  және  дер кезінде емделуге келмей, дәстүрлі емес медицинаға (емшілерге қаралу, инемен емдеу, БАД, массаж) жүгініп, ауруын одан әрмен асқындырып алып көмек сұрап жатқандардың қатары артқаны.

  Жоғарыда атап өткеніміздей пандемияның әсерінен қатерлі дертке шалдыққандар онкологиялық орталық жұмыс жасап тұрса да карантиндік шектеулерге байланысты  дер кезінде келіп үлгермей, ауруларын асқындырып алған. Осы себепті жылдағыдан бұл ауру 30%-ға артқан. Обыр ауруынан көз жұмғандар саны 700-ден асқан. Бұл оталыққа Семей қаласымен бірге Шығыс Қазақстан облысының алты ауданы және Курчатов қарайды.

Пандемия кезінде шекараның жабық болуына да байланысты қымбат дәрі-дәрмектерді жеткізу мәселесі шырқау шегіне жеткен жайы бар.

Емдеу жұмысы бойынша директордың орынбасары Қуантқан Талғатұлының айтуынша, жұрт бұл орталықты тек ақылы түрде жүргізіледі деп ойлайды.

-Мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің арқасында науқастарымыздың тегін емделуге мүмкіндігі бар. Тек қана өзінің учаскелік дәрігерінен жолдама алып келсе болғаны. Және де біздің аурухнада тіркелгендер мен есепте тұрғандар бізге МӘМС қызметін төлемесек те болады деп ойлайды. Бірақ, бұл – қате пікір. Сақтандырылмаған азаматтарға қызметтеріміз тек қана ақылы түрде жүргізіледі. Ауруға шалдығатындардың басым көпшілігі, яғни әсер ететін факторлар ол стресс, салауатты өмір салтын ұстанбау және өз денсаулығына немқұрайлы қарау.

Осы аурудың бірінші орында тұрған түрі сүт безі обыры, екінші орынды өкпе обыры, үшінші орынды тері обыры, төртінші орынды асқазан обыры алып тұрса бесінші орында жатыр мойны обыры алып тұр. Көріп тұрғанымыздай бұл аурумен ер адамдардан гөрі әйел адамдардың басым көпшілігі ауырады екен. Мысалға, жатыр мойыны обыры өзге елдерде аса қауіпті болып саналмағанымен де біздің елде «үздік бестіктің» қатарына кіріп тұр. Ал оның алдын алудың бір жолы адам папиломасына қарсы вакцина алу. Осы тұста бала жоспарламас бұрын әйел адамның денсаулығын тексеруден өткізгені жөн. Себебі, қазіргі уақытта аяғы ауыр әйелдерден де мұндай аурулар анықталып жатыр. - деп атап өтті Қуантқан Талғатұлы.

 Бұл орталықта карантин жағдайына және  ауа райының қолайсыздығына байланысты науқастардың кезегін жылы жерде арақашықтықты сақтай отырып күтуге арналып жасалған екі есіктен тұратын бақылау пункті ашылған.

Бастысы қоғамның назарын қатерлі ісік патологиясының ауыртпалығын төмендетудің жаһандық проблемасына аудару қажет.Тұрғындардың онкологиялық аурулардың алдын алу және ерте анықтау мәселелері жөніндегі  хабардарлығын арттыру, скринингтік тексерулерден уақытылы өту қажеттілігі туралы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберіндегі онкологиялық қызметтер мен мүмкіндіктер туралы халықты хабардар ету жайы да кеңінен қозғалды.

Қазіргі күнде ел азаматтары міндетті онкоскрининг тексеру жайынан атап айтсақ, әйелдерге сүт безі обырына байланысты 40-70 жас және жатыр мойын обырына қатысты 30-70 жас аралығында өтуі керек. Ал, колоректалды обырға байланысты 50-70 жас аралығында ерлер мен әйел адамдардың өтуіне болады.

 

Айжан ЖҰМАҒАЗЫҚЫЗЫ

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

24 шілде 2024, 18:41
19 шілде 2024, 23:40
ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar