Дәл осы үйдің 2 подъезі № 64 пәтерінде тұратын Зарина үшін сол күнгі әуре-сарсаңды айтып жеткізу өте қиын.
- Бұл 2019 жылдың 1 желтоқсаны күні Тұңғыш Президент күніне орай, облыс әкімі Даниал Ахметовтің өз қолынан алған баспанамыз еді. Күйеуіме Балалар үйінің тәрбиеленушісі ретінде берілген болатын. Шыны керек, қолымызға пәтер кілті тигенде, жеке иелігімізге қашан өтетінінде шаруамыз болмастан, қуана қабылдап алдық. Жалға берілетін пәтер болса да өзімізбен-өзіміз шаңырағымыз барына қуандық. Бұған дейін Шығыс кентінде пәтер жалдап, одан өз анамның, туыстардың қарамағында тұрып келгенбіз. Бір жылымыз жақсы өтіп, алаңсыз жүргенде мұндай күйге тап болатыным үш ұйықтасам түсіме кірген емес. 6 қаңтар күні кешкісін анамыздың үйіне қонаққа барғанымыз сол, бір сағаттан соң, төменгі қабаттағы көршілер жаппай қоңыраулатып, менің пәтерімнен төменге су кетіп жатқанын хабарлады. Есігімізден шығып дәлізге де жайылып кеткен екен. Бұл тосын жағдай осы нысанды салған «Азия» фирмасына да жеткен екен. Фирманың техникалық директоры Серік есімді азамат қоңырау шалып, бүлінген жиһазды, заттарды, еден, төсеніштерін жаңартып беруге уәде берді. Қазір пәтер ішін өздері берген «пушка» пішіндегі пештермен кептіріп, сағат сайын қарап отырмыз. Расын айтсақ, дәл қазір баратын жеріміз жоқ, көршілеріміздің үйінде жүрміз,-дейді жас сәбиін қолына ұстаған Зарина.
Қос бөлмелі пәтер ішін шолып шыққанымызда үй құрылысының сапасы күмән тудыратындығын қабырға жағалай сарылдап құйылған су сарқындыларынан да көруге болады. Заринаның сөзіне сүйенсек, пайдалануға берілгеніне екі жыл өтпей жатып төбесінен су кеткен баспананың алдағы уақыттың қай жылында толықтай жекешелендіруге берілетіні де белгісіз. Дәтке қуат етері «Азия» фирмасымен үш жылдық кепілдік мерзімі бар. Бірақ та осы пәтерге жауапты ПИК қызметінің басшылығына көңілі толмайды.
Жас шаңырақ ұйытқысы сонымен бірге қалалық әкімдік басшылығынан 7 қаңтардан бері жағдай сұрап ешкім келмегенін де айтты. Тек өздерін қалалық ТҮКШ өкілдері екенін айтып таныстырған екі азаматша осы пәтерге кіріп, құрылысқа жауапты фирма өкілдері келіп кездесетінін айтқаннан басқа жарытымды жауап бере алмаған. Тіпті, арнайы акт жасау, тиісті қандай құжаттар дайындау керектігін де түсіндіріп бере алмаған.
- Біз тап болған жағдайымызға қатысты «Инстаграмм» әлеуметтік желісне салған болатынбыз. Пікірлер де аз жазылған жоқ. «Азия» фирмасының өкілдері дереу хабарласып, егер видеомәлімдеме жасаған жағдайда көмектесуге жылдамырақ жол ашылатынын айтты. Сонымен күтіп отырған жайымыз бар. Іске кіріскен жағдайда жылдамырақ бітіріп берсе деген ғана ойым бар,-дейді басынан өткерген жайын бөліскен жас ана.
Төмендегі қабатқа түсіп, 60-пәтердің жағдайымен де танысудың сәті түсті. Есікті ашқан Салтанаттың сөзіне және пәтердің ішкі жағдайына қарасақ айтарлықтай зиян тимегенге ұқсайды. Айтуынша, бұл баспананы анасы 2015 жылы жалғызбасты отбасы иесі ретінде кезекке тұрып, жалға алған. Інісі Саяттың сөзіне сүйенсек, осы көпқабатты үйдегі басты проблема –сантехниктердің шақ келмейтіндігі. «Біздегі ПИК сантехиктерінің көбі тәжірибесіз. Орын алған жағдайдың себебін дұрыс түсіндіріп бере алмайды. Білуімше, подъезге келетін жылуды өшіріп тастаған. Кім жауып тастағаны да белігісіз. Сұрасақ, біріне бірі сілтейді. Бірінші қабат дәлізіндегі батарея жарылған ба, оны алып тастапты. Жертөледе не боып жатқанын адам біліп болмайды. Тек тәуба дерлігі жылу ойдағыдай беріліп тұр»,-дейді Саят.
Ал, осы подъездегі №32 үй тұрғыны Азат Асқарбекқызы болса, керісінше пәтерінің жылуы әлсіздігіне ашулы. Қаншама жыл, осы қаладағы кәсіпорында жұмыс істеп, маңдайтерін сіңіріп кезекке тұрып, қол жеткізген баспанасы өткен сарышұнақ аязда қабаттап көрпе жамылып, ал күндіз токпен берілетін жылу пештерін қоса пайдалнуға жеткізген жайы бар. Осы пәтердің бөлмелерін аралағанда бірінде үш, бірінде, төрт, бірінде бес секциялы жылу батареяларын көзіміз шалды. «Осындай секциядағы батареяларда жылу қайдан болады?» деп күйінген қарт ананың сөзіне жауап табуды атқарушы билік өкілдеріне қалдырмасқа шара жоқ.
Дәл осы №15 үйдің 1 подъезі 9 қабатында тұратын тағы бір жас отбасының жағдайы да «шықпа, жаным, шықпалап» тұр. Ұл-келіні пәтер алғанда қуанышы қойнына сыймаған Торғын апайдың жүзі қазір бұрынғыдай балбұл жанып тұрғаны шамалы.
-2019 жылдың бірінші желтоқсанында ел қатарлы балаларымызға баспана бұйырғанда ерекше қуанған болатынбыз. Өзім ауылда тұрамын. Жасыратыны жоқ, келініміздің Балалар үйінде өскендігіне орай берілген болатын. Жары, менің ұлым Секен болса, мүгедек. Пәтер жалдап та күнелтті. Сонымен, өткен жылдың көктемінде ептеп жарықшақтар байқала бастаған. Мұндайда ана болған соң, алаңдамай қалай отыра аласың?! Шынымды айтсам, әр таңымызды үреймен қарсы аламыз. Осы ақау пайда болған бетте дереу осы баспананы пайдалануға берген «Азия» фирмасынан Денис дегенге хабарласып көрсеттік. Бірақ, жағдаймен танысса да ауыз толтырып айтарлық көмек жоқ әлі. Қазір ай сайын үлкейіп бара жатқан жарықшақтан суық үрлеп тұр. Ара-тұра немерелерім де ауырып қалады,-дейді балаларының жайын ойлап жай таппаған ана.
Қай пәтердің есігін қақсақ та анығы – мұндағы баспаналар жекеменшік құқығынсыз пайдалануға берілген. Нақты толықтай иелікке қашан өтетінін де ешкім тап басып айта алмайды. Ең ауыры сол, құрылыстың сапасыз жүргізілгені, тұру жайының сын көтермейтін жағдайға айнадып бара жатқаны. Өткен Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойында жолы түскен жоғары лауазым иелері енді бұл аумаққа аттап баса ма, әлде, жергілікті билік тұрғындар сөзін тыңдаудан аулақ қаша ма, ол да тағы... Белгісіз!
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ.