USD484.37EUR531.06RUB5.05

ҮРЖАРЛЫҚ ДӘРІГЕРЛЕР ӘЛІ ЖАУАП КҮТІП ЖҮР...

06 қаңтар 2021, 14:59
Өткен жылдың қараша айында Үржар аудандық ауруханасынан шу шығып, 13 медициналық қызметкер осы аурухананың бас дәрігері Баубек Абылқасымовпен бұдан әрі бірге жұмыс істеуден бас тартатыны жайлы мәлімдеген болатын. Уатсапп әлеуметтік желісі арқылы тарап кеткен үржарлық ақ халаттылардың жанайқайы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жайық Жұмахановтың да жарғақ құлағын жастыққа тигізбей, (анығында жұмысына кіріскеніне апта өтпей жатып) дереу Үржарға аттануына түрткі болған еді.
ҮРЖАРЛЫҚ ДӘРІГЕРЛЕР ӘЛІ ЖАУАП КҮТІП ЖҮР...

Сонымен, 600-дей адам қызмет істейтін аудандық ауруханаға жедел жеткен Ж.Жұмаханов сол уақытта шағымданушылардың әрқайсымен Абылқасымовпен не себепті бірге жұмыс істегісі келмейтіні туралы наразылықтарын тыңдап қана қоймай, арнайы келген комиссияның қорытындысы шыққанша сабыр сақтауын өтінген екен. Обалы қане, наразы дәрігерлер ақыр соңын күтетінін, әлеуметтік желіге де, БАҚ өкілдеріне де сұхбат бермейтінін айтып «тыныш жүруге» келісім берген. Сол кезде орын алған жайға байланысты Үржар ауданына арнайы барған сапарымыздың бос жүріс болғаны да соның айқын дәлелі.

Ал, осыдан бірер күн бұрын комиссия қорытындысын күтіп, шыдамы таусылған дәрігерлер «Жас алаштың» Шығыстағы қосынына арнайы хабарласып, облыстық  Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жайық Жұмахановтың атына жазылған кезекті арызын жолдай отырып, он күн ішінде шешім шықпаса, 15 қаңтардан бастап 78 адамның жұмыстан шығуға мәжбүр болғандығы жөнінде қолдарын қойып тұрып, мәлімдеді. Алдымен, арыздан үзіндіні сөзбе-сөз келтірелік.

«... Өзіңіздің айтуыңызша, арыз түскеннен бастап БІР АЙДЫҢ ІШІНДЕ шешім қабылдануы керек болатын. Сонымен қатар аудан әкімі екеуіңіз (Үржар ауданының әкімі Н. Тоқсейітовті айтады-авт.) медицина қызметкерлерінен бұдан ары тынышталуды, әлеуметтік желіге видео, басқа да ақпараттарды салмауды сұрағансыздар. Сізді және аудан Әкімін сыйлағандықтан, медицина қызметкерлері тарапынан ондай әрекеттер сол күннен бастап тоқтады. Ешқандай әрекет әлеуметтік желіге салынбады. Бірақ, Б. Абылқасымов тарапынан ондай әрекеттер өте көп орын алды, әлеуметтік желілерде түрлі видеолар, ақпараттар салып, туған-туыстарын, басқа да медицина қызметкерлерін, тіпті, Үржар ауданына қатысы жоқ, басқа ауданның медицина қызметкерлерінің бізге қарсы шыққан видеоүндеулері әлеуметтік желіде толып жүр...» делінген шағымда басшыларының намысқа тиетін сөздер айтатындығын да айыптаған.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Үржар ауданына арнайы келіп кеткен соң, бір комиссия, артынша аудиттық тексеру жібергенімен, Ж. Жұмахановтың қандай шешімге келгені сол күйі жұмбақ болып тұрған сыңайы бар.

Осы арызға қол қойғандардың бірі – хирург Айдын Тілеуханұлы 2019 жылдың тамыз айында әлдебір тексеру комиссиясын «күтіп жіберу үшін» өзінің жеке есепшотына бас дәрігердің тапсырмасымен әлдебір жақтан 100 мың теңге қаражат түсіртіп, артынша кадр бөлімінің басшысы арқылы Абылқасымов өзіне қайтартып алған. «Мен арызда айтылған жайларға қол қойғанымды толықтай растап бере аламын»,-дейді А. Тілеуханұлы.

Тағы бір шағымданушы – Көкөзек ауылының  учаскелік дәрігері Алмагүл Берікқазықызына хабарласқанымызда Үржар аудандық ауруханасындағы Абылқасымов келгелі сын көтермейтін ауыр ахуал қалыптасқанына көзіміз жете түскендей болды.

- Мен алдында осы аурухананың терапия бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып жүргенмін. 2018 жылы бұл кісі ақпан айында ауысып келді. Жұмысымды ойдағыдай атқаруға еш мүмкіндік бермеді. Қит етсе кабинетіне шақырып, ұсақ-түйектің бәрін сұрап, жеке бас проблемаңа дейін тексеріп ығыр қылды. Содан басшымыз өткен жылдың қаңтар айының басында шақырып алды да Көкөзек ауылының учаскелік дәрігері болып ауысатындығымды айтты. Менің келісімімді сұраған да жоқ. «Барып істей аласыз ба?» деуіне де болатын еді ғой. Оның себебін түсінгендей де болдым. Өйткені, Баубек Абылқасымов ешқандай жанашыры жоқ, кімнің жақыны қайда, бар ма, жоқ па, бәрін әлдекімдерден сырттай сұрап біліп алады да, соңыңа түседі. Маған «сен ауырып жүр дейді ғой, қалаға барып қайтайық» дегенге дейін барған. Ондай жағдайларды жалғыз маған ғана емес, осындағы мейірбике, басқа да мамандардан ести бастадым. Біріне-бірі айтады. Осыдан кейін моральдық тұрғыдан оны басшылыққа лайық дей аламыз ба?! Күні кеше аудандық ауруханаға облыстан «Жедел жәрдем», реаномобиль көліктері келді. Мен істейтін Көкөзекке бұған дейін екі рет жөндеуден өткен, ескі «таблетканы» бөлді. Жақсы делік, қолда бармен жүреміз. Ал, оны ауылға басқа адам айдап келді. Тіпті, кілтін тапсырарда учаскелік дәрігер ретінде шақырған да жоқ. Енді көлік бергенін ескеріп, шақыртуларға шығайын деген оймен, жүргізушіме қоңырау шалсам, көліктің құжаты әлі толық оған рәсімделмепті. Яғни, жүргізушіме әлі бұйрық шығарған жоқ. Онысы өз алдына, маған таңдалған жүргізуші ІІІ топтағы мүгедек. Ескі машина сынбай тұрмайды, оны ол жөндей ала ма, жоқ па. Оны да ескеріп жатқан ешкім жоқ,-деп күйінді Алмагүл Берікқазықызы. Учаскелік дәрігердің айтуынша, жоғарыда баяндалған жайлардан арнайы келіп кеткен комиссия толықтай хабардар. Алайда, жауап жоқ.

Қызық болғанда, нүктесі әлі күнге дейін қойылмай, биылғы жылға жалғасқан дауға қарамастан, бас дәрігер Баубек Абылқасымов облыстық мәслихатқа кандидат ретінде тіркеліп, жұртпен кездесуді бастап кетіпті. Бұл туралы ол әлеуметтік желіде бейнежазбаларын таратып та жатыр. Ұжымда орын алған жағдайға байланысты хабарласқанымызда арызда көрсетілген жайларды түгелдей теріске шығаруға тырысты.

-Мен шағым жазғандардың әрқайсысымен сөйлесіп шықтым. Көбі жастар, арыздың мәтінімен таныспаған. «Сізге өкпе-ренішіміз жоқ» дейді. Тіпті, онысын жазбаша жазғандары да бар,-деген бас дәрігер онысының кабинетінде қалып қойғандықтан, кімдер екендігін алдағы уақытта көрсетіп бере алатындығымен түсіндіре келіп, 100 мың теңгеден «комиссия күтуге» ешқандай қаражат сұратпағанын мәлімдеді. «Екі жарым жыл жұмыс істеп келемін, бір тиын комиссияға ақша жинатып көргем жоқ. Халықтың алдында, мекеменің алдында бетім ашық. Кез келген органның алдында дәлелдей аламын» дейді  Б. Абылқасымов. Ал, жыл соңында ауданға келген медициналық көліктердің ауылды жерлерге жіберілмеуін былайша түсіндірді.

-Бұл келген «Газель» маркалы автокөліктер ауылды жердерге жарамсыз. Тек «103-тің» қызметін атқаруға ғана жарамды. Үш реаномобильдің екеуі 20 мыңдай халқы бар Үржар аудандық ауруханасына берілді. Біреуін Таскескенге бөлдік. Көкөзек сияқты үнемі жел соғып тұратын ауылға келмейді. Өйткені, алдыңғы дөңгелегі істемейді. Дегенмен, Көкөзектің халқы қазір менен машина сұрап жүр. Сонымен, Бекен ақсақал бастаған ауыл ағаларының сұрауымен төрт дөңгелегі де айналатын, биыл көктемде ғана әкелінген сары «таблетканы»  осы ауылға бердік,-деген ол көліктің учаскелік дәрігер А. Берікқазықызының жоғарыда айтқан сөзімен келіспейтіндігін білдірді. Айтуынша, терапия бөлімінің меңгерушілігінен өз арызымен кетіп, кейін «Саят» отбасылық амбулаториясында істеп жүріп, Көкөзек ауылына ол өз өтінішімен ауысқан. Яғни, оның мәжбүрлеп жібергені жөнінде айтқаны шындыққа жанаспайтын көрінеді.

Бас дәрігер Б.Абылқасымов ұжымдағы қолайсыз жағдай одан ары жалғаса беретін болса, түсінісе алмаған адамдарымен заң шеңберінде (яғни, соттасуға дейін!) сөйлесуге дайын екенін жасырған жоқ. Тіпті, бұл туралы ақпарат жариялаған БАҚ-ты, блогерлерді жауапкершілікке тартатынын айтып сес көрсетіп те қойды. Сөзіне сенсек, аудан медицинасын, аурухананың жағдайын жақсарту жолында жарғақ құлағы жастыққа тимей жүргенде, арыз-шағымдардың түсе беруі ісіне кедергі келтіретіндігіне қарамастан, ұжымды бірлікке шақыруға бірнеше рет әрекеттенген. Гиппократ антын берген дәрігер болғандықтан, халықты пандемия қыспағынан алып шығуға жұмыс істеуі қажеттігін түсіндірген. Ал, қазір алдағы сайлау кезеңі жақын тұрғанда, мұндай келеңсіздіктің ақырын күте тұруына тура келген жайы бар.

Жалпы, Үржар аудандық ауруханасындағы ахуал алдағы уақытта әлі де сан тақырыпқа жүк болары даусыз. Облыстық  Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жайық Жұмаханов жағдайдың жай-жапсарын жақсы білгенімен, комиссия қорытындысының жауабын жолдауға бір айдан бері неге асықпай отырғаны әлі күнге дейін жұмбақ болып тұр.

  Сәтжан Қасымжанұлы

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

03 қазан 2024, 10:50
27 қыркүйек 2024, 10:07
ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar