USD449.3EUR489.69RUB4.89

Полиция басқармасының басшысы қызметінен неге кетті?

02 желтоқсан 2020, 16:00
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Нұр-Сұлтан қаласындағы орталық коммуникациялар қызметіне арнайы барып, БАҚ өкілдерімен кездесуде әртүрлі мәселе бойынша сұрақтарға жауап бергені белгілі.
Полиция басқармасының басшысы қызметінен неге кетті?

Өңір басшысына сол кезде Семей қалалық полиция басқармасының басшысы Мақсат Зекеновке қатысты да сұрақ қойылды. Онда журналистер тарапынан Зекеновтің әлдіберулер арқылы пара сұрайтыны және міндеттейтіні туралы да мәселе қозғалды. Шындығы керек, бұл уатсап желісі арқылы ешкімнің қолы қойылмаған, ресми түрде расталмаған ақпарат еді. Дегенмен, қоғамдық резонанс тудыруының нәтижесі ме екен, кім білсін, облыс әкімі тап сол сәтте Семей полиция басқармасының басшысы, полиция полковнигі М. Зекеновтің көп күттірмей қызметінен кететінін жасырмастан жайып салды.

 Қызығы сол Семей полиция басқармасының басшысы қызметіне 2019 жылдың желтоқсан айында ғана тағайындалған Мақсат Зекенов көп ұзамай өзінің қызметінен кететіні жөнінде шешім қабылдағанын «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жариялап та үлгерді. Онда полиция басшысы былай депті:

Құрметті қазақстандықтар!

Мен, Зекенов Мақсат Амантайұлы, Семей қаласының полиция басқармасының басшысы, Семей полициясының құрамын сыртқы арандатулардан қорғау мақсатымен жұмыс орынымнан кетуге мәжбүр болдым.

Соңғы апталарда мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы таралып жатқан анонимді хабарламалардың себебінен менің және қызметкерлерімнің өмірінде жағымсыз оқиғалар орын алып жатыр.

Мен мұны арандатушылық деп атаймын, себебі мұндай хабарламалардың заңды күші жоқ. Мені қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп айыптаған мән-жайларды анықтау бойынша іс-шаралар жүріп жатқанда, мен қылмыстық процестің маңызды қағидаларының бірі - кінәсіздік презумпциясына жүгінгім келеді.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабына сәйкес «Адамның кінәлі екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептеледі».

Кез келген азаматтың мұндай жағдайда айғақ беруге құқығы бар, бірақ ол өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге міндетті емес, сондықтан менің осы айтып жатқандарым жеке шешімім болып табылады.

Мұндай мәлімдемелер құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен мемлекеттік қызметкерлер үшін әдеттен тыс, бірақ заңдылықты сақтау үшін мен сіздердің бұл жағдайға басқа тараптан да қарағандарыңызды жөн көрдім.

Үкім шығарар алдында дәлелдемелер тексерілетін, тараптар мен куәгерлерден жауап алынатын, сарапшылардың қорытындылары тыңдалатын, заттай дәлелдемелер, хаттамалар және басқа да құжаттар ұсынылатын процесс өтуі керек.

Егер Семей қаласының тұрғындары менің қызметімді қаламызда жалғастырғанымды қаламаса, мен полиция басшысы қызметінен кетемін. Бірақ мен бұл қадамды ешқандай дәлелсіз жазылған анонимді хаттар үшін емес, тек тұрғындардың өтініші бойынша жасаймын.

Құқық қорғау органдарында жұмыс істей беремін бе немесе зейнетке шығамын ба, оны Ішкі істер жүйесі шешеді.

Қазіргі кезде әлемді жаулаған пандемия мен цифровизацияның қарқынды дамуына байланысты біз тек денсаулығымыз үшін ғана емес, сонымен қатар ақпараттық қауіпсіздігіміз үшін де күресуге мәжбүр болып отырмыз.

Өзіңізге, жақындарыңызға және достарыңызға қамқор болыңыздар. Отбасыларыңызға денсаулық тілеймін!

Зекеновтің қызметінен кеткені жөнінде айтқан осы мәлімдемесіндегі мына бір айтқаны еріксіз ойландырады:

«... Бірақ мен бұл қадамды ешқандай дәлелсіз жазылған анонимді хаттар үшін емес, тек тұрғындардың өтініші бойынша жасаймын.

Құқық қорғау органдарында жұмыс істей беремін бе немесе зейнетке шығамын ба, оны ішкі істер жүйесі шешеді.». Сонымен қатар ол кінәсіздік презумпциясына жүгінгісі келетінін айта отырып, Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабына сәйкес «Адамның кінәлі екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептеледі» деген заңды тұжырымға сүйенеді.

Қалай болғанда да, бұл мәселеден Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев бейхабар отыр деуге болмаса керек. Ал, Зекенов айтқан, уатсап желісі арқылы тараған Қ. Тоқаевтың, А. Шпекбаевтың, К. Мәсімовтің атына жолданған орыс тіліндегі анонимді хатта не баяндалған еді? Соған келейік. Нақты расталмаса да, мұнда да біраз жайттар «қамтылған».

Онда полиция полковнигі Зекеновтің ай сайын қаладағы полиция бөлімдерінің басшыларынан 10 000 доллар, барлық қызмет басшыларынан 3000-нан 7000 долларға дейін" жылу жинататыны" мәлімделген. Нақты расталмаған осы анонимді хатқа сүйенсек, Зекенов Семей қалалық полиция басқармасының басшысы қызметіне тағайындалуы үшін "жоғары жаққа" 80 мың доллар берген. Оның 50 мың долларын ШҚО полиция департаментінің басшысы Сағат Мәдиевке "табыс етіпті". Ол мұны ШҚО полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының басшысы Талант Исаевпен бірлесіп және оның тапсырмасымен атқарған.

Ешқандай растаушының қолы қойылмаған, Зекеновтің қандай полиция басшысы болғаны жөнінде тарап кеткен анонимді хат пен облыс әкімі Даниал Ахметовтің мәлімдемесінің дәл келуінде не сыр бар?... Түсініксізі сол бұл, Ішкі істер министрлігі мәлімдейтін, министр Ерлан Тұрғымбаев Зекеновтің неліктен босатылатынын айтуы тиіс жай болатын. Алайда, облыс әкімі Даниал Ахметов Нұр-Сұлтан қаласында өткізген брифингінде  Семей полиция басқармасының басшысы Мақсат Зекеновтің көп кешікпей қызметінен босатылатынын айта салды, арада он күн өтпей жатып, ол орнынан түсті.

Тағы бір назар аударатын жайт, анонимді хат тарап кеткен сәттен онда айтылған жайлар жалған екені рас болса, Мақсат Амантайұлы неге бірден БАҚ өкілдері арқылы семейліктер алдында өзінің ары таза екенін, ешкімді ақша жинауға мәжбүрлемегенін айтуға тырыспады?.. Әлде, «ит үреді, керуен көшеді» дегендей, шулап-шулап басылып қалады деп ойлады ма екен? Бұл қалай?

Мәселенің мән-жайын білмек болып, Семей полиция басқармасының баспасөз хатшысы Елубек Оспановқа хабарласқанымызда, «Мақсат Амантайұлы, БАҚ арқылы өз көзқарасын білдірді. Алып-қосар ештеңем жоқ» дегеннен ары мардымды жауап ала алмадық. Қайыра бірнеше рет қоңырау шалсақ та тілдесуге ешқандай мүмкін болмады. Облыстық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне хабарласқанымызда, ресми хатсыз жауап бере алмайтындығын айтып құтылды.

Р.S  Жалпы, республика бойынша құқыққорғау органдарының саласының жұмысына жұрттың қыжылы көп екенін тәптіштей түсіндірудің қажеті шамалы. Ахметов «ауызша босатқан» Зекеновке ғана қатысты емес, жұрт қазір көк форма киген погонды көрсе, қынжылатын күйге жетті. Полиция имиджін көтеру үшін оның қоғамдағы рөліне үкіметтік деңгейде назар аударатын кез жеткен сияқты.

Сәтжан Қасымжанұлы,

Шығыс Қазақстан облысы

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar