Қарапайым күнделікті тіршілігімізден бір мысал алайын.
Таң атып, күн шыға айналаны жарық сәулеге орады. Таңертеңгі онлайн сабағыма асығып мен де ұйқымнан тұрдым. Ағамның кішкентай үш жастағы баласы ұйқысын аша алмай, маужырап жатыр...
Соған қарап есіме түсті: бірде ас үйде таңғы ас ішіп отырсақ, жаңағы бауырым жүгіріп келіп, анасына емес, оның қолындағы телефон деген «телмірткіш құралды» қолына алмайынша дегбірі қалмады. Амал нешік? Анасы еріксіз берді.
Иә, осындай күнге де жеткенімізді несіне жасырайын?.. Ұялы телефонға, соның ішінде ғаламторға тәуелділік біртіндеп баланың өздігімен ой қорытып, қиялын байытып, ізденуіне кедергі келтірмей ме екен, -деген сұрақ туады еріксіз... Ата-ананың балаға деген тәрбиесіне немқұрайлы қарауына да әкеп соғатындай. “Ой, осы балам жыламасыншы” - деп сол телмірткішті алдына тастай салады.
Қазір тіршілік қамын ойлап тынышы қашатын кез келген ата-анаға жан тыныштығы қымбат болып бара жатқан сияқты. Тек бүгінгі күнін ойлап, ертеңгі бала болашағын өз қолдарымен бұлыңғыр ететіні көңіліме қаяу салған соң, осы жайды ортаға салмасқа амалым қалмады.
Жастайынан телефонға телмірген баладан қандай болашақ күтпекпіз ? Қазақта “жастықтың буы”, “жастықтың оты” деген сөздер бар. Ертең сол бала жастықтың буымен ғаламтор беттерінен түрлі нәрсе көріп өседі. Ол телефонды қандай мақсатта қолданатынына да зер салып жатқан ешкім жоқ. Жақсы жағынан болсын, әйтеуір. «Баласын не көріп жатыр?» деп тексеретін ата-ана да жоқтың қасы.
Өйткені ата-ана да сол гаджеттерде телміріп отырады емес пе?..
Анекдот секілді тараса да мына бір әжуада шындық бары даусыз.
Бір үйдің ата-енесі, ұлы-келіні, кенже қызы бәрі дастархан басында қолдарындағы телефонға үңіліп отыр екен. «Ағайындар» деген топқа нөмері тіркелген келіні жайбарақат қана телефонға үңіліп отырған қалпы «шай, тамақтан алып отырыңыздар» деп жазып жіберіпті. Езуге күлкі үйіріп, әзілге ішек-сілеңіз қатса да астарында шындық менмұндалап тұр.
Қазіргі жастар ұсақталып бара жатыр. Бұрынғы жаугершілік заманда аталарымыз 13 жаста атқа қонып, жауға шапқан. Ал қазіргілер телефон ұстап, үйде жатып жанын баққан.
Көпқабатты үйлерде тұратын балаларға қарап кейде жүрегің ауырады. Істейтін жұмыс жоқ болған соң, қу темірдің құлы болып, жамбасы тесілгенше жантаятыны анық. Жата -жата артық салмақ қосып, қарнының майы шығып, ырс-ырс еткендері де баршылық. Компьютерге көз байланып, айфонға арбалып телміргендердің арасында көзінен кеткен, яғни көзілдірік тағатын жас жеткіншектер де аз емес.
Ия, осының барлығы ата-ананың кінәсі. Сол телефонға құртатын алтын уақытты бала түрлі үйірмелерде өткізсе қандай тамаша...
Қазір балаларға барлық жағдай жасалған. Не бір мықты спорт кешендері бар. Үйірмелерде де балаға шектеу жоқ. Барам десе бәрі бар. Жай уақытта «болашақ жастардың қолында» деп ұрандатқанда, алдымызға жан салмаймыз. Қазіргі жастарға қарап, «Болашағы жоқ жастардың телефоны қолында» деп өзгеруге сәл қаласың. Ата-ана бала санасының телефон қолданысымен шектеліп қалмауына немқұрайлы қарамаса дейміз.
“Баланы бастан” демей ме дана халқым. Тал шыбықтай кезінен майыстырмай, нағыз тәрбиемен түзеп отырса, ертеңгі күні ұлтымыздың рухын әлсіретпейтін, текті ұрпақ болып қалыптасарына күмән жоқ...
Ернұр Дүйсенғазы