USD524.65EUR552.19RUB5.14

Шығыс шырғалаңнан шыға алар емес

19 қараша 2020, 11:07
Екінші толқын басталған бетте «Қызыл аймаққа» енген Шығыс Қазақстан облысындағы КВИ жағдайы әлі де жөнге келер түрі жоқ. Вице-премьер Ералы Тоғжанов, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Үкімет басшысы Асқар Мәминнің өзі де өңірге бірінің өкшесін бірі баса келгеннен елдің көрген қайыры шамалы болғанын мойындауға тиіспіз.
Шығыс шырғалаңнан шыға алар емес

14 қарашада ғана COVID-19 індетін жұқтырғандар саны 13272 болса, (Оның ішінде 8623 жағдай (65%) клиникалық симптомдармен анықталған), 15 қарашада облыс аумағында барлығы 13508 КВИ жағдайы тіркелген. (оның ішінде 8805 жағдай (65%) клиникалық симптомдармен, 4703 жағдай (35%) симптомсыз). Бұл 100 мың тұрғынға шаққанда сырқаттану көрсеткіші – 986,6 (республикалық көрсеткіш – 653,6) болғандығын көрсетеді.

    Сонымен қазір Шығыс өңірде ең жоғарғы көрсеткішті облыс орталығы Өскемен бастап тұрса, одан кейінгі орында Семей қаласы және Глубокое ауданы.

   coronavirus2020.kz сайтында көрсетілген мәлімет бойынша айтар болсақ, Қазақстанда өткен тәулікте 588 адамда коронавирус індеті ПТР арқылы расталған. Осы 588 адамның 197-і Шығыс Қазақстан облысынан анықталып отыр.  Одан кейінгі деректерде 100-дікті межелеген көрсеткіш жоқтың қасы. Солтүстік Қазақстан облысында 57 жағдай тіркелсе, Қостанай облысынан 51, Павлодар облысынан 49 адамнан анықталыпты. Одан кейінгі орындарды Нұр-Сұлтан (44), Алматы қалалары (42) еншілегенін ескерсек,  Шығыс Қазақстан облысындағы жағдайдың шынымен, сын көтермейтін деңгейге жеткендігін аңғару қиын емес. Өйткені, кешегі күнгі (17 қарашадағы) мәліметте ауру жұқтырғандар саны 221-ді көрсетті.

   Ал, бірінен кейін бірі келген ұлықтарды күтіп алып, шығарып салудан «қолы босамаған» облыс басшылығы тарапынан аудан, қала әкімдерімен онлайн жиналыс жасағаннан басқа әзірге пәрменді әрекет байқалмайды.

    Айтпақшы, қазанның 30-ы күні Шығысқа келген сапарында Ералы Тоғжанов жағдайды 10 күн ішінде реттеуді тапсырғаны белгілі. Облыс әкімі Даниал Ахметов содан бері не тындырып жатқанын өзінің «Фейсбуктегі» әлеуметтік парақшасында айта отыруды ұмытпапты:

«Кеше, (3 қараша) Шығыс Қазақстан «қызыл аймаққа» енді. Қазіргі уақытта өңірде тіркелген жағдайлардың саны 10 мыңнан асты. Соңғы тәулік ішінде 197 адам COVID-19 вирусын жұқтырғаны расталды. Оқшаулау орталығының базасында байланыста болған адамдарды анықтау және оқшаулау жұмыстары жүргізілуде» дейді өңір басшысы 4 қараша күнгі мәлімдемесінде. Ол дәл осы күні Е. Бүркітов бастаған арнайы мамандарды Зайсан, Алтай аудандарына және Риддерге көмекке жіберуге шешім қабылдаған екен.

«Зайсан, Алтай аудандарына, сондай-ақ Риддерге мамандар тобын жіберуді тапсырдым. Семей қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасының, сондай-ақ, Өскемендегі облыстық және №4 қалалық ауруханаларының жоғары санатты дәрігерлерін, атап айтқанда, пульмонологтарды, инфекционистер, реаниматологтарды практикалық және консультативті көмек көрсету үшін жіберу туралы тапсырма бергенмін. Себебі, аталған аудандарда COVID-19 вирусы мен ковидті пневмонияның кең таралу қарқыны байқалып отыр» деп ағынан жарылады Ахметов 6 қараша күнгі мәлімдемесінде.

   Қызығы сол, Даниал Ахметов артынша Е. Бүркітов бастаған дәрігерлерді Өскемен және Семей қаласынан аттандырғанда Зайсан ауданының бас дәрігері қызметіне Жексенбай Тілеуберлиннің тағайындалуын да назарға алыпты. Дәл осы Тілеуберлин бұдан екі жыл бұрын Үржар ауданының бас дәрігері қызметінде отырғанда Шолпан ауылындағы балалар арасында сары ауру індетінің таралып кетуіне және бір оқушының сол індеттен қайтыс болуына байланысты қызметінен кеткен болатын. Жасы келгеніне қарамастан, араға бірер жыл салып, Зайсанға бас дәрігер болып баруын таңырқай қабылдауға тура келеді.

    Айтпақшы, «Ахметов Тоғжанов келіп кеткелі не тындырды?» дегенде, ауыз толтырып айта алатын бір ісі облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысын тағайындағаны болды. Анығын айтқан жөн, жасы елуден енді асқан Ж. Жұмаханов 2013 жылдан бері Өскемендегі «Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасы» КМК бас дәрігері қызметін тиянақты атқарып келді. Даниал Кенжетайұлы облыс әкімі лауазымында отырған 6 жыл ішінде бұл басқармада бірнеше басшы ауысқанын да жасыруға болмас. Жағдай күйіп тұрған сәтте облыстағы індет ахуалын бақылауға алған Жайық Жұмахановқа жүктелген жауапкершіліктің жүгі ауыр екені түсінікті.

    Ал, қазір Д. Ахметовтің «уысындағы» аудан, қала әкімдері эпидемиолог-дәрігерлер арқылы видеоүндеу жариялатып, сақтыққа шақырудан арыға бара алатын емес. Әлеуметтік желідегі парақшаларынан дүкендерді аралап жүрген рейд барысын да көруге болады. Олардың ішінде індеттің алдын-алғаннан гөрі «Қай жерде той өткелі жатыр?» деп елеңдей құлақ түріп жүргендер де баршылық.

    Ал, вирус анықталғандар саны күн сайын жаңара түсуде.

                                                                                                                                              Сәтжан Қасымжанұлы

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar