USD483.23EUR534.74RUB5.12

ҰЛЫҚ келгеннен мәселе шешіле ме?

11 қараша 2020, 16:37
Өткен аптаның басынан бері Шығыс Қазақстан облысын коронавирус індетінің көрсеткіші шыр айналдырып тұр. Премьер-Министрдің орынбасары, COVID-19-дың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның төрағасы Ералы Тоғжанов осы жағдайға байланысты арнайы келіп, облыс әкімі Даниал Ахметовке 10 күн ішінде эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыруды тапсырып кетсе де, оңалу оңай болмайтыны шындық. Қауіпті вирустың төбесі көрінбей жатып, «Біз екінші толқынға дайынбыз» деп ұрандатқан басшылықтың сөзі мен ісі алшақ екенін Шығыс Қазақстан облысының «қызыл аймаққа» енгендігінен-ақ байқауға болады.
ҰЛЫҚ келгеннен мәселе шешіле ме?

   Айтып ауыз жиғанша, араға апта салмастан Үкімет басшысы Асқар Мәминнің өзі де Шығыс өңірге келіп қайтты. Орынбасары Ералы Тоғжанов сияқты ол да облыс әкімі Даниал Ахметов бастаған жергілікті шенділерге тапсырма беріп, есептерін тыңдап қайтты.

    Сонымен,  Премьер-Министрі Асқар Мамин де Шығыс Қазақстан облысында COVID-19 бойынша жағдайды тұрақтандыруды тапсырды. Облыс басшылығына коронавирус инфекциясының одан әрі таралуына жол бермеу, халыққа санитарлық талаптарды түсіндіру және оның сақталуын бақылау, одан басқа да «өйту мен бүйту» бойынша жұмысты күшейтуді тапсырғанымен, онысының шырылдаған шыбын жанға шипа бола қоюы неғайбыл.

Мәминге ере келген Денсаулық министрі Александр Цой болса, алдағы желтоқсан айында ауру деңгейі артуы мүмкін екендігін «естіртіп» алып, «Ауру көбейді деп үрейленудің қажеті жоқ, бұл қалыпты жағдай. Біздің мақсатымыз барлық ошақтарды жойып, стационарларда тиісті ем-шараларды жүргізу. Ең бастысы, өлім-жітім санын азайту» деп «мен не деймін, домбырам не дейдінің» керін келтірді.

Қазіргі уақытта республика бойынша індет жұқтырғандардың 50%-ы Шығыс Қазақстан облысында анықталып отыр. Ауруды жұқтырғандар саны бойынша облыс қызыл аймаққа еніп кеткені белгілі. Өткен аптамен салыстырғанда, өңірде сырқаттанушылық 5,4 есеге өсіп, күн сайын 350-ден аса ауру тіркеліп отыр, жағдайы ауыр науқастардың саны артқаны тағы бар.

Коронавирус бойынша жоғары көрсеткіштің көш басында Өскемен және Семей қалалары көзге түсіп тұр. Денсаулық сақтау министрілігінің дерегіне сүйенсек, жергілікті билік айға бата жасап, жайбарақат отырған жоқ сияқты: облыста медициналық бригаданың жұмысын үйлестіретін 584 мобильді оқшаулау орталығы жұмыс істейді. Бүгінде желіде 516 бригада бар екен, олар 1978 инфекция ошағын және ауруды жұқтырғандармен байланыста болған 4709 адамды бақылайды. Қажет болған жағдайда қосымша 100 бригада құруға мүмкіндік бар.

Өңірде 3254 инфекциялық төсек-орынды, оның ішінде 205 реанимациялық төсек-орынды қамтыған 30 инфекциялық стационар жұмыс істейді. Қосымша 2756 инфекциялық төсек-орынды, оның ішінде 194 реанимациялық төсек-орынды қамтыған 10 резервтік стационар жасақталған. Медициналық мекемелер 346 ӨЖЖ аппаратымен және 1142 оттегі концентраторымен қамтамасыз етілген.

    Нақты мәліметтерге сүйенсек, Шығыс Қазақстан облысында COVID-19 диагностикалау бойынша 13 зертхана жұмыс істейді. 311 мың адам, оның ішінде соңғы тәулікте 4743 адам тексерілді. 2020 жылғы 1 желтоқсанға дейін қосымша 5 ПТР-зертхана ашу жоспарланған екен.

Облыстық әкімдіктің мәліметіне сүйенсек, медициналық мекемелерде екі айлық дәрі-дәрмектер мен жеке қорғаныш құралдарының қоры бар. Жедел медициналық жәрдем машинасы паркі 60 бірлікке толықты, жыл соңына дейін қосымша 156 «Жедел жәрдем» жеткізілмек.

  Бір қарағанда бәрі тастай, індетке қарсы күрестегі міндетін мінсіз атқарып жатқан сияқты. Алайда, облыс әкімі Даниал Ахметовтің ала жаздай Татарстаннан дәрігерлерді топ-тобымен шақырып, іс-тәжірибе алмасқандары, ақыр соңында Шығыс өңірде медициналық іс-тәжірибенің басқалар қызығыарлықтай деген оймен тарқасқандары да ойға түспей тұрмайды. Ал, «қайта шапқан жау жаман» екенін байқатып қайыра соққан қауіпті індет өңірдегі барлық аудандардың қауқары қандай екендігін күн сайын әйгілеп жатыр.

   Қазір облыс орталығы – Өскемен қаласына әуе және теміржол арқылы қатынайтын жолаушы тасымалдау рейстері қысқартылды. Дегенмен, түрлі себептермен Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы туыстарына, балаларына басқа да жақындарына барғысы келетіндердің ПТР-тест тапсыруға міндеттелгені тұрғындардың наразылығына түрткі болуда. Өйткені, ақылы тест тапсыру бағасының қалтаға салмақ түсіретіндігі өз алдына, жекеменшік емханалардың қорытындыны тәулік ішінде дайын етуі үшін түрлі құйтырқылықтарға барып отыр.

Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласына бармақ болған семейлік Сұңғат Демесінов ешқандай медициналық талап жоқтығын, жекеменшік клиникалардан ғана тест сынамасын тапсырту арқылы әлдебір топтардың ауадан ақша жасап отырғандығына ашынады.

-Емханаларда процедуралық кабинет деген жоқ. Мұрныңа мақта тығады да қоя береді. «Invivo», «Инвитро+», «Олип» сияқты жекеменшік клиникалардың қызметіне бақылау жоқ. Таңғы сағат 7-ден қайсысына барсаң да жер қайысқан жұрт. Бәрі де жол жүруі керек, амалсыз ПТР тапсыруға кезекке тұрады. Оның қорытындысын алмай, ұшаққа, пойызға отыра алмайсың. Ол түк емес. Әуежайға барғанымда 40 мың теңгеге тест қорытындысын шығарып береміз деп жүгіріп жүрген жылмақайларды көрдім. Оларды ол жерге осы жекеменшік емханалар жіберіп отырған болуы керек. Адамның жаны қысылып тұрғанда мұндай жолмен ақша жасау адамшылыққа жата ма?! Бір ПТР-тест құны бір адамға - 9 мың теңге. Жарыңмен бірге жолға шығатын болсаң, 20 мың теңгеге жуық ақша... Үш күн бұрын ұшаққа билет алып қойғанбыз. Бір күн қалғанда, ПТР –тест тапсыру міндеттелді. Ертең ұшуымыз керек болған соң, «Инвитро+»-ке жанталасып барсақ, қорытындысы екі күнде дайын болатынын айтты. Оған күте алмайтынымды айтып ем, 10 500 теңгеге күнбе-күн әзір болатынын айтып шыға келді. Сонда әйелім екеуімізге 21 теңге төлеуім керек болды. Бұл бір ме, 5 жасқа дейінгі баладан сынама алмайды. Алты жасқа толған балаларға да осы баға. Ересектерге бірдей бағаны балаға да қойғаны қалай?! Бұл, міне, біздегі медициналық қызметке бақылау жоқтығын көрсетіп тұр. Бар шығар, бірақ, әлдебір жемқорлық жүйенің жұмысы жүріп жатқанына күмән жоқ,-дейді С. Демесінов.

  Қызық болғанда, елді әуре-сарсаңға салып, қалтасын қаққан ПТР зертханаларының жұмысы сын көтермейтіндігін облыс әкімі Даниал Ахметовтің өзі де мойындап отыр.

«Семейге жұмыс сапарым барысында сондай-ақ, ПТР-зертханаларының құрылыс барысын тексердім.

Өкінішке орай, жекеменшік ПТР-зертханаларының жұмысы сапасыз, нормативтік мерзімдер барынша бұзылып келеді. Тест нәтижелері тиісті 24 сағатта емес, 30 күннен кейін берілуде. Мұның бәрі дәрігерлер мен тұрғындардың әділ наразылығын тудырып отыр. Осы себепті біз 5 ПТР зертханасын сатып алу туралы шешім қабылдадық. Олардың бірі 10 қарашада Семейдегі ЖМЖА-нда құрастырылып, іске қосылады, ал №2 Жұқпалы аурулар ауруханасындағы қуаты 1000 зерттеуге арналған модульдік кешен де 20 қарашаға дейін дайын болады.

Ал, Өскемен қаласының №4 ауруханасында жұмыс 7 қарашада аяқталады. Біз мұндай бассыздыққа шыдай алмаймыз. Өйткені, бүгін тағы да жекеменшік зертханалар қуатына қарамастан ұзынсонар кезек жасады. Бұл - ковидпен күресудің тиімділігін төмендету»,-деп мәлімдеді Д. Ахметов «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

   Облыс әкімі осылай деп жұрт күйінген жағдайдан хабардар екендігін аңғартқанымен, қарақұрым кезекке тұрған халықтың қалтасын қағып «тест-сауданың» көрігін қыздырған жекеменшік емханалардың тезге салуға асығар емес. «Қызыл аймақта» қалған облыстың Денсаулық сақтау департаментіне әлі күнге дейін басшы тағайындалмағаны да екінші толқынға қаншалықты әзір болғанымызды айғақтап тұр.

                                                                                                                                                           Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

4 сағатқа жетпей
27 қыркүйек 2024, 10:07
ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar