Ашығын айтқанда мұның барлығы айтылып-айтылып болды. Қазір одан да өзекті деген дүниелер пайда болуда. Тағы да ұялы телефон мен саны бар сапасы жоқ қаптаған әлеуметтік желілерді кінәлап жатырмыз. Ұлдарымыз қыз сияқты майысып, боянып, киініп жатса қыздарымыз шыны керек «еркекшора» болып барады. Бірақ бүгінгі тақырып бұл жайлы емес. Бүгінгі тақырып тайға таңба басқандай етіп, бақырайтып тұрып көз алдымызда болып жатқан түрлі танысу посттары мен бұрыштары жайлы болмақ.
«Мен өзіме жар іздеймін, бойы 150-160 шамасында, салмағы 50-70 кг болса болады және тағы бір айта кетерлігі Оңтүстіктен, Батыстан болмаса Шығыстан, осындай қаладан болса», «Мен өзіме жігіт іздеймін жасы 18-25 аралығында болса, сонымен қатар айына 300 мың теңге табысы мен көлігі болу керек», «Мен өзіме жар іздеймін, жасым 70-те, менің талаптарым жасы 40-45 аралығында болса» деген түрлі тақырыптағы хабарландыруларды оқығанда бүкіл әлемде жар таппай жалғызсырап жүргендер осылар ма деп қаларсыз. Бұрынғының бүгінгіге өсиет болып қалған сөздері бар емес пе? «Тең теңімен, тезек қабымен» деген қайда қалды.
Жасы 70-тен асқан ата сақалы аузына түскен ақсақалдарымыз 40-тан асқан жар іздеп, іздегенімен қоймай жарияға жар салып жатса мұның қандай тәрбиелік мәні бар. Сондай-ақ, бесіктен белі шықпаған жап-жас өрімдей қыздарымыз ашығын айтқанда «байға» шықпай қалатындай өзінің теңін іздеп отырса, онымен қоймай талаптарын да тізіп жазып қойса, мұнда қандай қасиет қалды.
Жаратушының өзі Адам ата мен Хауа Ананы жаратқандай, әрқайсымызға біз шыр етіп дүниеге келген сәттен бастап, пешенемізге тағдырымызды жазып, жұбымызды да жаратқан емес пе. Онда біз кімбіз? Жаратушының жарлығына қарсы келіп, әртүрлі тәсілмен өз-өзімізге жұп іздейтіндей біз қандай заманға түсіп кеттік, болмаса қандай заң жазып алдық екен. Өткенге көз жүгіртіп қарап отырсақ біздің ата-бабаларымыз ананың көлігі болсын, мынаның айлығы мынша болсын, не болмаса мен анаған тимеймін, мен ананы алмаймын дейтіндей таңдау жасамаған. Үйдің үлкендері алдын-ала сөз байласып, бесік құда түсіп, кейін ұл-қыздары ер жетіп, бойжеткенде бір-біріне табыстап қоя беретін болған. Ол кездерде үлкеннің сөзі заң болған. Қарсы шығып, менің қалауым емес, болмаса ол маған тең емес деген сөздер айтылмақ түгілі ойларына да келмеген. Біз де сол ата-бабалардан қанымыз қазақ болып тарап келе жатқан ұрпақ емеспіз бе. Олай болса, қай аралықта біз қазақтықтың табалдырығын аттап, басқа әлемге ауысып кеттік, болмаса адасып кеттік.
Өздеріңізге мәлім «Тақиялы періште» фильмінің өзінде баласының жасы келіп қалғанына қынжылған ана қыз іздеп сенделіп жүреді емес пе, жолыққан қыздың әрқайсысының тегін сұрап, жөнін айтып, содан кейін қыз келіссе ғана ұлымен таныстырып көреді. Енді қараңыздаршы біз және біздің қоғамда не болып жатыр. Қыздар өздері бірінші болып жігіт іздейді, содан түрлі танысу посттарын жазады, сөйтіп оны барша қазақ көреді. Ұлдарда да дәл солай. Бәрін қойшы, жастар арасындағы әр өзгеріске лезде көзіміз үйреніп кететін болды ғой. Дегенмен бұл біздің қазақтығымызға үлкен сын. Ал, жасы жеткен қарттарымыздың мұндай хабарландыруда нелері бар деп ойлайсың. Немере бағып, бала-шағасының алдында әдемі қартайып, жаздай жадырап отырса дейсің сол кісілерді. Бірақ, қайдам. Бала кезімізде 60- тан асқан әжелеріміз әдемі бешпеттерін киіп, бастарында ақ жаулықтары желбіреп әрқайсысы бір-бір қазына болып үйлерінің алдында отырушы еді. Аталарымыз болса, қолындағы таяғына сүйеніп, немерелерін соңынан ертіп алып, ақыл-кеңесін айтып жүретін. Ал, қазір алпыстамын деген апаларыңыз 40-50 жастағы келіншектей сәнденіп айнаның алдында, тойдың төрінде белдемшемен жүре беретін болған. Аталарымыз да жастарша билеп, керек кезде жас қыздарды көрсе қылмыңдап қалатынды да шығарған. Тіпті, қазір ата-әжең бар ма десе көз алдыңа тоқсаннан асып, жүзге таяп қалған кісілер ғана елестейтіндей көрінеді. Дәл осындай жағдайларға куә бола отырып, жастардан қандай тәрбие туралы сұрай аламыз. Оларға тәрбие береді деген алдыңғы буынның өзі өздерінің жастықтарын қимай жүрген түрі анау.
Мен айтып отырған ата-әжелерді тек ауыл-ауылдардан ғана кездестіріп қалатынымыз рас. Тіпті, онда да саусақпен санарлықтай. Әрине, көпке топырақ шашып, барлық жерде осылай деуден аулақпын. Десе де бұл біздің қоғамда дәл қазіргі сәтте бар дүниелердің бірі. Бола да береді деп ойлаймын. Тіпті, қоғамдық орындардағы пікірлер де екіге бөлініп кетеді. Оған дәлел болсын деп көпшіліктің де ойын ортаға салып отырмыз:
- Бұл қозғап отырған тақырыптарыңыз шынымен де қоғамда үлкен бір мәселе тудыратындай дүние. Себебі, қазір қазыналы қарттарымыз деп бетке ұстап айтарлықтай ата-әжелеріміздің өзі күн санап керісінше жасарып бара жатқандай. Кейбір ақсақалдарға ата өңіңіз кіріп, жас жігіттей болып қалыпсыз ғой деп айтсаң, балаша қуанып, «әрине, жасым үлкен болғанмен, жүрегім жас» деп қалатын кездері де болған. Әрине, ата-аналарымыз болсын, ата-әжелеріміз болсын қартаймай ортамызда жүре берсе дейміз. Бірақ, әр нәрсе өз орнымен, өз уақытымен болатыны тәрізді қарттықтың да өз уақытымен келіп, осы ата-апаларымыз көз алдымызда әдемі қартайып, өздерінің ақыл-кеңестерімен, берген тәрбиелерімен жүрегімізде де жадымызда да сақталып қалса дейміз. Енді мынау сіз айтып жатқан дүниедегідей жастармен жарысып, жағаласып өз қадірлерін өздері кетіріп жүрсе бұл енді мүлдем басқа дүние. Бұдан ертең расымен де жастарымыз қандай тәлім-тәрбие алмақ. Өзіміз осылай жүріп, өзімізден кейінгі іні-қарындастарымызға қалай ақыл айтпақпыз. «Өзіңе қарап ал» деген сөз де осыдан шығатын болар жастардың аузынан. Не болса да адам ең әуелі өзінен бастағаны дұрыс деп білемін. Мынау мақалаға арқау болып жатқан жаңағы түрлі танысу посттары да негізі дұрыс емес. Жақсы, солай танысты делік, бірақ одан үлкен ордалы отбасы бірден құрылып кетпес. Себебі, қарап отырсаңыздар талаптары бар сол танысулардың. Бұл қазаққа мүлдем жат дүние. Бұл менің жеке тұлға ретіндегі пікірім. Себебі, өзгелер бұған басқаша көзқараспен қарауы да мүмкін. Әр адамның әртүрлі ойы болады. Сондықтан жеке пікір дегенім дұрыс болар,- дейді ағамыз Сабыржан Санжарұлы.
Қарапайым халықтың қамын ойлап, оларға қолұшын созып жүрген, қазіргі таңдағы ең қажетті салалардың бірінде қызмет атқарып жүрген практик-психолог Асем Байбасарованың да осы тақырып төңірегіндегі пікірін білген едік:
- Бұл тақырып төңірегінде пікір білдірмес бұрын мен айтар едім негізі адамдардың танысу посттары турасындағы пікірі 50- де 50. Бұл әрине, қазақтыққа жат дегенімізбен бізде басқаша көзқараспен қараймыз. Өйткені, бұл жағдай біздерде енді ғана дамып келе жатуы мүмкін. Сондықтан оған көп жағдайда үрке қарайтынымыз рас. Ал, шет мемлекеттерде бұл посттар мәдениетті түрде қолданылады, яғни олар үшін бір сөзбен айтқанда қиын емес. Қазір интернеттің дамып тұрған заманы ғой. Адамдар түрлі әлеуметтік желілер арқылы танысып та жатады. Осы кезде ең бірінші есте сақтау керек дүние ол, адам ең алдымен өз қауіпсіздігін ойлағаны абзал. Содан кейін танысып отырған адам жайлы нақты әрі сенімді ақпарат алу, және ұзақ уақыт бақылап барлығына көз жеткізу керек. Өйткені, адамдар көп жағдайда шынайы бетбейнелерін аша бермейді. Айта кететін бір жайт барлығына күмәнмен қарай беруге де болмайды. Себебі, осы әлеуметтік желіде жүріп танысып, кейін отбасын құрып кетіп жатқандар да жоқ емес,- дейді практик-психолог Асем Байбасарова.
Шынымен де “Қорыққанмен жан қала ма” деген де сөз бар ғой. Алайда, біз әлеуметтік желілер арқылы ғана емес, тіпті кейбір ақпараттық басылымдар арқылы да осындай хабарландырулар берілетінін де байқап қалғанбыз. Тіпті, Оңтүстік өңірлерде осындай бағытта шығарылатын басылымдар да бар. Қателеспесем олардың арнайы «Ақ отау», «Ақ босаға» деп аталатыны да жасырын емес. Әрине, болмасын демейміз ғой. Десе де, бұл дүниелердің барлығы көп жағдайда орта жастағы адамдарға арналған ғой. Ал, қазір дәл осындай танысу бұрыштарында енді ғана кәмелеттік жасқа толған ер жігіттер мен өрімдей қыздардың арнайы хаттарынан көз ашпайсыз. Бесіктен белі шықпай жатып, «бай» іздегенді қайдан көріп едіңіз? Жақсы, дәл солай өз теңін тапсын делік. Олардың ертеңгі күні үлкен бір ордалы отбасы болып отыратынына кепіл бар ма? Жоқ, әрине. Сондықтан есіміз барда елімізді тауып, тең-теңімен болғанға не жетсін. Осы тақырыпқа тұздық болар деген ниетпен тіпті инстаграмм желісіне кіріп, бірнеше парақшаларды да парақтап шықтым. Саны көп, сапасын кім білсін. Барлығында жар іздеген, тең іздеген пенделер. Бейне бір жоқ іздеген малшыдай дерсің. Біз қайда барамыз? Қандай қоғамда өмір сүріп жатырмыз? Біз кімдердің ортасында жүрміз? деген сұрақтардан санамыз да ашылмай қалатын болды-ау.
Өмір де, өмірлік серігіміз де өз уақытымен бола жатар. Ең бастысы адами құндылығымызды жоғалтпай, өзімізді-өзіміз бағалап жүрейік.
Гүлім ЗАМАНБЕКҚЫЗЫ