Барлығымыздың көзіміз жеткендей, қазір қалың көпшіліктің оқыған кітабының санынан көрген киносының саны басым. Том-томдаған кітап оқығаннан сол туралы түсірілген киноны көруді, кітап сатып алғаннан кино сатып алғанды жөн санаған заманда киноның теңдессіз қару екені мойындалды. Сонымен бірге ең үлкен қару кино екенін ескерген елдер әлем халқының санасын жаулау үшін ақпараттық соғыс майданын бастап та кетті.
Өйткені, әлемдік ықпал үшін күрес жаңа ғасырда жаңа сипатқа ие болды. 30-шы жылдардан өз бастауын алған қазақ киносы бүгінгі күнге дейін көрермен көңілінен шығатын талай кино туындыларын шығара білді. Соның ішінде “Атаманның ақыры”, “Гауһартас”, “Менің атым Қожа” секілді бүгінгі күнге дейін өз құндылығын жоғалтпай келе жатқан туындылар бар. Қанша көрсең де ескірмейді ғой шіркін! Бодандық тұстың өзінде түсірілген «Қыз Жібек», «Шаңырақ», «Көксерек», «Тақиялы періште» сияқты кинолар деңгейіне жететін әрі ұлттық құндылықтарды насихаттайтын туындыларды егемен ел болып, етек-жеңімізді жиған бүгінгі күні түсіре алмауымыз – бейшаралық деп білемін. Жоғарыда аталған кинотуындылар ұлт тамырымен астасып жатқаны үшін де ғұмыры ұзақ болды. Баса айту керек ол кезеңде қазақ ұлтының рухын өлтірмей күрескен зиялы қауым болды. Біз біле бермейтін қаншасы ішқұса болып, ұлты үшін күресті. Ал, біз ше? Бұрыңғы кинолардың қадірін біліп жатырмыз ба?
Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін қазақстандық киноның дамуында айтарлықтай өзгерістер болды. 2008 жылы кинемотографияны дүр сілкіндірген «Рэкэтир» фильмі әлі күнге дейін көптің есінде шығар. Ақан Сатаев режиссерлік еткен бұл фильм көрермен тарапынан да кинотанушылар тарапынан да үлкен мадаққа ие болыпты. Осыдан кейінде киносүйер қауымның көңілінен шыққан «Жау жүрек мың бала», «Шал» тәрізді кинолар кинотеатрларда үлкен сұраныс жинай бастаған-ды.
Сол сияқты “Анаға апарар жол” туындысы көрерменнің көңілінен шығып қана қоймай, шетелдік бірнеше марапаттардың иесі болды. Ал, төрт-бес жылдың көлемінде жарық көрген “Бизнес по-казахский” киносы қазақстандық кинотетрларда кассалық есеп бойынша американдық “Мстители“ фильмін басып озды. Артынша, Нұрлан Қоянбаев әлем елдері Түркия, Америка, Үндістанды аралап, кинотуындыларын әлі де жалғастыруда. Баян Есентаеваның продюсерлігімен түсірілген киноны айта кетпеске болмас. Биылғы жылы жарыққа шыққан «Донор» кинотуындысы көптің көңілінен шықты. 5/32, «Келінжан», «Аппақ келін» кино сериялдары шыққалы кино тарихымызға рең берілгендей. Қазіргі таңда Қазақ киносына үлкен мән беріліп, кино түсіретін жекеленген компаниялар мен режиссерлар саны артып келеді. Әрине, кез келген салада маман саны артқан сайын бәсекелестік те арта түседі. Ал, бәсекелестік шығарып жатқан дүниенің сапасын арттырады. Алдағы 10 жылда кино саласындағы бәсекелестік Қазақ киносын әлемдік аренаға шығаратын дүниелер алып келеді деген сеніміміз мол.
Дегенмен, жетіспейтін тұстары да жетерлік. Кейде біздің қазақ киносына ұлтшылдық жетіспейді деп ойлаймын. Кино көргенде Отанға деген сүйіспеншілігіңді оятатындай, қазақ болып туғаныңа бақыттымын деп мақтанатындай, Отан үшін қызмет етуге, жан беруге даяр болатындай сезім тудыратындай болса, шіркін. Барлық көршілеріміз Ресей, Өзбекстаннан бастап отансүйгіштікке баулитын кем дегенде 5-6 кинолары бар. Мәселен, шетелдік бір киноны таныстырмай-ақ орта тұстағы сюжеттерін көрсетсе, оның қытайдың, түріктің, не орыстың киносы деп бірден табамыз. Өйткені, киноның келбеті, тілі және қай елдің идеологиясын насихаттап жатқандығы бәрі көрініп тұрады. Бұрындары елдің болашағын жастарына қарап білетін болса, қазір киносына қарап байыптаймыз. Ал, қазіргі қазақ киноларында қазақтар өзін көре алмағаны үшін кеңестік кезеңдегі қазақ киноларын әлі ұмыта алар емес.
Қазақ киносына бірде көңілің толса, бірде толмай жатады. Жаттап алған тақпақ сияқты, бір сарынды берілетіні киноның сапасын түсіріп тұр. Басын бастап, көргеннің өзінде-ақ соңы қалай болатынын біліп тұрасың. Артық қыламын деп тыртық қылып жатқан кино режисерлар да жеткілікті. Саны бар, сапасы жоқ. Өзгені қойып, өз халқымызды қорлайтын кино түсіріп әлек. Мүмкін халықты таңқалдырғысы келер. Егер қазақ намысты ұлт болса, бюджет қаржысын талан-тараж етіп, мейлі ол жеке біреудің қаржысы болсын, қазақты қорлайтын кино түсіруге жол бермеуі керек. «Келін», «Қарой», «Махаббат тәлкегі», «Ойпырм-ай», «Қайрат чемпион», «Әке қорлығы», «Тюльпан» кинолары қазақтың салтында жоқ дәстүрлерді насихаттап, азғындықты, арсыздықты көрсету арқылы халықтың санасын бұзуда. Кез келген қазақтың киносын қарап отырсаңыз, азғындықты насихаттап жатады. Айы-күні жақындаған әйелді зорлау, баласының анасын өлтіруі, қазақтың қызының дәрежесін төмен түсіруі. Бұл неткен намыссыз халық, намыссыз режиссерлар, намыссыз билік. Қазақтың қызын жезөкше етіп жарнамалау қарқын алып, қорлауға айналды. Қазақтың түсінігінде «Жақсы сөз - жарым ырыс» дегендей жақсылықты насихаттасаң жақсылық болмаушыма еді. Неге жақсы жағымызды көрсетіп, дәріптемеске? Қазақтың жанын түсінбейтін режиссерлардың халық психологиясын бұзатын кинотуынды шығаруына, барлық ресурстарымызды талан-тараж еткендерге билік қатаң жаза қолданса болар еді.
Неге басқа елге ұнау үшін немесе солардың жүлделері үшін ғана кино түсіруіміз керек? Ондай елдерге өз идеологиясын насихаттағанда ғана ұнайсың ғой. Сонда бөтен елдің қолшоқпары болып, сол елді насихаттағанда қазаққа не пайда. Неге, орыс тілін дәріптегенге дайын тұрамыз? Бүгінгі күні шығып жатқан танымал кинолардың барлығы дерлік, өзге тілде. Неге қазақ халқы шүлдірлеген әлөкей-шөлекейлерге билет сатып алуы керек? Халықпен бірігіп, ұлттық бірлігімізді насихаттайтын кинолар түсіруін сұрау керек сияқты. Сондықтан билік, халықтың талғамымен санаса отырып халық көретін кино түсіруге бетбұруы керек. Халықтың қаржысына халық көретін кино түсіруін неге талап ете алмаймыз.
Қарап тұрсақ, телеарналарымыздың өзінде қазақ кинолары сирек көрсетіледі. Жасыратыны жоқ, көрсетілген күннің өзінде көру үшін уақытыңды қимайсың. Көбіне түрік, кәріс пен қытай, қала берді орыс кинолары басым. Демалыс күндері Өзбек пен Қырғыз кинолары экраннан түспейді. Ал, оларды жұмысымызды ысырып, отбасымызбен жинала көреміз. Мойындау керек, сол елдің киносын сүйсіне көресің. Түріктер кофесімен мақтанса, кәрістер тағамдарымен танылды. Қытайлар атыс-шабысын көрсетіп, заңдарын дәріптесе, өзбектер салты мен дәстүрін көрсете біледі.
Қазақ киносына кейіпкерлер керек. Шыны керек, қай киноны көрсеңіз, ойнайтыны бір актриса. Не болмаса, орнына шетелдік кейіпкерлерді таңдайды. Мәселен, «Келін» сериялындағы Ананди, «Аппақ келін» сериялындағы Лия тағысын-тағы. Халық қазақ киносын қабылдамағанын осыдан-ақ білуге болады. Қазақ киносының салмақты емес екендігін кинотеатрларға үлкен кісілердің емес, тек жастардың ғана баруынан аңғаруға болады. Жеңіл ойлы, арзан күлкіге құрылған кинолардың деңгейі осы.
Қазақ киносының іліп алатыны жоқ деп те айта алмаймыз. Бар, бірең-саран. Жақында "Міржақып. Оян қазақ!" туралы кинонысын көріп шықтым. Түсірілім керемет шыққан. Жүрегім ауырды. Көңілім босап, көзімнен парлап жас кетті. Өзімді жек көріп кеттім. Алаштың тілімен айтқанда мен қазір тілмаш болып жұмыс істеймін. Орыстар мен мәңгүрт қазақтарға қызмет жасаймын. Жоғары білімім бар. Шайлық жалақыммен уақытты бос өткізіп жүрмін. Ұлтым үшін ештеңе жасап жүрген жоқпын. Ұлттық рухым да сынып бара жатқандай. Ал, Міржақып, Ахмет, Алихан аталарымыз ұйқы көрмей ұлттың қамын ойлады. Артында өшпес із қалдырды. Ал, біз ішкен-жегенімізге мәзбіз. Ұлы «Абай» атамызға, нәубет «Ашаршылық», сондай-ақ «Хандық», «Кеңес заманы» барысына арналып түсірілген кинолар жоғары деңгейде.
Ел мақтаған "Аватар"-ды көрдім. Қазақ тілінде. Бұл кино кинотеатьрларда қазақ тілінде 3 мәрте, ал орыс тілінде өтірік айтпасам 7-8 рет көрсетілді. Бірақ, "неге қазақ тілінде аз, орыс тілінде неге көп қойылды?" деп кино қойшыларға өкпелеудің қажеті жоқ, себебі қазақ тіліндегі киноны көретін адам аз, біз кірген зал да толған жоқ. Биліктен ешкім келіп "орысша көр" деп айтпаса да, қазақтар өздері тілдерін шүлдірлетіп орысша қойылымға кіріп жатыр. Кінә кімде? Қит етсе билікті кінәлаймыз, халқың да оңып тұрған жоқ. Өті жарылып кетсе де айтайын "қандай халық болса, сондай билік бар". Сондықтан билікті сынай берудің қажеті жоқ. Халқым қателікті бір уақыт өзімізден де іздеу керек. Баласын орысша мектепке бергендер, қазақша оқыса надан болып қалады деген де сылтау.
Сөздің расы соңғы уақытта шыққан кинотуынды әзіл-қалжыңға құрылып кетті. Былапыт сөз, айтар ойы жоқ. Құр ырду мен дырду. Тек лайк пен қаралым үшін түсіретін сияқты. Алдағы уақытта киноны лайкқа емес, лайықты түсірсе нұр үстіне нұр. Әзіл-қалжыңмен байыпты түрде жеткізіп жүргендерді де көрдік. Мысалы, «Жездуха», «Тойхана», «Тек қана қыздар» кинотуындылары әзілмен қатар, қоғамдағы ащы шыңдықты да жеткізіп жүр.
Бәлкім қазақ киносына өзгерістер әкелу үшін еліктеушілікті қою керек сияқты. Мүмкін ұлттық киномызды дамытуымыз үшін патриоттық бағыттағы «Тарихқа тағылым» деген мемлекеттік бағдарлама қабылдауымыз керек шығар. Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?
Сымбат ҚАЙРАТҚЫЗЫ