Елімізде жастардың жан-жақты дамуы үшін түрлі бағдарламалар бар, жастарды қолдау ұйымдары құрылды. Ол ұйымдардың негізгі мақсаты – жастардың бойына патриоттық сезімін ұялатып, денсаулықтарын нығайтып, білім деңгейін көтеру, халықаралық бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу. Жас ұрпақ бүгінгі өзгермелі заман ағымына ілесіп, бейімделуі үшін жағдай жасау.
Бүгінгі күні осы жастарымыз рухани күйзеліске көп түседі. Өйткені, мектепті бітіріп, үмітін үкілеп, оқуға түскен жасөспірім, тұлымы желкілдеп, оқу орнын тәмамдайды. Дипломын қолына алып, қалаған мамандығы бойынша жұмыс іздей бастайды. Осы жерде тығырыққа тірелері анық. Кім болса да өз жолын тауып, кәсіби тұрғыдан қалаған мамандығы бойынша жұмысқа орналасқанда ғана өзіне сенімділігі нығая түседі. Ал, жұмысқа тұра алмаған жастар моральдық-психологиялық қолдауды қажет етеді. Олардың рухани әлемі құлдырауға тап болады. Сөйтіп, «Бәке-Сәкені» жағалап, жемқорлықты қазірден бастағанын да білмей қалады.
Соңғы жылдағы пандемия әлем бойынша жұмыссыздықты арттырды. Бұл аурумен қоса қауіп төндіріп отырған жайдың бірі. Жұмыссыздық көбейген сайын жастар арасында экстремистік топтарға қосылу, қылмыс, рухани дертке шалдыққандар саны да артады. Ресми сайт-тардың мәліметіне қарап отырып, жастар арасында жұмыссыздықтың өршуіне не себеп болды деп ойланасың? Солардың кейбіріне талдау жасасақ.
Мектеп бітірерде кәсіптік бағдар беретін жұмыстардың жүргізілмеуі. Оқуға түсерде ата-ананың нұсқауымен ҰБТ баллы жеткен грант бөлінген мамандықтарға түсе салу. Кейде сол мамандығын толық түсінбеген студенттер де кездесіп жатады. Қазақтарда жоғары білім дипломын алу міндетті құбылыс. Оның саны мен сапасына мән берілмейді. Оқу орынын «сәнге» айналған, заңгер, экономист, финансист, мұғалім, дәрігер мамандықтары бойынша таңдайды.
Екіншіден, оқу орындарының сын көтермеуі. Оларда қажетті құралдар мен құжаттар, оқулықтар аз, маман дайындауда заманауи стандартқа негізделмеген әдістер қолданылады. Кейбір мамандықтар бойынша арнайы өнідіріс, өнеркәсіп орындарымен байланыс жүргізілмеген. Ақырында дипломы бар, жұмысы жоқ мамандар саны көптеп пайда болады. Тәжірибесі жоқ жастарды жұмыс беруші де қабылдамайды. Сол себепті, мұны оқу орны қамтамасыз етуі тиіс. Алғашқы күннен бастап, оқи отырып, тәжірибеге араластыруды қолға алса, нұр үстіне нұр болары хақ. Ауылшаруашылығы, техникалық салаларда сұраныс болғанымен маман тапшы. Өйткені, жас жеткіншектердің диплом алған бойда жылы орынға жайғасқылары келеді. Шетелде саналы түрде үлкенге қарсы шығу акциясы ретінде жұмыссыздық жариялайды, ал бізде қылшылдаған жігіттер мен қыздар ата-анасына масыл болғанын намыс санамайды. Қазіргі жастардың көбі жұмыстың жоқытығын сылтауратуға бейім. Салдарынан жұмыссыздардың саны артпаса, кемімей келеді.
Олардың ойынша, қаржы мәселесін ата-ана шешуі тиіс. Дамыған елдерде жоғары білімді адамдар кез келген жұмысты жасай береді. Өйткені, қандай қиындыққа тап болсаң да, оны тек өзің ғана шешуің керек. Адам жастайынан соған бейімделуі тиіс. Ал, біздің елімізде жастар «диванда жатып» тәжірибе жинайды. Кейбір кәсіпорындарға кадрлар жетіспесе де, жастарымыздың онда баруға құлқы жоқ. Бұл олардың өз мойнына жауапкершілік алмауынан деп есептейміз. Тіпті, солай екені айдан анық.
Қазақстан тұрғындарының 20,2%-ын жастар құрайды. Оның 17,8% жұмыссыздар қатарында. Мемлекетіміз жұмыссыздықтың алдын алу үшін түрлі бағдарламалар құрып жатыр. Алайда, нәтиже шығатын түрі жоқ. Соның ішінде «Дипломмен ауылға» жобасы. Осы жобаның аясында үкімет ауылды көркейтуді де жоспарлап отыр. Жасы 29-дан аспаған диплом иесі өтініш беріп, ауылда жұмыс жасауына болады. Ауылға мұғалім, дәрігер, медбике, ауылшаруашылық мамандары, мал дәрігерлері қажет. Сонымен қоса, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы да өз жұмысын жүргізіп-ақ жатыр. Сайып келгенде бұл бағдарламаға сұранатын жастарымызда саусақпен санарлық. Өкінішті, әрине. «Жыламаған балаға емшек жоқ» демекші, Абай атамыз айтқандай «Жұмысы жоқтық, көйлегі көктік аздырар адам баласын». Көпке топырақ шашудан аулақпын. Жоғарыда айтып жатқандарымның барлығы рас. Дегенмен, мұндай бағдарламалар арқасында талай жастың үміті ақталып та жатыр. Талпынған адамға қашан да жақсылық үйір болады. Ойы толыққан, жетілген, білімді жастарымыз да бар. Тәуелсіз еліміздің туын асқақтатар мұндай жеткіншектерімізге де қолдау жасалуда. Осындай жастарымыздың саны артып, еңбекке деген құлшыныс пен сұраныс саны артса, жұмыссыздық та түп тамырымен жойылар еді ғой әлдеқашан.
Ойымды аяқтай келе айтарым, жастардың жұмыссыздығы – қоғамдағы дерт. Ол тек біздің елде ғана емес, әлем елдерінде кездесетін құбылыс. Еліміздің ертеңін өркендетер жастарымызды дұрыс жолға салып, бағыт беру – қоғамның алдындағы міндет. Мектеп жасынан бала жүрегіне жылу сыйлап, табысты болудың, дамудың жолдары көрсетілуі тиіс деп білемін өз басым. Сонымен қоса, таңдау құқығын жастардың өзіне беру керек. Ойына сенімділік ұялатып, жауапкершілік, адалдық, еңбексүйгіштік қабілетін арттыруға күш салынған жөн. Жас ұрпағы рухани дамыған елдің болашағы жарқын болмақ. «Жақсы болар адамның жұмыссыз жүрген күні жоқ. Жаман болар адамның еш жұмысқа қыры жоқ деп» данагөйлеріміз кезінде тегіннен тегін айтпаса керек...
Кейде ойлаймын мемлекет үй бермеді, жұмыс бермеді көмек көрсетпеді деп екі қолымызды қусырғанша, жұмысты өзіміз әрекеттеп бастағанымыз жөн сияқты.
Сымбат Қайратқызы