USD472.62EUR513.22RUB5.43

Қасиетті "Қоңыр әулие" үңгірі

13 ақпан 2023, 11:40
Қоңыр әулие Абай ауданындағы Шаған өзенінің оң жағалауында, Тоқтамыс батыр ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 18 шақырым жерде орналасқан. Шығыс Қазақстан облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының ақпараты бойынша, ескерткіш ежелгі түрік дәуіріне жатады (VII–VIII ғғ.).
Қасиетті

Қоңыр әулие үңгірі табиғи құбылыстың негізінде пайда болған. Ақтас тауында орналасқан үңгір ауызы сырттан қарағанда елеусіз көрінеді. Киелі үңгір ішінде бірегей көл бар. Тас үңгірдің ауызы  өзен деңгейінен 80 – 100 метр биіктікте орналасқан. Қоңыр әулие үңгіріндегі ені шамамен 12-15, ұзындығы 18-20 метрге созылатын, ең терең жері 5 метрге дейін баратын көл суына, үңгірдің өзіне қатысты да ел арасында әңгіме көп. Біреу «көл суының дәмі Күшікбай асуындағы бұлақ суының дәмімен бірдей» дейді. Былай қарасаңыз, Күшікбай асуы қайда, Қоңыр әулие қайда?! Тағы бір қызық, тылсым дүние, үңгірдегі көл суының температурасы (4 градус) қысы-жазы өзгермейді екен. Ал үңгірдің ішіндегі температура +7.

Аты аңызға айналған Қоңыр әулие үңгірі халық арасында рухани қасиетті орын ретінде қастерленеді. Ұзақ жылдар бойы ысталған үңгір төбесі тазартылды, көл түбіндегі өткір тастар алынып тасталды.   Үңгірдің Қоңыр әулие аталуы аңыз бойынша сонау Нұқ пайғамдардың заманына кетеді. Жерді топан су басады деп Нұқ үлкен кеме салғанда үш әулие солай қарай аттанған екен. Бірақ белгісіз себептермен кешігіп келген, олар жеткенде кемеде бос орын болмай шығады. Әулиелер енді бірнеше бөренені қосып байлап сал жасайды. Топан су басқанда ұзақ уақыт жүзіп жүрген олар тасқа соғылып үшеуі үш жаққа кеткен екен. Судың арыны басылғанда Қоңыр әулие мінген бөрене осы үңгірге келіп тоқтапты-мыс. Осы жерді мекен етіп қалған әулие қайта қоныстана бастаған халықты емдеп, ізгілікке шақырып, кейіннен үңгір Қоңыр әулие үңгірі атанып кеткен екен. Көне қария көздері ұрпаққа, Шыңғыстау тауы шыңдарының бірінде әлемді дүр сілкіндірген Темүжінді хан көтерген, содан кейін ол – Шыңғысхан аталған деген аңызды жеткізуде.

Ерте заманнан бастап адамдар Қоңыр әулие үңгірі қажылық орнына айналып, ғибадатханадай қастерлеп таза ұстаған. Қоңыр әулие үңгірінің бедеуліктегі емдік күші танымал. Нәресте сүйгісі келген ерлі-зайыптылар осы үңгірге келіп нәрестелі болуды сұрайды. Шынында, салт бойынша, әйел адамның өзі ғана үңгірде түнеп шығуы керек. Қараңғы үңгір астындағы көл жаңа өмір сыйлайды және оған шын ниетпен, адал жүрекпен түскендерге денсаулық дәру етеді. Кей аңыздар бойынша, ерте заманда көлде қазақтар қантөгіс ұрыстардан кейін жараларын емдеген. Көл суы соншалықты суық, сүйектерің мұздап, аяқ-қолың қолма-қол тартылып қалады. Тек аяғыңды ғана суға малып қоймай, басыңмен бірге суға 3 – 7 рет малынуың керек. Үңгір кереметі сонау ерте заманнан басталады, ал алғаш рет ол ғылыми тұрғыда ХХ ғасырдың басында зерттелді. Үңгірдің ауызы тар, адам тек қырымен кіре алады. Ал биіктігі – 2 метрден сәл асады. Бірақ бір жарым метрден кейін кірген адам кең алаңға тап болады. Үңгір түбі түсуі қиын үшкір тастармен көмкерілген. Үңгірге кіргенде үстіңдегі тастарды көріп денеңде қорқыныш үрейлейді. Олардың кейбіреулерін қолмен ұстап көруге болады, ал қалғандары биікте орналасқан. Кіреберістен бастап көлбеу бұрышы 50 градусқа созылады. Ары қарай үңгірдің түбінде үлкен тастар жатыр.

Үңгір ауызынан 10 метр жерде әйел мүсіні орналасқан. Жергілікті тұрғындар бұл мүсінді «Қалмақ» деп атайды. Одан ары, сол жақта, үңгірдің екінші орамы, ол жерде кішігірім көл бар. Бірақ бұл үлкен көлдің бастамасы. Үңгір ауызынан оң жақта негізгі үңгір жатыр. Жүруге қиын тастармен жүз елу метрдей жүресің, содан кейін көгілдір түстегі таза суға тап боласың, бұл сол таңғажайып көл. Қалай болғанда да, суға келіп ниет білдірген адамдарға көл өзінің шипасын беруде. Адамдарға қолайлы болу үшін тау етегінде түнеуге арналған үй орналасқан, бұл жерде қажылыққа келгендер тазалау салттарын жасайды. Бұл жердің табиғаты өте керемет, рухани атмосферасы керемет, айналасы шексіз кеңістік. Үңгірде болып көрген, тіпті осы өңірде болып келгендер, өздерімен бірге жан тыныштығын, рухани ләззәт алып қайтады.

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

2 сағатқа жетпей
ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar