USD491.7EUR531.28RUB5.07

ТІЛ ТАЗАЛЫҒЫ – МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕ

14 шілде 2022, 10:24
Жас мемлекетіміздің елдігін, егемендігін, азаттығын білдіретін ұлттық құндылықтың бірі – ана тіліміз. Егемендігі 30 жылдан асқан тәуелсіз қазақ елінің ана тілі әлі де өзге тілдердің тәуелділігінен арылмағандай күй кешуде бүгінгі күні. Қазақ тілінің орфографиялық, грамматикалық, пунктуациялық ережесі бар. Сөйте тұра, кейбір қазақ тілді оқулықтарындағы, тауар өнімдеріндегі, қала берді көше жағалай орналасқан жарнама тақтайшаларындағы үтір-нүктенің бей-берекет қойылуы мен орынсыз аударылған сөздердің өрескел қателерінен көз сүрінеді.
ТІЛ ТАЗАЛЫҒЫ – МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕ

Л.Барден: «Біз тыныс алатын ауа – азоттан, оттегіден және жарнамадан тұрады», - деп айтқандай, бүгінгі таңда айналаның бәрі қаптаған жарнама. Газет-журнал да, теледидар да, радио да түрлі өнімдер мен қызметтердің жарнамасын таратып әлек.

Жақсы, пайдалы дүниенің халыққа таныстырылуы, жарнамалануы қажеттілік делік, бірақ сол жарнамадағы қазақ тілді сөздердің жүйелі берілуі мен тіл ережелеріне сәйкес болуын қадағалайтын мамандар қайда қарап отыр дерсіз осы орайда?

Кез келген тауар өнімінің сыртындағы қаптамасын оқысаңыз, өнім сипаттамасы алдымен орыс тілінде, кейін қазақ тілінде беріледі. Ал, кейбір өнім өндірушілер  қазақ тілді тұтынушының туған тілін жазуды мүлдем ұмыт қалдырады, бәлкім, арнайы жазбайды да. Ал, жазылған күннің өзінде сөйлемнің ішінде кемі бір қате табылады және орысшадан тікелей аударылған  сөздер бір-бірімен еш үйлеспейді. Сондықтан, қанша оқысаң да түсіне алмайсың.

Кейде орны ауысып қолданылған бір әріптің де кесірі тиіп  жатады. Жай бір тыныс белгісі не бір әріп дерсіз, бірақ орнымен қолданылмаса, үлкен қатеге алып барады. Мәселен, қаланың әр аттам жерінде орналасқан көлік жөндеу орындарының сыртында орысша «Ремонт автомобилей» деп тұрса, қазақша «Автомобильдер жөндеу» деп тұрады. Ал, дұрысы «Автокөлік жөндеу» болуы керек еді.

Тағы бір қателік «очки» сөзінің көзілдірік емес, ұпайлар деп аударылуы. Бұндай көзге түртпектей тиетін сақау жарнама мен һәм сауатсыз аудармалар  талай мәрте қозғалған тақырыпқа айналды деуге де болады. Кей пысықайлар қазақ тілінің қадірін қашырып, келеке қылуды доғарар емес.

Алғаш студент болып қалаға келгенімде жатахананың қасындағы «Көлік жуу» дегеннің алғашқы «К» дыбысы түсіп қалып біраз уақыт солай тұрғанын көзім көрген. Ал, ол сөздің қалай өзгеріп кеткенін өздеріңіз бағамдай беріңіздер...Сонда аңғалдығым, өлік жуатын жерде болады екен ғой деп те ойлағаным рас. Ол ол ма? Жақын арада «балкондар мен лоджияларды жылжыту және әрлеу, өз ісінің шекелеріне сенім артыңыз!» деген сөздерге де көзім түсті. Кәне, ұғып көр.

Қалай десек те, тәуелсіз қазақ елінің ана тілі әлі де өрескел тілдік қателердің қамытынан босай алмай тұр. Осы орайда, «Қатесі болса қайтеді, мінсіз адам жоқ қой» деп білгішсінетіндер де табылады. Рас мінсіз адам жоқ, бірақ мінсіз сөз жазылуы керек. Бұл –Заң. Бір дыбыс өзгерсе, сөз өзгереді. Сөз өзгеріске ұшыраса, сөйлем бұрмаланады. Ал, сөйлем ойды, ой бүкіл сананы бұрмалауы мүмкін.

Ұлт руханиятының  өміршеңдігін, мемлекетінің мәңгілік елдігін ойлайтын жұрт ең әуелі ана тілінің мәртебесіне мән берсе керек-ті. «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айып кеткендей, ана тіліміздің тынысын кеңейту еліміздің жайқалып өсуіне тікелей әсерін тигізбек. Қорытындылай келе, тіл тазалығы – маңызды мәселе екенін ескеріп, өз ана тілімізді өзіміз ғана биікке көтере алатынымызды еске салғым келеді.

Сымбат ҚАЙРАТҚЫЗЫ

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar