Кәсіби журналист Омарбек Байуақов ұйымдастырған «ТВК-6» телекомпаниясы бүкіл Қазақстан бойынша ақпарат кеңістігінде мемлекеттік емес, яки еркін, дербес деп танылған алғашқы қарлығаш болып табылады. Сондықтан оның қызметтері қарапайым халықтың тілегіне етене, қалауына жақын болуымен ерекшеленеді. Міне, отыз жыл бойы аталмыш компания билік пен халық арасын алтын көпір болып жалғастырып келеді. Сондай-ақ, ұлттың үні, оның мүддесінің жаршысы болу мақсатынан да сынық сүйем айныған емес. Айта кетер бір жайт, алғаш рет осы компанияда тәжірибе жинақтаған жүздеген газет тілшілері мен тележурналистер Отанымыз Қазақстанның барлық өңірлерінде абыройлы қызмет атқаруда. Мекеменің «кадрлер ұстаханасы» болғаны талассыз ақиқат. Мұны мақтанышпен айтып отырмыз.
«ТВК-6» компаниясы төрт құрылымнан тұрады. Олар: «Ертіс өңірі», «Спектр» газеттері мен телевизия және баспахана орталығы.
«Ертіс өңірі» газеті. Кезінде бұл басылымды журналист Кеңесқазы Башеев ұйымдастырған болатын. Сонан бері, міне, жиырма жылдан астам уақыт газет ұжымы Ахмет Байтұрсынұлы іргесін қалаған «Қазақ» газетінің бүгінгі заманғы жалғасы һәм мирасқоры болып келеді. Бүгінгі таңда жас та болса, газет редакторының қызметін Гүлім Заманбекқызы атқарса, тілші Асан Омаров еңбек етеді. Осы газеттің әр бетіне асқан жауапкершілікпен қарап, суреттердің сапалы болуын қадағалап отыратын талантты дизайнер Айнұр Дүйсенғазықызы мен тәжірибелі корректор Перизат Кәукенқызы қызмет атқаруда.
«Спектр» газеті. Бұл Семей қаласындағы ең танымал басылымдардың бірі. Дәлелге таралымы жағынан бірінші орында екенін айтсақ та жеткілікті болар. Бүгінгі күнгі газет редакторы қызметін Әсел Күнтуғанқызы атқаруда.
Сөз соңы, Алаш қайраткерлерінің «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де мықты» деген ұстанымы әлі де өзекті. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» демекші, халыққа қызмет еткен, оқиғалар туралы шындық ақпаратты жедел жеткізген журналист қызметі қашанда мәртебелі.
Құрметті әріптестер! Қаламдарыңыздан қасиет кетпей, тәуелсіздік туын биік көтеріп, табыстан табысқа жете беріңіздер!
Өз тілшіміз