”Қолда бар алтынның қадірі жоқ”, - демекші, кезінде мектептен қашқысы келетін жас жеткіншек оқушыларға, қазір сол офлайн оқу форматы арман болғаны бір қызық.
Жаңа оқу форматына көшкенде қаншама қиындықтар орын алды. Әрине, біз сияқты заман ағымына сай технологияларды меңгерген жастарға аса қиын болмас. Кішкентай бастауыш сыныптағы балаларға күрделі жүйе екені анық. Соның әсерінен де ата-ананың баласына уақыт бөлуі де көбейді. Мұғалім мен оқушының да байланысы жиіледі. Қаладағы, аудандағы, яғни, интернет желісі жетілген жерлерде онлайн оқу айтарлықтай мәселе болмайды.
Ал ғаламтор желісі мүлдем жоқ ауылдағы ағайынның жағдайын естіп, өкінгеннен басқа амал жоқ. Оқимын деген талабы мен шалғайда шатыр үстіне шығып, тау бөктерін жағалап оқып жатқандары да жетерлік. Қазір күз мезгілінде амалдауға болар. Алдымызда қылышын сүйретіп кәрі қыс келе жатыр. Ол кездегі оқу қалай болмақ? Бұл мәселені кімдер шешпек?
Бізде, Қазақстанда мынандай үрдіс қалыптасып келеді. Ел ішінде қандай да бір мәселе туындаса, қарапайым халық өз күшімен шешуге тырысады. Мысалы, мешіт салайық дедік,ол да халықтың қаражатымен игеріледі. Жағдайы жоқтарға көмектесетін де – халық. Тіпті, өткенде қауіпті індетпен ауырып жатқан адамдарға да тыныс алу аппараттарын сатып алып берген қарапайым халық болатын. Осындай өмір құбылыстарын көргенде «билік бізге не үшін керек?» деген ой туады...
Осындай кереғар (бәлкім дәрменсіздік) көзқарасты қалыптастыратын жағдайларға куә болғанда «Мүмкін осы интернет желісін де халық өздері тарттырып алмаса игі» деген мысқыл да еріксіз мазалайды екен.
Тоқетерін айтқанда, қазіргі уақытта жастарымыз сапалы білім алу үшін, осы бір жыр болған мәселені шенді-шекпендегілер түйінін тауып шешсе дейміз.
Дегенмен, қашықтықтан оқудың ұтымдылығы да бар. Ең алдымен уақыттан ұтатынымыз қуантады. Біз сияқты студенттер таңертеңнен түске дейін оқу оқып, түстен кейін қалаулары бойынша арнайы үйірмелерге барса, бірі басқа да маңызды жұмыстарын бітіруге асығады. Кешкісін келіп, үй тапсырмасын орындауға да уақыт табылады. Шығармашылық қабілетті дамытуға үлкен мүмкіндік бар. Оқытушы мен студент вебинар режимі арқылы тікелей байланысқа шыға алады. Сол кезде керекті сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алуға да мүмкіндік туады. Ал тікелей байланысқа шыға алмаған студент оқытушының дәрістерін таспаға жазылған күйінде, кез келген ыңғайлы уақытта тыңдай алады. Онлайн режимде оқу - маманның жоғары біліктілігін арттыру үшін және екінші жоғары білім алу үшін қолайлы әдіс. Берген білімді толық меңгеру үшін, оқытушы берген тапсырмаларға жауапкершілікпен қарап,өз бетінше оқуға дағдылану керек. Басымызға берген бұл сынақтан да өтерміз. Студенттің аудиторияға оралатын да, оқушының алтын ұя мектебіне баратын күнге де жетерміз. Тек шыдамдылықты жоғалтып алмасақ болғаны. Өйткені, ол – барлық есіктердің ашылуының соңғы кілті.
Ернұр ДҮЙСЕНҒАЗЫ