USD524.65EUR552.19RUB5.14

«Абай күні» автобус жүргізушілері ереуілге шықты

14 тамыз 2020, 10:15
Семейліктер ел бойынша «Абай күні» деп белгіленген 10 тамызды «тосын сыймен» қарсы алды. Онсыз да сенбі, жексенбі күндері тоқтап қалатын қоғамдық көліктердің аптаның алғашқы күнінде тасымалға мүлде шықпауы жұрт наразылығына тағы да түрткі болды. Бұған дейін карантин талабының желеуімен демалыс және мереке күндері Семейде автобус жүрмейтіндігіне еріксіз көндіккен жұрт дәл осы атаулы датада «Жаяу Мұсаның» кебін киетінін күтпеген болатын.
«Абай күні» автобус жүргізушілері ереуілге шықты

Бір байқалғаны – жолаушылар тасымалына 1, 36, 29, 26, 18 бағыттардағы «Таксомоторный парк» ЖШС-іне тиесілі шағын автобустар ғана бірлі-жарымдап жүрді. Ал, Семей әкімдігінің қолдауымен құрылған «Semey BUS» автопаркіне қарасты су жаңа үлкен класты жасыл автобустар мүлдем шыққан жоқ. Бұған дейінгі апта күндерінде таңғы 7-ден сағат 10-11-ге дейін жүріп, артынша сағат 16.00-ге дейінгі үзілістен 19-30-ға дейін ғана қатынайтыны да халықты қажытып жібергені шындық.

Ал, Абайдың туған күні ретінде белгіленген 10 тамыз күні ақынның туған қаласында жұрттың не жұмысына жете алмай, не қажеттті шаруасын шешуге қалаған жеріне бара алмағаны үлкен соққы болды. Бұл тұрғыда Семей шенеуніктердің автобус проблемасын шешуге әлі күнге дейін дәрменсіз екені анық көрінді. Тіпті, автобустардың сенбі, жексенбіде тоқтатылуын карантин кезіндегі сақтық шараларымен байланыстыратын айласына да енді жұрт сенбейтін болды. Себебі, «Semey bus» ЖШС-нің  автобус жүргізушілері жалақыларын уақытында ала алмай жүретіндігі, одан қалса жөнді-жөнсіз ақысыз демалысқа кетуге мәжбүр болатындығы ақыры осындай түйткілді мәселені қалыптастырып отыр.

-Алғашында карантин кезінде біздің күндік ақымызға «Semey bus» басшылығы 8 мың теңгеден төленетіндігін айтып сендірген. Алайда, онысы 4500 теңге болып есептеліп, он күн жүрсек, 45 мың теңге ғана жалақы шықты. Одан 6 мың теңге шамасында зейнетақы қорына аударатын болып, тағы ұсталады. Сонда біз ауысым арқылы он күн жүрсек 39 мың теңге ғана аламыз. 20 күнге шыдағандардыкі 78 мың теңге. Зейнеақы қорымызға кейінгі айларда мүлдем қаражат түспегенін анықтап отырмыз. Сонда мұндай қанаушылыққа қашанғы шыдауымыз керек?!-дейді №4 автобус жүргізушісі Дәулетқазы Мұхамедов.

   Карантин кезінде әртүрлі желеумен жүргізушімен бірге шығатын кондукторлардың қысқартыла бастағаны да аталған парк жұмысшыларының наразылығын тудырған жайы бар. Қала әкімі ашулы автопарк жүргізушілерінің аптығын басып, сабырға шақыруға тырысқанымен, онысына ешкім сене қойған жоқ. Өзінің еңбек құқығын даулағаны үшін жұмыстан қуылғанын ашына айтқан әйел алдына келген қала басшысы он күн үшінде жағдайды реттеуге мұрсат сұрауға мәжбүр болды. Алайда, жалақыға жарымаған автобус жүргізушілері үш күннен артыққа төзе алмайтындықтарын жасыцрған жоқ.

  Жалпы, өткен жылдың соңына дейін қала ішінде 52 бағыт бойынша әртүрлі типтегі қоғамдық көліктер жүретін. Жасыл түсті жаңа автобустар сатып әкелінгенін айтқан әкімдік «автобус реформасын» жүргізіп шағын газельдер мен үлкен ескі автобустарды қолданыстан шығарғанымен қоймай, 10 бағытты алып тастады. Есесіне, бір ғана Шығыс кентінен 17,52, 53,31 шағын автобустардың бағытын қатынау желісінен қиып тастағаны кент халқына ауыр тиді. Қазір Шығыс кентінің әр жерінде тәулік сайын автобус күткен жұрттан көз сүрінеді. 20,35, 56 бағыттағы жасыл автобустарға күні түсетін Шығыс кенті тұрғындары бұл күні жалғыз 29 бағыттың жалына жармасып, жанталасқа түсті. Ал, мұндай ахуалда санитарлық талап туралы айтудың өзі артық екені түсінікті.  

-Біз тұратын Бобровка кентіндегі автобустан 40-ты алып тастағаны дұрыс болмады. 9 бағытты Мұрат саяжайларына дейін ұзартқан болды. Оның өзі дұрыс жүрмейді. Үшеуі ғана келеді бізге дейін. Қалған үшеуі Бобровкадан бері шығуға ерініп, кері қайтып кетеді. Жаяу жалпылап, карантин кезінде қатты қиналдық. Әйелім көршілермен 300 теңгеден бірігіп, төрт адам жұмыстарына кетті. Қалаға жету үшін үш аялдама қашық жердегі «Саида» дүкеніне дейін жаяу барамыз. Сағаттап уақытымыз күтумен өтеді. Тіпті, кейде келмей қояды,-дейді қала шетіндегі Мұрат саяжайының тұрғыны Дулат Семейғазыұлы.

  Қалай десек те Семей әкімдігінің автобус қатынасына енгізген өзгерісі халық наразылығын өршітпесе, ойынан шықпай отырғаны анық. Қала басшысы Ермак Бидахметұлы мәселені реттеуге тырысатын сыңай танытқанымен, сараптап қарайтын мәселе түйткілдерін шешу оңайға түспейді. Бұған дейін парк басшылығы автобустардың тұрақты жүруін қамтамасыз етуге кететін шығынды жолақының қазіргі 80 теңгелік құны ақтамайтындығын айтып та дабыл қаққан болатын. Ол кезде қоғамдық көлік қожайындары жолақыны 140 теңгеге дейін көтеруді ұсынған болатын. Алайда, жолақы картасы болмаған жағдайда ғана өз қалтасынан 140 теңге шығаратын семейліктер үшін бұл тариф ақылға қонбайды. Сонымен, автопарк жүргізушілері мен әкімдік шенеуніктері арасындағы текетірес «Абай күні» датасының да тарихи мәнін ұмыттырып жібергендей болды.

Сәтжан Қасымжанұлы

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar