USD514.65EUR544.6RUB5.17

Тәуелсіз елдің төл тарихын өз қолымен жасаған тегеурінді тұлға.

03 шілде 2020, 09:16
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев туралы інілік құрметпен, қазақы жарасымдылықпен жазылған «Тарихи тұлға тағылымы» атты мақаласын тебіреніспен оқып таныстым. Осы орайда, тәуелсіздікті нығайту, мемлекет болып қалыптасу жолындағы Елбасының көрегенді саясатын өңірлік деңгейде іске асыруға өзіндік үлесін қосқан азаматтардың бірі ретінде, қолыма қалам алып өз пікірімді білдіруді жөн көрдім.
Тәуелсіз елдің төл тарихын өз қолымен жасаған тегеурінді тұлға.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Елбасының Қазақстанды мемлекет етіп қалыптастырудағы жанкешті еңбегі мен ерен ерлігін «Ол – тәуелсіз елдің төл тарихын өз қолымен жасаған тегеурінді тұлға» деп бағалайды. Бұл шынайы халық бағасы екені даусыз.

Мақаланы оқып отырып, өткен отыз жыл көлеміндегі тарихымызды қайталап өтіп, қайтадан бастан кешкендей күйде болдым.

Иә, азуын айға білеген, мәңгілік мызғымастай көрінген Кеңестер Одағы әп-сәтте ыдырап, славян жұрты өз алдына ұйым құрамыз деп уағдаласқан, басқа одақтас республикалар тағдыры тарих таразысына түскен тұста, халқымыздың бағына туған Нұрсұлтандай кемеңгеріміздің ел тізгінін қолына алғаны, қиын-қыстау шақтан елін аман алып шыққаны тәуелсіздік шежіресіне алтын әріптермен қашалғаны анық.

«Ұлылар өз ескерткіштерін өздері соғады», дейді ғұламалар. Нұрсұлтан Назарбаев алмағайып заман туған шақта, халқын ұлы мұраттар жолына біріктірген Көшбасшы, тәуелсіз мемлекет құрып қана қоймай, төрткүл дүние мойындаған іргелі ел етуде көзсіз ерліктерге барған шынайы ұлт қайраткері.

Елбасының Тәуелсіз елдің төл тарихындағы ғана емес, әлемдік деңгейдегі тағылымды орнын риясыз көңіл, жылы ықыласпен жеткізе білген, ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлына үлкен ризашылық білдіремін.

«Мың өліп, мың тірілген» қазақ елінің басынан не өтпеген. Біз сан ғасыр бабалар армандаған заманды көрген бақытты ұрпақпыз. Өткенін түгендеп, өшкенін жаққан, ұлттық санасын жаңғыртқан берекелі елміз. Қиын шақта тарих саханасына Нұрсұлтандай кемеңгерін шығарған жасампаз ұлтпыз. Бүгінгі таңда Елбасының саясатын сабақтастықпен жалғастырған Қасым-Жомарт Кемелұлындай парасатты басшы берген берекелі жұртпыз. Тәубә дейік.

Бүгінгі күні өмір асуларының 80 жастай асқақ асуын алған, ерік-жігері мықты, күш-қайраты мол Елбасымызға ұзақ та баянды ғұмыр тілей отырып, ел игілігі, ұрпақ болашағы жолындағы еңбегіңіздің жемісін көре беріңіз деген жүрекжарды пейілімді жеткіземін.

Бүкіл әлемді «атын атамас» індет жайлап, оның Қазақстанды да айналып өтпегенін тікелей сезінген тұста, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» берекемізді көрсетейік, бірлігімізді танытайық ағайын.

Мұхтарханов Әнуарбек Мұхтарханұлы

Шығыс Қазақстан облыстық маслихатының депутаты.

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar