USD474.83EUR515.38RUB5.5

COVID-19:Семейде қауіпті ошақтар көбейді

17 маусым 2020, 14:45
Семейде соңғы апта ішінде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар санының артуы алаңдатпасқа қоймайтын жайтқа айналды. Жергілікті атқарушы билік сақтық шараларына шақырып, жұрт арасында үгіт-насихатты тынбай жүргізіп жатқанымен, шығып жатқан нәтиже шамалы. Қоғамдық көліктерде де, көшеде де басты талап- масканы киіп жүрудің өзіне салғырт қарайтындардың қарасы көп.
COVID-19:Семейде қауіпті ошақтар көбейді

    Ал, мақтан тұтатын жерлесіміз, қазақ күресінен 4 дүркін Әлем чемпионы, «Әлем барысы» атанған әйгілі палуан Айбек Нұғымаров та осы індеттің жұқтырғанын айтып, арнайы мәлімдеме жасағанда семейліктердің дені абдырап қалғаны шындық. Яғни, кесел адам таңдамайды. Сонымен қатар электротехникалық колледж директоры Азат Сарпековтің де коронавирусты жұқтырып алғаны мәлім болды. Мұны айтпаған күннің өзінде Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің қауіпті кеселдің қармағына түскені тағы бар.

    «Әлем барысы» Айбек Нұғымаров ауруханаға жатқызылғанын жасырмастан, бір аптадан кейін видеомәлімдеме жолдағаны да қала тұрғындарының арасында тез тарады. 

-Басында іштей біз де сенбей жүретінбіз. Өтірік сияқөты көрініп, саясат па? дегендей.. Ақша беріп жатқызып жатыр дегендер де бар. Оның бәрі өтірік. Енді, міне, қаламыздағы инфекциялық ауруханада жатырмын. Бұл індет бізді де айналып өтпеді. Қазіргі кезде кімнен, қалай жұққанын біле алмай отырмын. Бірақ та осы сақтану шараларын қолданбағанның кесірінен болды,-деп шарасыздығын мойындаған Айбек палуан «әлдебір адамдарға жолыққан» жағдайлар болғанын да айтып мұңын шақты.

    Басқасы басқа дүние жүзіне аты мәлім жерлесіміздің коронавирус індетіне шалдыққаны, арнайы мәлімдеме жасауға мәжбүр болғаны да елге ортақ қауіптің беті қайтар түрі жоқтығын одан сайын әйгілеп бергендей болды.  Десек те карантиндік режимнің алынып тасталуы қазір қала халқының бетімен кетуіне жол ашқанын ешкім жоққа шығара алмасы анық. Шығыс Қазақстан облысы бойынша індет жұқтырғандардың 70 пайызын семейліктер «еншілегені» мақтаныш етер жәйт емес, әрине. Осыған орай, қалалық жедел штаб мүшесі, медициналық мәселелер жөніндегі үйлестіруші Найля Әлменева қала тұрғындарына әлеуметтік желі арқылы өзінің бейне үндеуін жолдағанда да үрейлі деректердлі ортаға салды. Осыдан бірер күн бұрынғы мәлімдемесінде Н. Әлменева облыста тіркелген коронавирустың 18 жаңа жағдайының 9-ы Семейде  анықталғанын хабарлаған еді. Оның 8-і ересек, біреуі 4 жасар бала екендігі айтылған. Тіпті, олардың ішінде 2 полиция қызметкері, 2 медбике, 3 жеке және мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлері, біреуі жұмыссыз адам екенін де жасырмаған. «Аталған 9 жағдай бойынша 16 инфекция ошағы белгіленіп, қарым-қатынаста болған 100-ге жуық тұрғындар анықталды», - деген болатын жедел штаб мүшесі Н.Әлменева. Оның айтуынша, вирусты жұқтырғандардың  жартысы қоғамдық көлікті тұрақты пайдаланып, жиі сауда базарлары мен супермаркеттерге барып жүрген.    Жалпы, қала кәсіпорындарында жаппай індет жұқтыру жағдайларының тіркелгені де қаладағы ахуалдың мәз еемстігін аңғартады. Мысалы, Семей қаласының тері-венерологиялық диспансерінде 37 жағдай, “Казполиграф” ЖШС қызметкерлері арасында  27 жағдай, сондай-ақ қарым-қатынас байланысында болған 15 жағдай тіркелген.

 

Вирустан 5 адам қайтыс болды

Ал, күні кеше Семей қалалық әкімдігінің «Фейсбук» әлеуметтік желісінде қалалық жедел штаб мүшесі Н. Әлменева соңғы мәліметтер барысынан хабардар еткенде бес адамның коронавирустан қайтыс болғанын жария етті.

«16 маусым күнгі мәліметке орай Семей қаласында коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастар саны 176 адам. Бүгінгі күнге екі жаңа жағдай тіркелді. Олар «Востчный» кентінде тұратын бір үйдің 5 және 15 жастағы балалары. Олар бұрын ауырған науқаспен байланыста болғандар.
Бұл аумақтан жалпы 24 инфекция жұқтыру дерегі тіркелген. Ең көп тіркелген аумақ Цементшілер кенті – 30 жағдай. «Жаңа құрылыс» аумағында – 22, Орталық базар – 17 жағдай, қала орталығында – 16, Теміржол вокзалы мен Затон елді мекенінде 15 және 11 жағдайдан тіркелген» делінген жедел штаб мүшесінің хабарламасында.
Қазіргі күнде жұқпалы стационарда 48 науқас емделуде, 3 ауыр хәлде, 2 науқастың жағдайы жақсарды. Өкінішке қарай, дүйсенбіден сейсенбіге қараған түнде 62 жастағы  азаматтың келмеске аттанып кете барғаны белгілі болып отыр. Бұл Семейде коронавирустан 5-ші адамның қайтыс болғанын көрсетеді.

Жалпы, облыс бойынша 151 инфекция ошағы бақылауға алынған, 1500 -ден аса адам оқшауланған. Оның 26-сы карантиндік стационарға жатқызылып, 1486-сы үй карантиніне жіберілді. Шығыс Қазақстан облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған 3 адам ауру белгілерімен анықталды.
     Облыс әкімі Даниал Ахметов жақында Семей қаласының кәсіпкерлерімен өткізген онлайн режимінде COVID-19 инфекциясының өршуіне байланысты жергілікті атқарушы биліктің жұмысын да сынға алған болатын.

Жиналған кәсіпкерлер аймақтың бас санитарлық дәрігерінің шектеу шараларын күшейту туралы қаулысына қатысты пікірлерін айтып, бизнес нысандарының алдағы уақыттағы жұмыс барысын белгіледі.  

   – Ең қиын жағдай Семей қаласында. Мұнда тұрғындардың вирусты жаппай жұқтыру деңгейі күн санап көбеюде. Осыған дейін атап өткенімдей, бұған себеп, ең бірінші, жауапты органдардың өз ісіне салғырт қарауы, бақылаудың жоқтығы, сондай-ақ, тұрғындардың тәртіпті сақтамауы. Қарапайым ережелердің өзін өрескел бұзып отыр, –  деді өңір басшысы Даниал Кенжетайұлы.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

24 шілде 2024, 18:41
19 шілде 2024, 23:40
ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar