Нақты айтқанда, 22 сәуірде аталған адамдардың барлығы отбасылық іс-шара ұйымдастырып, туған күн мерекесін атап өткен. Бір апта өткенде барып осы шараға қатысқан 8 адамның жетеуінен коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталып отыр.
Ал, мамырдың үші күні Семейде COVID-19-дың тағы 3 фактісі расталды. Олардың екеуі 2003 және 2012 жылғы балалар және олардың анасы болып шықты. Қауіпті вирус анықталған келіншек 38жаста.
«2-мамыр күні отбасы мүшелері дене қызуы көтеріліп, денсаулық жағдайы нашарлаған соң учаскелік дәрігерді үйіне шақырады. Алгоритмге сәйкес, дереу коронавирусқа тексеру жүргізілді. 3 мамырда шыққан талдау нәтижесі оң қорытынды көрсетті. Қазіргі уақытта науқастар инфекциялық стационарға оқшауланды. Жағдайлары орташа дәрежедегі ауырлықта. Облыс аумағынан және шет мемлекеттерге шықпаған» деп көрсетілген ШҚО әкімінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Ал, күні кеше Семей қалалық әкімдігі тағы бір тосын жағдайдың анықталғанын растады. Яғни, қала компанияларының бірінде такси және азық-түлік жеткізу қызметімен айналысқан қала тұрғынынан коронавирус инфекциясы табылған. Қазір бұл азаматпен байланыста болған барлық тұлғалар анықталған жайы бар. Бекітілген алгоритмға сәйкес тиісті тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Орын алған жағдайға байланысты сақтық шараларын күшейтуді көздеген қала басшылығы телефон арқылы тапсырыс беру кезінде, тасымалдаушы адамның індетке қарсы тесттен өткендігі туралы анықтаманың бар екендігіне көз жеткізуін сұрайды. Оның өзінде тапсырысты қолма-қол ақшамен емес, карта арқылы есеп айырысуға шақырып отыр.
Семей қаласында коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайларының өсуіне байланысты, төтенше жағдай режимін және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау бойынша шаралар күшейтілді.
Жалпы облыс бойынша бүгінгі күнде КВИ жағдайының көрсеткіші 30-ға жетті, оның 3-уі сырттан әкелінген. Аумақтық таралуы бойынша 7 жағдай Өскемен қаласына, 20 жағдай Семей қаласына, 1 жағдайдан Абай, Глубокое және Тарбағатай аудандарына тиесілі. Осыған орай облыс әкімі Даниал Ахметов алаңдаушылық білдіретінін әлеуметтік желідегі парақшасында жария етті.
«Олардың (вирус жұқтырғандардың-авт) 19-ы Семейде анықталып отыр. Бұл жалпы есептің шамамен 65%. Мені ерекше алаңдатып отырғаны, Семей қаласында соңғы 10 күнде коронавирус инфекциясының артуы. Бүгін менің тапсырмам бойынша өңірге орынбасарым Әлішер Мархабат бастаған арнайы комиссия келді. Олар полиция Департаментімен бірге және облыстың өзге де тиісті органдарымен қалалық жедел әрекет ету штабының қызметін тексереді» деп мәлімдеді Д. Ахметов.
⠀